Мәжіліс отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин қалаулылар қарауына үкімет ұсынған "Стандарттау туралы" жаңа заң жобасын қатаң сынға алды. Құжаттың бастапқы нұсқасына көңілі толмағанын жеткізген ол заң жобасын әзірлеушілерден екінші оқылымға дейін оны қайта қарап, түзетуді талап етті. Атап айтқанда, жобада Қазақстандағы стандарттар туралы ақпаратты тарату үшін мемлекет пен бизнес арасына делдал енгізу ұсынылып отыр.
"Бұл норманың не үшін қажет болғаны мүлдем түсініксіз. Сіз нарықта стандарттарды заңсыз қайта таратушылар барлығын айтасыз. Бірақ мұндағы бапта нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай ақпараттық жүйесін қалыптастыратын норма туралы сөз болып отыр. Енді оны "Ұлттық стандарттау орталығы" деп аталатын ұйым жүргізбек. Неге оның орнына бұл ақпараттық жүйені жалпыға бірдей қолжетімді етпеске? Бұған ешқандай кедергі жоқ қой", – деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке қайырылған Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс төрағасының мәліметінше, қазіргі кезде мемлекетке қарасты Қазақстанның стандарттау және сертификаттау институты ақпараттық жүйені сүйемелдеу бойынша өзіне жүктелген функцияларды тиісінше атқарып отыр.
"Онда ақпарат тарату бойынша қандай да бір делдалдарды қолдан жасаудың не керегі бар? Оған жол берсек, нарықтағы заңсыз делдалдардың саны ондап, жүздеп көбейеді. Өйткені заңда оларды іріктеудің өлшемшарттары да, олардың қызметінің құнын қалыптастыру ережелері де анықталмаған. Әркім ойына келгенін істейді. Ендеше менің ойымша, заң жобасының үкіметтік нұсқасындағы бұл норма делдалдар үшін жемсау-кормушка жасайтын болады", – деп шарт түйген Нұрлан Зайроллаұлы екінші оқылымға дейін бұл норманы қайта қарауды ұсынды.
Оның байламынша, стандарттау бойынша ұлттық органның функциялары нақты белгіленуі қажет.
"Оның табыс табуға құқығы бар және ол стандарттарды сатудан ары қарай да табыс таба береді. Сонымен бірге оның нарықтағы жауапкершілігін бекітуіміз қажет. Сондай-ақ стандарттарды заңсыз таратушыларды және қайта сатушыларды нарықтан алып тастаймыз, тәртіп орнатамыз. Ал мұның орнына жаңа делдалды енгізсек, тәртіп орнамайды, керісінше үлкен бейберекетсіздікке ұшыратамыз", – деп түйді мәжіліс басшысы.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтылған сынмен келісті және екінші оқылымда қарауға оралғанша, жобаның өзгертілетініне сөз берді.
Түсіндіре кетсек, заң жобасындағы аталған норма бойынша ұлттық стандарттау органымен қатар, заңды және тіпті жеке тұлғаларға да ұлттық органнан алған стандарттарды ары қарай таратуға рұқсат етіледі. Ол үшін тек құзырлы органның келісімін алса жеткілікті екен. Депутаттардың алаңдауынша, салдарынан нарықта кәсіпорындарға өз қызметін таңатын делдалдар саны артып шыға келуі мүмкін. Бұл сонымен бірге кәсіпкерлер үшін осы стандарттар туралы ақпаратқа қол жеткізу бойынша қызметтердің қымбаттауына соқтыруы ықтимал.
Министр бұл норманың не себепті енгізілгенін түсіндіруге тырысты.
"Нарықта бүгінде қаржылық сыйақы алып, стандарттарды заңсыз тарату үрдісі жүруде. Өзгеріске ұшыраған стандарттар да нарықта бұрынғы ескі қалпында қайта сатылуда. Бұл проблемаға айналды. Сондықтан осы қызметпен айналысуға құқығы бар заңды және жеке тұлғалар өздері ұсынатын стандарттардың дұрыстығына кепілдік берулері тиіс. Біз нарыққа осылайша ортақ тәртіп енгізгіміз келеді", – деді Жеңіс Қасымбек.
Былайғы жұрт аңғара бермеуі мүмкін, бірақ стандарттардың ел өмірінде үлкен маңызы бар. Өйткені заманауи Қазақстандағы ғылыми-техникалық өркендеу, кәсіпорындардың озық дамуы, наноиндустрия секілді жоғары технологиялық және ғылымға негізделген өндірістердің өркен жаюы, азаматтардың денсаулығы мен тұтынушылық құқықтарының қорғалуы, мемлекеттің қорғаныс және экологиялық қауіпсіздігі – бәрі-бәрі осы салаға тәуелді. Егер бұл салада тәртіп болмаса, ол елдің ұлттық метрологиялық инфрақұрылымы халықаралық мойындауға ие болмайды. Демек мұнсыз біз дамыған елге айнала да алмаймыз.
Мамандардың айтуынша, өлшемнің дәлдігіне деген талап әр 10-15 жыл сайын 3-тен 10 есеге дейін өсіп отырады. Тиісінше әлемдегі озық дамыған елдердің ұлттық эталондары мен стандарттары да әр он-он бес жыл сайын жаңарып тұрады. Одан қалып қойған, кәсіпкерлері көнерген стандарттарды қолданатын мемлекеттер экономика, медицина, қорғаныс, экология және басқа да көптеген салаларда артта қалады.
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның еурокодтарға қашан көшетіні де жария етілді.
"Еурокодтарды енгізу бойынша жұмыс бірнеше жылдан бері жүргізілуде. Ол үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – дайындық кезеңі болатын, оның барысында біз заңнамалық базаны талдаудан өткіздік. Ізінше еурокодтарды енгізуге кірісіп кеттік. 58 еурокод бойынша шешім қабылданды. Олар стандарттардан да биік тұрады. Тиісінше осы еурокодтар аясында шамамен 1 мыңдай ұлттық стандарт бекітілді", – деді министр Жеңіс Қасымбек.
Ал екінші кезең 2015-2020 жылдар аралығын қамтымақ. Бұл кезеңде кеңес заманынан қалған және 1992 жылдан кейін қайта бекітілген "ГОСТ"-тар мен "СНиП"-тер еурокодтармен қатар қолданыста болатын көрінеді.
"2020 жылдан бастап Қазақстанда тек еурокодтар ғана жұмыс жасайды. Барлық "ГОСТ"-тар мен "СНиП"-тер жойылады", – деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Бұл мәселе бойынша біз Қазақстанның құрметті сәулетшісі, халықаралық сәулет академиясының профессоры, ұлттық экономика министрлігінің "Мемқалақұрылыскадастры" РМК бас директорының кеңесшісі Аманжол Чиканаевтың пікірін білдік.
Оның айтуынша, дамыған елдердің өркендеуіне үлес қосқан "еурокодтар" жүйесін қабылдау бізге инновациялық технологиялар мен материалдарды іске жаратуға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді.
"Сондықтан да мен тәжірибелі сәулетші маман ретінде еурокодтарға көшуді толық қолдаймын. Еурокодтар дегеніміз нормативтік құқықтық базаның мүлдем басқа жүйесі болып табылады. Біз Астанаға арналған құрылыс нормалары мен стандарттарын әзірлегенде, бұл мәселені зерттегенбіз. Еуропада, дамыған елдерде дәл осы еурокодтар бойынша қандай көшелерде көлік тасқынының қандай екені, ол көшеде қанша қабатты үйлерді тұрғызуға болатыны және басқа да мәселелері нақты жазылады. Бірақ сонымен бірге олар құрылыс салушы компанияны шектемейді. Біздің "СНиП"-терде мысалы, "өртке қарсы қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, мұндай ғимарат мынадай материалдан салынуы керек" деп жазылады. Алайда әлемде қазір жаңа материалдар пайда болуда. Егер олардың тез жанбайтыны, денсаулыққа зиянсыздығы, экологиялық тазалығы, беріктігі дәлелденсе, неге нысанды содан тұрғызуға рұқсат етпеске?", – дейді сәулетші.
Оның байламынша, еурокодтар елдің даму жолында тұрар тосқауылдаушы факторларды алып тастайды. Онда "тиым салынады" деп айтылмайды, тек нақты қандай талапқа жауап беруі қажеттігі көрсетіледі.
"Тағы бір мысал келтірейін. Біз әрбір тұрғын үй кешенінде белгілі бір көлемде автотұрақ орындары қарастырылуы керек деген шарт қоюдамыз. Бұл тиісті заңмен бекітілді. "Құрылыс нормалары мен стандарттарында" (СНиП) бұл үшін қанша метр жер қарастырылуы керектігі жазылады. Бірақ қазіргі кезде дүниежүзінде автокөліктерді сақтаудың басқа түрлері, мәселен, көпқабатты-конвейерлік тәсілі пайда болды: алып "барабанға" көлік кіргеннен кейін ол айналып, келесі бос "гараж" төменге түседі. Ал оған дәл осынша үлкен ауданның қажеті жоқ. Егер құрылыс салушы сондай инновацияларды қолданғысы келсе, оның санитарлық, қауіпсіздік және басқа талаптарға жауап беретінін дәлелдеуге тиіс", – дейді Аманжол Чиканаев.
Бақыт Көмекбайұлы