Пәтерді аяз қыспаса, жылытқыш қосып несі бар

Зайсанда жаңа пәтерге ие болған тұрғындар қоныстарының сапасын салынғанын қыс қаһарына мінгенде бірақ білді.

Пәтерді аяз қыспаса, жылытқыш қосып несі бар

Аяз аңыраған балкон, көгерген қабырға, сынған есік, ырсиған терезе, ызғарлы еден, сылағы түскен төбе, жылусыз жуынатын бөлме. Былтыр ғана Зайсан қаласында қолданысқа берілген 60 пәтерлік үйден осындай көріністерге куә болдық.

Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады" дейді қазақ. Ал мемлекеттен сұрасаңыз ше? Жиырма бірінші ғасырда қазақтың бас қайғысы баспана болып тұр. Мемлекет сол қайғыны сейілту үшін халыққа түрлі бағдарлама ұсынып бағуда. "Арендалық тұрғын үй" жобасы – солардың бірі. Ай сайын жалдау ақысын төлеп, қалағаныңызша тұрыңыз. Тек жеке меншікке аудара алмайсыз. Өзге жаққа қоныс аударып жатсаңыз, кілтін мемлекетке өткізіп кетуіңіз керек. Былтыр осындай шартпен Зайсан қаласында 120 отбасы пәтер алған болатын. Бәрі де жылдар бойы үй кезегінде тұрғандар. Тозығы жетіп, құлауға айналған апаттық үйлердің иелері мен мүгедектер, тұрмысы төмен отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлері 60 пәтерлі қос үйдің арқасында бір мәз болған. Қуаныштары көпке созылмаған сыңайлы. Бірін "СМУ Шығыс" ЖШС, екіншісін "Buildup Company" ЖШС  салып, жазда берілген үйлердің бірі қыстың көзі қырауда сыр бере бастады. "Пәтеріміз суық болып шықты" деген шағымдар Өскемендегі біздің құлағымызға да жеткен. "Жүз рет естігенше, бір рет көрейік" деп арнайы ат шалдырдық. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зұмрат Дүйсенбаева да осы бағдарлама бойынша үй алған жанның бірі екен. Әзірге жаңа пәтерге көшпесе де, суықтығын аңғармағанын айтты бізге.

"Біткен іске сыншы көп қой. Он саусақ бірдей емес. Халыққа жағу қиын" деп кейіді ол. Жағдайды сонда нақты тұрып жатқан адамдардан есту үшін аудандық энергетика және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Бықаевпен  бірге үй араладық. Алғашқы үш пәтерге сол кісінің таңдауы бойынша бас сұққанбыз. Өзін Күлән Ниетбаева деп таныстырған зейнеткер келген жайымызды естіген соң бірден төргі бөлмеге бастады. Терезенің астыңғы жақтауы ажырап, бұрыш-бұрышы көгеріп кеткен екен. Екінші бөлмеге суық кіріп болмаған соң, балкон есігін іші-сыртынан киім-кешекпен тұмшалап тастапты.

"Әбден қартайған шақта қолымыз пәтерге жетіп, қатты қуанған едік. Қыс түскелі сол қуаныш су сепкендей басылды. Жамайтын жыртығы көп екен. Онысын аязда ғана білдік", – дейді отанасы.

Бұдан басқа екі пәтерде де дәл осындай жағдайға куә болдық. Тіпті біреуінің есігі күшпен ашылып, жабылатын халге жетіпті. Ал 10 жылдан бері жүректегі жасанды қалқаншаның күшімен өмір сүріп келе жатқан екінші топ мүгедегі Гүлмира Шағыроваға бірінші қабаттың кіре берісінен пәтер тиіпті. Бір бөлмелі пәтері қамсау болмаған соң қақ ортасына бір көзді плита қосып отыр екен.

"Пәтер жылы болса, плита қосып нем бар", – деп бастады ол әңгімесін. Қыс басталғалы бойын суық алып, бірнеше рет төсек тартып қалғанын да жасырмады. Суық жайлаған жартыкеш пәтердің еденіндегі ызғар табанға бірден сезіледі. Ал жуынатын бөлмеде жылу атымен жоқ.

"Тіпті орамал кептіретін түтік те жоқ. Есігі қаңылтыр болғандықтан ба, үнемі суық аңырап тұрады. "Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимейді" демекші, мен байқұсқа тура кіреберістің көзіндегі, желдің өтіндегі пәтер тиіпті. Ауыстырып беріңдер деген өтінішіме құлақ асқан жан баласы болмады. 10 жыл көрінгеннің босағасын сығалап жүріп қол жеткізген пәтерім осындай болып шықты. Айта-айта әкімдіктегілерге де қадірім кетті", – дейді шарасыз әйел.

61 жастағы мұқтаж жан әкімдіктегілерге қосымша батарея орнатып беру туралы өтініш айтқан екен. Мамандар жылу құбырын үлкейтетін орын жоқ деген желеуді көлденең тартыпты.

"Үйдің суықтығына бұл кісіден жазбаша шағым түскен жоқ. Өтініш түсірсе, арнайы комиссия құрып, пәтердің жағдайын тексертеміз. Сол комиссияның қорытындысы бойынша "Buildup Company" ЖШС-не кемшіліктерді жою туралы хат жазамыз. Жуынатын бөлмеде жылу жоқ екенін көрдік. Кемшілік жойылады. Ал бұл кісіге пәтерді таңдап беруге хақым жоқ. "Соқыр жеребе" қағидасына сәйкес үлестірдік. Ол да лоторея ұтысы сияқты дүние", – дейді Талғат Бықаев.

Үйсіздіктің зардабы әбден өткен Гүлмира Шағырова әкімдікке арыз жазудан да қорқып қалыпты.

"Арыз жазғанда мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылып қалмаймын ба? Бұл меншікке берілген басыбайлы баспана емес, жалдамалы  тұрғын үй ғой. Ертең ши тауып, үйді босат деп жүрмесін", – деген күдігін айтты. Ел арасындағы үрей мұқтаж жанды қыстың суығынан бетер қалтырата ма, қалай?

Сөз арасында Гүлмира Шағырова өзі бірінші қабатта қалтырап отырғанда, екінші қабаттағы көршісі алған пәтерін бөгде адамдарға жалға беріп жүргенін айтып қалды. Тіпті ол пәтердің нөмірі мен иесінің атын да атап берді.  Сөйтсек, ол секемі бекер емес екен.

"Бізге де ондай шағымдар жетіп жатыр. Бір күні ешкімге айтпастан рейд жасаймыз. Сол кезде үйіне бөтен адамдар кіргізіп қойғандар баспанадан қағылады", – деп сендірді Талғат Бықаев.

"Суық үй, арық соғым, жаман қатын, Үшеуі кедейліктен алыс емес" - деген екен Шал ақын. Елден қалмай еңсемізді тіктеп, тұрмысымызды түзейміз деп талпынған зайсандықтарды сапасыз үй кедейліктің ауылына қарай сүйрелеуде. Әйтпесе, Зайсан өңірін кедей жұрт еді деп айтуға ауыз бармайды. Мұнайы мен газы, көмірі мен балығы өзін қойып көршілес қос ауданға қуат беріп, Қытайды қарық қылып отыр. Сол байлықтың ырзығы қарапайым қазаққа жетпей жатқаны болмаса...

P.S: Мақалаға өзіміз көзбен көрген үйдің жағдайын ғана арқау еттік. Зайсанға журналистер келіп кеткенін естіген тұрғындардан кейін көптеген фото және бейне айғақтар түсті. Сапасыз салынып, шала-шарпы жөнделген үй бұл өңірде жалғыз біз көрген нысан ғана емес сияқты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу