Президенттің кеңесшісі қашықтықтан оқыту туралы не айтты?

4274

Еліміздің 71 жоғары оқу орны қашықтықтан білім береді. 

Президенттің кеңесшісі қашықтықтан оқыту туралы не айтты?

Қашықтан білім алып, емтихан тапсырып, маман иесі атануға және жұмысқа орналасуға болады. Үйде отырып балалармен бірге сабақ қарау да заман талабына сай білім берудің жемісі. Басқаларды қайдам, халқымыздың басым бөлігі мұны карантин кезінде тез түсінді. Бұған дейін қашықтан білім алудан бейхабар болған немесе оған атүсті қараған жандар жеме-жемге келгенде дәстүрлі емес білім беру жүйесінің қыр-сырын меңгеруге шындап кірісті.

Технологияның тілін мүлде түсінбейтіндер мен техникамен "Сіз" деп сөйлесетіндер қажеттілік туған кезде түрлі платформалар мен бағдарламаларды тауып, танып, қолданып көрді. Осылайша дәстүрлі білім беру жүйесінің баламасы бар екенін ұқты.

Қазір еліміздің жоғары оқу орындары мен орта білім беру мекемелері оқу үдерісін  қашықтан білім беру жүйесімен жүргізіп жатыр. Алғашқысы жаңа жүйеге 2000жылдардың басында, соңғысы биыл сәуір айында көшті.

Бүгінде еліміздегі 130 жоғары оқу орнының 71-де қашықтан оқыту технологиясы қолданылады. Бұл технология күндізгі бөлімде білім алуды

онлайн меңгеруге мүмкіндік береді. Алайда мұны сырттай оқыту жүйесімен шатастырмау керек.

Естеріңізде болса, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап сырттай оқыту тоқтатылды. Білім және ғылым министрлігі білім берудің дәл осы форматынан  бас тартуға сырттай білім алатындардың оқу бағдарламасын толық игере алмайтыны себеп болғанын алға тартты. Ал сарапшылар мәселе оқу бағдарламасын игере алмағанда емес, қаржыда деген уәж келтірді. Олар күндізгі оқуға қарағанда сырттай оқу арзан екенін, яғни сырттай білім алушылардан жоғары оқу орнына аз табыс түсетінін айтты.

Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, техникалық, кәсіптік бағытта қысқартылған білім бағдарламасымен оқып жатқан білім алушылар, "Болашақ"  бағдарламасынан басқа студент алмасу бағдарламалары бойынша шетелде оқып жатқан жастар, бала күтімімен үйде отырған әйелдер, ауыл тұрғындары, екі айдан астам уақыт іссапарда болатын жоғары оқу орындарының студенттері, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқып жатқан студенттер мен оқытушылар және бас бостандығынан айрылған адамдар қашықтан оқи алады. Ал мектеп оқушыларына мұндай мүмкіндік берілмеген. Бұған заң бойынша шектеу қойылған.

Қашықтан оқыту технологиясы бойынша хореограф, аспап орындаушысы, құрылысшы, ветеринар, әскерилер, денсаулық сақтау қызметкерлері, авиациялық техника және технология сонымен қатар теңіз техникасы және технологиясы мамандары даярланбайды.

Қашықтан оқу үшін 25 шілде мен 20 тамыз аралығында жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына барып, мамандық таңдап, құжат өткізу қажет.

Қашықтан білім алушының онлайн, офлайн оқу құқы бар. Ұстаз бен шәкірттің онлайн кездесіп отыруы шарт емес. Сынақ пен жазбаша жұмыс академиялық күнтізбеге сай тапсырылса жетіп жатыр. Бір оқу жылының жүктемесі 60 академиялық кредит немесе 1 800 академиялық сағатты құрайды. Бір семестрде студент 30 академиялық кредитті игеруі керек. Осы уақыт аралығында білім алушының ізденуіне, білімін өздігінше жетілдіруіне мүмкіндік беріледі. Ізденуші мүмкіндігін онлайн пайдалана ма, офлайн пайдалана ма, өзі біледі.

Қашықтан білім алу жұмыс істейтін студенттерге қолайлы. Ең бастысы үй жұмысын дер кезінде орындап, емтиханды уақытында тапсырып отыру керек. Қашықтан оқу екінші жоғары білім алғысы келетін азаматтар мен болашақ магистрлерге де тиімді. Оқудың бұл түрі ізденушіден қатқан тәртіпті талап етеді. Тәртіпсіз қашықтан алған білімнің нәтижесі болмайды.

Қашықтан оқу – ақылы. Білім алудың бұл түріне мемлекеттік грант тағайындалмайды. Атап өтерлігі, жоғарғы оқы орнында қашықтан оқу – университетке мүлде ат ізін салмау деген сөз емес. Әлемнің қай қиырында жүріп, қашықтан білім алсаңыз да, емтихан тапсыруға оқу орныңызға келуге міндеттісіз.

Қашықтан білім берудің онлайн (синхрондық),  оффлайн (асинхрондық) және  вебинар сынды 3 түрлі формасы бар.

Онлайн режимде білім алатын ізденушілер нақты уақыт жағдайында мұғаліммен қашықтан интернет платформалардың көмегімен дәріс тыңдайды.

Офлайн режимде оқитын адамдар тапсырманы электронды пошта арқылы алып, жауабын мұғалімге жолдап отырады. Ал вебинар интернет желісінің көмегі арқылы семинар немесе тренинг түрінде өтеді.

Осы технология бойынша оқу ұйымдастырып, интернет арқылы барлық компьютерді бір желіге біріктіріп сабақ беретін адамды тьютор деп атайды. Бұл – ұстаз деген сөздің бейресми атауы.

Қашықтан оқытудың білім жүйесіндегі басты мақсаты – білім берудің біртұтас ақпараттық жүйесін құру.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ академиялық мәселелер департаментінің директоры Шамен Палымбетовтың айтуынша, жоғарғы оқу орны төтенше жағдай енгізілгенге дейін де қашықтан оқыту технологиясын қолданған.

"Қашықтан оқытуға түбегейлі көшпесек те, бұған дейін Рlatonus платформасын пайдаланып жүрдік. Онда ізденушілердің сабақ кестесі, рейтингі тұратын. Қазір оқытушылар тапсырманы да осы жерге жүктейді.

Студенттер Microsoft Teams,  Zoom бағдарламалары арқылы қашықтан білім алып жатыр. Қуантарлығы, оқытушылар мен студенттер дәстүрлі емес оқыту жүйесі тез бейімделіп, оны тез меңгеріп алды", – деді департамент директоры.

Шамен Палымбетовтың сөзінше, интернеттің баяу жұмыс істеуі қашықтан оқу процесіне кедергі келтірген. Ал интернетті толық меңгермеген кейбір оқытушыларды дәстүрлі емес білім беру жүйесі тосырқатып тастаған.

"Бірқатар оқытушыға интернет платформаларды меңгерту үшін вебинар өткізіп, қашықтан сабақ оқытудың тәсілдері түсіндірілді", – деді ол.

Департамент директорының түсіндіруінше, ЕҰУ оқытушыларының Moodle платформасы арқылы студенттерге бейнелекция өткізіп, электронды форматта тапсырма жүктеп жүргеніне біраз болған.

"Бұған дейін де, қазір де қашықтан оқыту технологиясы негізінде жаппай ашық онлайн курс ұйымдастырып жатырмыз. Студенттерге жекелеген пәндер бойынша алдын ала әзірленіп, интернет платформаға жүктелген бейнесабақтарды оқу мүмкіндігі берілген", – деді департамент директоры.

Еліміздің 71 жоғары оқу орнында қашықтан білім беріліп жатқаны, оқытудың заманауи тәсілі жоғары оқу жүйесіне дендеп еніп қана қоймай, кірігіп үлгергенін көрсетеді. Ал орта білім беру мекемелеріндегі қашықтан оқытудың жөні бөлек. Себебі мұның ашылмаған "қыры", ақтарылмаған "сыры" көп.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, 6 сәуірден бастап еліміздің барлық мектептері төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Бұған дейін оқушыларды онлайн оқыту туралы сөз қозғалып, бастама сынақтан өткізілді.

Қазақстандағы интернеттің жылдамдығы мен мүмкіндігі стримингтік платформалар арқылы бір мезетте миллиондаған оқушыға сабақ беру мүмкіндігін қамтамасыз ете алмайтынына көз жеткізген Білім және ғылым министрі онлайн оқытудан бас тартып, қашықтан оқыту жүйесіне көшу туралы түбегейлі шешім қабылдады.

"Бір жоқ, бір жоқты табады" демекші, білім берудің жаңа жүйесіне ауысу үдерісі осыған дейін жер-көкке сыйғызбай мақталған "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының кемшілігі көп екенін көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат төрағасы Дариға Назарбаева цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке сын садағын тартты. Министр уәж айтып, ақталған болды. Дегенмен халық ненің ақ, ненің қара екенін біліп қалды.

Жә, жарар, бірді айтып, бірге кетпейік, негізгі тақырыпқа оралайық. Интернеті нашар ұстайтын немесе интернетсіз отырған шалғайдағы мектептердің оқушылары қалай оқиды, мұғалімдер мен оқушылар қашықтықтан оқыту платформаларымен жұмыс істеуді қаншалықты тез меңгереді, үйлерінде стационарлық компьютері немесе ноутбугы жоқ оқушылар смартфонмен білім ала ма деген сауалдар күн тәртібіне қойылғанда министр Асхат Аймағамбетов: "Бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Барлық мүмкіндікті, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық", – деді.

Жасыратыны жоқ, қашықтықтан білім берудің алғашқы күнінде кundelik.kz жүйесі дұрыс жұмыс істемеді. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов: "Қашықтықтан білім берудің алғашқы күнінде кundelik.kz жүйесінде техникалық ақау тіркелді. Түрлі қиындық туды. Жүйе жүктемені көтере алмады. Дегенмен одан кейінгі күндері мәселе шешіле бастады. Техникалық мамандар түнгі уақытта серверлер мен деректерді сақтау жүйелерін кеңейтіп, бағдарламалық жасақтау жұмысын жақсартып отырды", – деді.

Кundelik.kz жүйесімен қатар білім алушыларға Daryn.online, Bilimland.kz  білім беру платформалары ұсынылды.

"Daryn.online платформасында 18 млн қаралым тіркелді. 1,5 млн адам білімін осы платформа арқылы жетілдірді. Bilimland.kz  5 күнде 15 млн 100 қаралым жинады", – деді министр.

Қашықтықтан оқыту "Ел арна", "Балапан" телеарналары, Qazaq radiosy, интернет ресурстар және пошта арқылы да жүргізіліп жатыр. Осы ретте қалың көпшіліктің телеарналардағы сабақта мұғалімдердің қате жібергеніне реніш білдіргенін айта кету керек. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова: "Қателерді көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қашықтықтан оқыту бізге бір сәтте келді. Мұғалімдер де, мектептер де білім берудің мұндай түріне дайын емес еді. Мұғалімдердің қобалжуы байқалды. Екі аптада 700-ден астам сабақ көрсетілді. Олардың басым көпшілігі мұғалімдердің демалыс күндерінде түсірілді. Жіберілген қателер үшін балалардан, ата-аналардан кешірім сұраймыз. Қате кеткен екі сабақ барлық арнадан алынып тасталды. Олар қайта түсіріліп, YouTube арнасына жүктелді. Ары қарай тексеру жұмыстарын күшейтіп, мұндай қателерді болдырмаудың барлық шарасын қолға аламыз", – деді.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, қашықтықтан оқытудың екінші аптасында 2 млн 400 мың оқушы интернет платформаларын пайдаланып, сабақ оқыды.

Жергілікті атқарушы билік мұғалімдер мен оқушыларға 250 мың компьютер таратып берді.

ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусин карантиннен кейін бірқатар пәнді цифрлы форматта сақтап қалу қажет екенін айтты. 

"Білім және ғылым министрлігінің қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкеніне куә болдық. Меніңше, карантиннен кейін осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, кейбір пәндерді цифрлық форматта сақтап қалу керек", – деді Президенттің кеңесшісі.

Оның ойынша, мұғалім оқушыларға цифрлы форматта қабылданатын контент әзірлеуге тиіс. Ал Білім және ғылым министрлігіне трансформациялануды жүзеге асыратын digital-кеңсе қажет.

"Қазақстан интернет қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабыровтың пікірінше, балалардың цифрлық сауаттылығы ересектерден әлдеқайда жақсы. Олар барлығын тез үйреніп алады.

"Болашақта  қашықтықтан оқыту кезінде ешқандай қиындық болмайды. Өйткені оқушылар уақыт өте келе барлығын меңгеріп алады", – дейді Шавкат Сабыров.

BTS Digital білім беру бағдарламасының жетекшісі Саясат Нұрбек Білім және ғылым министрлігі қашықтықтан оқытуды дұрыс ұйымдастырып отыр деп санайды.

"Министрлік қашықтықтан білім беру барысында түрлі алаңдар мен тәсілдерді қолданып жатыр. Бұл құптарлық шешім. Қазіргідей жағдайға әлемнің ешбір елі дайын болған жоқ. Еуропаның дамыған мемлекеттері, АҚШ, Ресей және басқа да мемлекеттер абдырап қалды. Қазіргі қарқынынан қайтпаса, Қазақстан қашықтықтан білім беру мен алуды толық игереді, – деді Саясат Нұрбек.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің айтуынша, қашықтықтан оқыту жүйесі білім саласындағы бәсекелестікті арттырады. Осылайша талантты азаматтардың шоғырын қалыптастырды. Ол оқытудың дәл осы формасы қандай қандай мектептерге тиімді деген сауалға: "Қашықтықтан оқыту бірінші кезекте шағын жинақты мектептер үшін тиімді. Ол жерлерде физика, информатика сынды пәндердің мұғалімдері болмайды. Шалғай ауылдардағы балалар үшін аталған пәндер сапалы оқытылмайды. Ал қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы бүкіл Қазақстанға сабақ беретін мықты азаматтарды табуға мүмкіндік туып отыр. Болашақта теледидарды пайдаланып, шалғайдағы елдімекендердегі шағын жинағы мектептердің оқушыларына мықты мамандардың дәрісін тыңдау мүмкіндігін ұсынуға болады", – деп жауап берді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу