Ормұз бұғазы – әлемнің ең маңызды мұнай артериясы

4076

Таяу Шығыста АҚШ-Иран тайталасы әскери жанжалға жақындағанда әлем назары Ормұз бұғазына ауып отыр. 

Ормұз бұғазы – әлемнің ең маңызды мұнай артериясы

Дүйсенбі күні Сауд Арабиясы Біріккен Араб Әмірліктерінің жағалауында "саботаждық шабуылға" ұшыраған төрт мұнай танкерінің екеуі өзіне тиесілі екенін мәлімдеді және де ол сол оқиғаны қатаң айыптап, ғаламдық нарыққа энергетикалық шикізат жеткізу жолы қауіпке душар болғанын ескертті.

Әмірліктер билігінің айтуынша, сауда кемелері Фуджайра портының жанында зақымданған. Бұл порт Ормұз бұғазының маңында орналасқан. Сонымен қатар, ол танкерлер аялдап, отын құятын ең дүниежүзіндегі ірі хаб саналады. БАӘ басшылығы "саботаждық операцияның" ар жағында кім тұрғанын атаған жоқ. Бірақ бұл шабуыл АҚШ пен Иран араздығы ушыққан сәтте жасалып отыр.

Ислам Республикасының сыртқы істер министрлігі болған жайтты "алаңдатарлық әрі қорқынышты" оқиға деп атап, оны тергеуге шақырды.

Ормұз бұғазы – Таяу Шығыстың мұнай өндірушілерін Азия, Еуропа, Солтүстік Америка нарықтарымен байланыстыратын өмірлік маңызы зор кеме жолы.

Ормұз бұғазы дегеніміз не?
Әдетте, Ормұз бұғазын – Парсы шығанағының ауызы немесе сағасы деп атайды. Иран мен Оманның территориялық суларынан өтетін бұл жолдың ені – небәрі 33 шақырым. Ал кемелер әрі-бері қатынайтын жолының кеңдігі 3 шақырымға жетер-жетпес. Танкерлер Ормұздың Оман шығанағына құйылған тұсынан өзге әлемге бағыт алады. Сондықтан, бұл бұғаз – халықаралық транзиттік маршрут.

"Танкерлік соғыс"
АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының есебінше, 2016 жылы Ормұз бұғазы арқылы тәулігіне 18.5 миллион баррель теңіз мұнайы өткен. Бұл – сол жылы теңіз арқылы саудаланған көмірсутегінің 30 пайызына жақын көрсеткіш. Ал 2017 жылы осы жол арқылы күніне 17.2 миллион баррель шикізат пен конденсат тасымалданса, былтыр одан өткен отынның көлемі 17.4 миллион баррельге дейін жеткен.

Әлемдік нарық тәулігіне 100 миллион баррель мұнай тұтынатынын ескерсек, өткен жылы Ормұздан сол "қара алтынның" бестен бір бөлігіне жуығы өтті деген сөз. Сондықтан бұл бұғаз – ғаламның ең маңызды мұнай артериясы.

Тағы бір айта кететін жайт, ОПЕК-тің мүшелері – Сауд Арабиясынан, Ираннан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Кувейттен, Ирактан экспортталатын мұнайдың басым бөлігі осы жол арқылы дүниежүзілік нарыққа жеткізіледі. Бұған қоса, әлемнің ең ірі көгілдір отын экспортері – Катардың сұйытылған табиғи газының түгелге жуығы дәл осы Ормұздан өтеді.

1980-1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысы кезінде екі жақ бір-бірінің мұнай экспортын шектеуге тырысты. Ол әрекеттер "танкерлік соғыс" деген атпен белгілі.

Бүгінде Құрама Штаттардың Бахрейнде орналасқан Бесінші флотына осы аймақтан өтетін коммерциялық кемелерді қорғау міндеті жүктеліп отыр.

"Америка флоты бұл жолдың ашық болатынына кепілдік беріп отырса да, Иранның әскери маневрлары кез-келген уақытта басталуы мүмкін", – деп жазды RBC банкінің сарапшылары сәуірдің 22-сінде.

Иран 2015 жылы әлемнің бес державасымен қол қойылған ядролық келісімге сәйкес, өзінің атомдық бағдарламасын шектеуге көнген еді. Сондағы мақсаты – экономикалық санкцияларды жеңілдету. Алайда былтыр Вашингтон бұл тарихи пәтуадан шықты. Батыс елдерінің ойынша, Теһран жаппай қырып-жоятын қару жасауды жоспарлап отыр. Ислам Республикасы мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

"Осынау геосаяси оқиғалар мұнай бағасын түсірудің жолдарын іздеп жатқан президент Трампқа жазда қатал сценарий ұсынуы мүмкін", – дейді аталған банк сарапшылары.

Шығанақ мұнайы үшін басқа жол бар ма?
Бірнеше жыл бұрын Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы Ормұз бұғазын айналып өтетін жол іздеуге кірісті. Осы мақсатпен аймақта мұнай құбырлары көбірек салынып жатыр. "Рейтердің" мәліметінше, жаңа құбырлардың үшеуі – Саудия аумағында, біреуі – Әмірліктерде тартылып, 2016 жылы қызмет ете бастаған.

Ормұз бұғазында бұған дейін қандай оқиғалар болды?

1988 жылдың шілде айында АҚШ-тың Vincennes әскери кемесі Иранның жолаушылар ұшағын атып түсіріп, борттағы  290 адамды түгел мерт қылды. Вашингтонның мәлімдеуінше, америкалық экипаж лайнерді соғыс ұшағы деп ойлаған. Тегеранға сенсек, америкалықтар оны әдейі құлатты. Құрама Штаттар өкілдерінің сөзінше, бұл ауданға Vincennes сол кезде кемелерді Иранның шабуылынан қорғау үшін барған.

2008 жылдың басында Ислам Республикасының Революциялық сақшылар корпусының бас қолбасшысы Мохаммад Әли Джафари Иранға шабуыл жасалса, Ормұздан өтетін танкерлерді бақылауға алатынын ескертті.

2010 жылдың қаңтарында осы бұғазда "әл-Каидамен" байланыстағы Абдуллаз Әззам бригадасы Жапонияның мұнай танкерін шабуылдады.

2012 жылы Тегеран ел экономикасы мен мұнай табысын кеміткен АҚШ пен Еуропа санкцияларына жауап ретінде Ормұзды жабамыз деп қатер төндірді. Былтыр шілдеде президент Хасан Рухани Америка Иранның энергетикалық экспортын нөлге дейін түсірсе, бұғаздан өтетін танкерлердің жолын бөгеуге сыңай танытты.

Жақында Ормұзға Құрама Штаттардың Авраам Линкольн кемесі мен шабуылдаушы ұшақтары жетеді деген болжам бар. Тек Аятолла Әли Хаменейге ғана бағынатын Революциялық сақшылар мен америкалықтар арасында қандайда бір жанжал болса қалса, аймақтағы жағдай мүлде ушығып кетуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу