"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет": Жекеменшік білім беру саласын не күтіп тұр?

6676

Жекеменшік балабақшалар әр бала үшін мемлекеттен ақша алып жатыр.  

"Төтенше жағдай режимі: бизнес және мемлекет": Жекеменшік білім беру саласын не күтіп тұр?

 

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ATAMEKEN BUSINESS телеарнасының онлайн режимде өткізген телемарафонында Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдаулет Ибраимов жекеменшік балабақшалар төтенше жағдайдың зардабын тартып жатқанын жариялады. 

"Облыс аумағында 70 жекеменшік балабақша бар. Оның 60-ы Орал қаласында, 10-ы аудандарда орналасқан. Төтенше жағдайға дейін балабақшалар қалыпты жағдайда жұмыс істеді. Қиындық карантин енгізілгеннен кейін басталды. Жекеменшік балабақша иелері несиелерін төлей алмай қиналды. Үкімет несие төлеу мерзімін кейінге қалдырған кезде мәселе күн тәртібінен алынды. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік балабақшаларды субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлінеді. Кәсіпкерлер бұл ақша шығынды өтеуге жетпейді деп отыр", – деді Бақдаулет Ибраимов.

Өз кезегінде Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы Қызылорда облыстық бөлімшесінің директоры Наталья Мишукова Жаңақорған, Жалағаш аудандарының әкімдіктері жекеменшік балабақшаларға қолдау көрсетпейтіндерін мәлімдегенін жеткізді.

"Қазір жекеменшік балабақшалар тығырықтан шығу жолын қарастырып жатыр. Бұдан бөлек жекеменшік балабақшалар мен білім беру орталығы ретінде жұмыс істеп тұрған ғимараттардың жалға алу ақысын төлеу мүмкіндігінің шектелуі мәселе туғызды. Жалға берушілер жалдау ақысының 30%-ын  ғана алуға келісім берді. Бірақ осының өзі жалға алушыларды қиындыққа тап қылды. Себебі қазір олар мүлде табыс тауып жатқан жоқ. Бізге барлық қызметкерді еңбек демалысына жіберіңіздер деп жатыр. Ал "Педагог  мәртебесі" туралы жаңа заңға сәйкес, еңбек демалысының ақысы 56 күнге төленуі керек. Кірістің болмауына байланысты біз мемлекеттік тапсырыстан түскен қаражатпен ақылы демалыстың төлемін толық өтей алмаймыз. Амалымыз таусылған соң, екінші деңгейлі банктерден жылдық 8% мөлшерлемемен несие рәсімдегіміз келді. Банкке барып едік, олар өздеріне мұндай тапсырма түспегенін айтты. Бір сөзбен айтқанда өңірлерде Президенттің тапсырмасы орындалып жатқан жоқ" – деді директор.

Ал Алматы облысының мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қауымдастығының директоры Күләнда Батырбекова Алматы облысында 60 жекеменшік балабақша мемлекеттің бақылауынсыз, мемлекеттік тапсырыссыз, өз бетінше жұмыс істеп жатқанын мәселе етіп көтерді. 

Бұған "Атамекен ҰКП департамент сарапшысы Айнұр Ыбыжанова мемлекеттік тапсырысқа өтінім бермеген жекеменшік балабақшалар субсидия алмайды деген мағынада жауап берді. Оның сөзінше, ел билігі қазіргідей қолдау шараларын жүзеге асырмағанда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің иелері тығырыққа тірелетін еді. Жекеменшік балабақшалардың қызметі тоқтап тұрғанмен, оларға берілетін мемлекеттік тапсырыс тоқтаған жоқ. Яғни жекеменшік балабақшалар әр бала үшін мемлекеттен ақша алып жатыр. 

 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу