Павлодар облысында күн ысымай жатып дала өрті жиіледі

2953

Биыл Павлодар облысында жайылымдық жерлер мен орман өрті өршіп тұр. Тек соңғы 15 күннің ішінде барлығы 134 оқиға тіркелді.

Павлодар облысында күн ысымай жатып дала өрті жиіледі

Өткен жылдың сәуір айында қыр мен орманда небары 6 өрт болыпты. Ал биыл бұл көрсеткіш сәуір айының алғашқы екі аптасында-ақ 48-ге дейін жетті. 15 сәуірде ұсынылған ресми мәліметке сүйенсек, 252,3 гектар аумақта орман өрті орын алған. Сонымен қатар, тілсіз жау қырдағы жердің 2359 гектар аумағын жаулап, 46 оқиға тіркелген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Двинянин мұны солтүстік өңірге көктемнің ерте келуімен байланыстырып отыр.

"Биыл күн жылдағыдан ерте жылынып, ауа температурасы күрт жоғарылады. Бұл жайылымдық жерлер мен орман алқаптарының өртенуіне алып келді. Оған қоса, тұрғындар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай бермейді. 1-15 сәуір аралығында 134 өрт оқиғасы тіркелді. Олардың басым бөлігі - қыр, жайылымдық жерлер, орман мен саяжайларда орын алған жағдайлар. Саяжайлардағы өрттің себеп-салдары мен одан келген шығындарды жергілікті полиция қызметкерлері анықтайды. Бізге белгілісі, осы айда өрт жалпы аумағы 3,5 мың гектар болатын  қырдағы алқап мен жайылымдық жерлерді жалмады. Әзірше өртке себепкер болған адамдар табылған жоқ, сәйкесінше ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ", – дейді Алексей Двинянин.

Көктем келсе болғаны, шаруалардың басым бөлігі жаңа шөптің бітік шығуы үшін шабындықтарды қасақана өртейтіні белгілі. Бірақ, от қойғандардың көпшілігі қызыл жалынның қандай аумақты шарпитынын бақылай бермейді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті осы уақытқа дейін аймақтағы тек 9 шаруа қожалығы былтырғы көкті жоспарлы түрде өртегені туралы есеп бергенін хабарлады. Ал басқалары мұндай мәлімет ұсынған жоқ. Төтенше жағдай қызметінің өкілдері қарапайым тұрғындардың шөпті әдейі өртеуіне еш құқығы жоқ екенін алға тартады.

"Алқаптағы ескі шөптерді өртеу құқығы тек бізге берілген. Ол үшін арнайы дайындық жұмыстарын жүргізіп, жерді жырту қажет. Кейін техникаларды қолдана отырып, білікті мамандардың жіті бақылауымен өртейміз. Мұндай жұмыс саяжай аумағында жүргізілуде", – дейді Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Тілекжан Галямов.

Жайылымдық, шабындық жерлерден бөлек өрт орманға да "кірді". Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбілбаевтың айтуынша, сәуір айының алғашқы 15 күнінде қызыл жалын шамамен 300 гектар аумақты жалмады. Ал оқыс оқиға орын алған аумақтардан жанып кеткен қаз, үйрек, қоян мен кірпілер табылды.

"Қазіргі уақытта өрттің қай шаруа қожалығынан келгенін анықтау маңызды. Шөпті қасақана өртеуі кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы салдарынан қызыл жалын орманға, жануарлар әлеміне кері әсерін тигізіп отыр. Өрттің шығуына себепші болғандарды анықтаған соң олар жауапкершілікке тартылады. Атап айтқанда, ормандағы жануарлардың жанып кеткені үшін айыппұл төлейді. Бүгінгі күні мамандар қанша аң-құстың зардап шеккенін санауда. Бір қаз, үйрек және қоян үшін олардың жасына байланысты 5 және 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады", – дейді Қайрат Әбілбаев.

Сонымен қатар, осы айда жалпы аумағы 94 шаршы метр болатын саяжайдағы 10 үй өртенді. Құтқарушылар саяжай маусымы басталған тұста бұл көрсеткіштің арта түсетінінен қауіптеніп отыр.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу