Орталық Азия президенттерінің алдағы саммитіне Ауғанстан тартылуы ықтимал

4625

Астанада өткен Орталық Азия елдері саммитінің өзегіне, өне бойына алтын арқау болып өрілген, бірақ неге екені белгісіз, журналистер қауымы назар аудара қоймаған бір жайт бар.

Орталық Азия президенттерінің алдағы саммитіне Ауғанстан тартылуы ықтимал

Бұл жайтқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет екпін түсіріп өтті. Ең алдымен, елбасы мұны консультативтік жұмыс кездесуіне қатысу үшін сапармен келген Қырғыз республикасының президенті Сооронбай Жээнбековті жеке қабылдаған кезде ауызға алды.

"Бұйыртса, болашақта барлығы осылай жақсы болады. Бүгін бес мемлекет басшылары кездесіп, бәрімізге ортақ мәселелерді, соның ішінде экономикалық ықпалдастықты, өзара сауданы, инфрақұрылымдық даму мен логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылаймыз. Мәселелеріңізді маған айтыңыз, бірлесіп шешеміз. Орталық Азияның ішкі мәселелерін бөтен сыртқы күштерді, үшінші жақты араластырмай-ақ, өңір елдері өздері шешуі керек!" – деп қадап айтты Нұрсұлтан Назарбаев

Артынша жұмыс сапарымен Астанаға жеткен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен жеке жүздесуінде де Қазақстан көшбасшысы Сырдария мен Әмудария өзендерінің бойын ен жайлаған бес мемлекет арасында, көрші болғандықтан, мәселе туындамай тұрмайтынын, бірақ оны біздің елдеріміз нағыз бауырластар ретінде тек өздері шешкені жөн екенін нықтады.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі барысында да, одан кейін бес елдің бұқаралық ақпарат құралдары алдына мәлімдеме жасауға шыққанда да елбасы елдеріміз үшінші жақты араластырмай, бөтен қолды сұғындырмай, өз мәселелерін өздері шешетінін мәлім етті. Ол ОА президенттердің бұл консультативтік жұмыс кездесуінің өзге елдерге қарсы бағытталған ешқандай саяси астары жоқтығына да баса назар аудартты.  

Әйтпесе, жаңа ғана тәуелсіздік алған орталықазиялық мемлекеттердің әр жаққа ауа жайылған, содан сыртқы елдер өңірдің жұлма-жұлмасын, парша-паршасын шығара жаздаған кез болған. Өзбекстан мен Қырғызстан Батыс жаққа дендей бет бұрып, Қазақстан мен Тәжікстан Ресейдің ықпал ету аймағында қалғаны, мұны көріп, Түрікменстан бейтараптықтан ырыс теруге ұйғарғаны жасырын емес.

Яғни, Орталық Азия геосаясаттың субъектісіне емес, объектісіне, қазақшалап айтқанда, халықаралық саяси ойынның мүшесіне емес, нысанасына айналып бара жатқан еді.

Ал қазір, ОА елдерінің біразында билік жаңарған шақта, өз өңірінің теңдессіз көшбасшысы ретінде қазақ еліне бүкіл аймақ елдері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі берілуде. Және Астана бұл мүмкіндікті қалт жібермей, жүзеге асыруға кіріскенге ұқсайды. Өйткені ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығы ешкімге абырой әпермейді. Данышпан Абай айтқандай, "бас-басына би болған өңкей қиқымға" теңессек, тұтас өңір бүкіл дүниежүзін жайлаған, "бөліп ал да, билей бер" атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясаттың құрбанына айналуы ғажап емес.

Сарапшылар бүгінде посткеңестік кеңістікті тұтас қамтитын интеграциялық идеялардың өркен жаяр өрісі қалмағанын ашық айтады. Украина түгіл, Молдова мен Грузияның, тіпті Беларусьтің Ресейге өкпесі қара қазандай болып тұр. Мәселен, өз экономикасын құтқарып қалуға жанталасқан Ресей беларустық тауарлардың экспортын шектеуге кірісіп, көршісінің қазір ашынысын туғызуда.

Осылай, бұрынғы кеңестен кейінгі республикалар "байтал түгіл, бас қайғы" болып жатқанда, қазақ елі орталықазиялық бауырлас елдермен ынтымақтастық пен келісімді нығайту ісін мықтап қолға алды. Және бұл жаңа ықпалдастықтың кейбір көріністерінің тарихи тәжірибеде теңдесі жоқтығын атап өту керек.

Басқаны айтпағанда, тарихта тұңғыш рет Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Астанадағы саммитте "Шуақты Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдеме" қабылдап, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен бірлесе құттықтады.

Ең бастысы, мұндай кездесулер осымен тынбайды, ары қарай тұрақты негізге көшеді: жоғары деңгейлі кездесулер жыл сайын әз-Наурызда бауырлас елдер астаналарының бірінде, өз кезегімен ұйымдастырылып тұрмақ. Және орталықазиялық президенттер олардың әрқайсысында бауырлас халықтарымызды бірауызды түрде "Ұлыстың ұлы күнімен" құттықтап тұруға уағдаласты. Мұның әрине, символдық мәні бар. Сол арқылы аймақ елдері бірлігін, "ортақ ұстанымдағы біртұтас күшке айналғанын" паш етеді.

Бұл ең алдымен біздің халықтарымызға керек. Әйтпесе, кезінде өңірдегі елдердің өзара тайталасы ақыры соғысқа да ұласа жаздаған болатын. Өткен жылдарда Орталық Азия елдерінің өзара шекарасында ұлыстар арасында қақтығыс туып, қан төгілгенін кеше журналистерге арналған брифингте елбасы да еске салып өтті. 

Бұдан бөлек, 2012 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Кәрімов те: "Жағдай бұлай ушыға берсе, барлығы тек текетіреспен тынбай, соғысқа да соқтыруы мүмкін", – деп мәлімдеме жасағанын әлемдік ақпарат құралдары жарыса жариялады. Өзбек басшысының бұлай ашынуына ұлы екі өзеннің бастауында тұрған екі елдің оларды алып бөгендермен бұғаттауы, атап айтқанда, Тәжікстанның Рогун ГЭС-ін, Қырғызстанның "Қамбар ата" су электр стансасын салуға кірісуі себеп болды.

Соның салдарынан өзендердің төменгі жағында орын тепкен Өзбекстан мен Қазақстанның су тапшылығы мен экологиялық апаттарға маңдай соғуы ықтимал еді. Осы екі елде миллиондаған адамдар кәусардан айырылып, осы халықтар және мемлекеттерді асырап отырған егіншілік саласы тоқырауға ұшырамақ. Сонда Өзбекстан президентінің байламын талдаған халықаралық сарапшылар Орталық Азия елдері арасындағы "су қақтығысын" Ресей мен Батыс өздерінің саяси ойындарында пайдаланып кетуі мүмкіндігі туралы қауіп білдірген.

Осы орайда ОА елдері басшыларының Астана саммитінің бір жетістігі де осы су саласына қатысты болды. Онда осы тараптағы барлық араздық-алауыздықты тоқтатып, тек ортақ келісіммен қимылдау туралы уағдаластық бекемделген. Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуінше, мемлекет басшылары өзара су проблемаларын шешті.

"Ең басты мәселе – су түйткілдері. Біздің халықтарымыз – 70 миллион адам екі алып өзен Әмудария мен Сырдарияның бойында өмір сүріп жатыр. Бұл ретте біз бұдан былай су мәселесінде ешқандай саяси саудаласу болмайтынына келістік. Гидроқұрылыстар тұрғызу, суды ағызу, су орнына электр энергиясын жеткізу мәселелерін енді барлық мемлекеттердің мүдделеріне сай бірлесе шешуге тиіспіз!" – деді елбасы.

Мамандар болашақта осы қатарға "Үлкен Орталық Азия" геосаяси аумағына кіретін Ауғанстанды да тарту қажет болатынын ескертеді. Өйткені Әмударияның ең бастауында орналасқан Ауған елі бейбіт өмірге оралған соң, соғысқа дейінгі замандарда дәуірлеген диқаншылық пен "қышлақтық шаруашылыққа" қайта оралады. Сонда ауғанстандықтар егіншілік үшін суды өзеннен көп тарта бастамақ. Бұл тиісінше, Өзбекстан мен Түрікменстанға ағатын судың көлемін біршама кемітуі ықтимал көрінеді. Демек, Ауғанстанға тамшылатып суару секілді ресурс сақтаушы технологиялармен көмектесу тақырыбы да күн тәртібіне шықпақ. 

Орталық Азия елдерінің өздері ғана шешуге тиісті басқа да көптеген, жылдар бойы қордаланған түйінді проблемалары жеткілікті.

"Ішкі өңірлік проблемаларымызды біз үшін ешкім шешіп бермейтінін түсінеміз. Осыған орай біз базалық басымдықтарды анықтап, келешектің жоспарын жасадық", – дейді Қазақстан президенті.

Қалай болғанда, бауырлас елдердің ынтымақтастығы ары қарай тек нығая бермек. Олар тіпті халықаралық аренаға да бірлескен ұстанымдармен шығуға уағдаласыпты. Осы мақсатта Қазақстан елдеріміздің тікелей көшбасшылары басшылық ететін "қауіпсіздік кеңестерінің" аппараттары арасында бесжақты тұрақты консультациялар жүргізу тетігін жасау бастамасын енгізді.

"Бұл келісілген ұстанымдарды іске асыра отырып, өңір қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша тұрақты диалог жасап тұруға мүмкіндік береді. Бес ел арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау жұмыстарын аяқтау ісі негізгі бағыт болып саналады. Осыған байланысты делегация басшылары өңіріміздегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту мақсатымен бұл үдерісті жылдамдатудың қажет екендігін мақұлдады", – деді мемлекет басшысы.

Президенттер "қарқынды даму үшін ішкі өңірлік қаржыландыру көздерін қалыптастыру" жайын да талқыға салған. Ендеше болашақта Орталық Азия даму банкі не арнайы қорының құрылуын да жоққа шығаруға болмайды.

Аймақ елдері сыртқы қауіп-қатерлерден де бірлесіп қорғануға уағдаласты. 

"Егер мемлекеттеріміздің арнайы қызметтері өзара тығыз ықпалдасар болса, біз террористер, есірткі тасымалы, діни экстремистер және басқалары туралы бәрін білетін боламыз. Сол арқылы терроризмнің, экстремизмнің, заңсыз қару саудасының, ұйымдасқан қылмыстың жолын кесеміз. Көршілер үшін қауіпсіздік мәселесі бірінші орында тұруы қажет. Сондықтан осы ай соңында Өзбекстанда биік деңгейде конференция өткізуге келістік, оған біздің барлық мемлекеттеріміз қатысып, шешім қабылдайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оның үстіне қазіргі кезде терроризм қаупі күшейгені байқалады.

"Сириядағы соғыста ИГИЛ жеңілгеннен кейін олар  әртүрлі елдерде "ұйқыдағы ұйымдарын" құруда. Ал Сирияда лаңкестер жағында орталықазиялық барлық елдердің азаматтары қатысқаны мәлім. Олар бүгінде өз елдеріне оралуда. Бізге де енді бұл бағытта өте сақ болуға тура келеді", – деді елбасы.

Қорыта айтқанда, елордадағы орталықазиялық мемлекеттер басшыларының бұл кездесуі аймақта әз-Наурызбен ұштасатын татулық, бауырластық, өткен өкпе-ренішті ұмыту секілді ортақ салт-санаға, ұлттық құндылықтарға негізделген ынтымақтастық пен интеграцияның жаңа дәуірінің бастау алғанын паш етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу