Павлодарда көпбалалы отбасылар ауылға көше бастады

2721

Бұған дейін пәтер жалдап, ұзақ уақыт баспана кезегінде тұрған павлодарлық көпбалалы отбасыларға ауылдан үйлер берілуде.

Павлодарда көпбалалы отбасылар ауылға көше бастады

39 жасар Жанаргүл Исабаева үш ұлы мен бір қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Жолдасы осыдан 5 жыл бұрын өмірден өткен екен. Отағасынан айырылған соң жалғызбасты ананың басына түсетін ауыртпалық еселене түсті. Өз үйі болмағандықтан, өзгенің баспанасын жалға алып, пәтерден пәтерге көшуге тура келді. Ал 14 жыл бұрын тұрғын үй алуға тұрған кезегінің жылжитын түрі жоқ. Сондықтан, Жанаргүл Исабаева ауылға қоныс аударуды жөн деп шешті.

"Облыс әкімі Болат Бақауов көпбалалы аналармен кездескен кезде "Ауылдан үй беріп, жағдайларыңызды жасасақ көшуге әзірсіздер ме?" деп сұрады. Мен көп ойланбастан бұл ұсыныстың орынды екенін түсіндім. Қалада пәтерден пәтерге көшіп, балаларға берілетін әлеуметтік төлемді үйдің ақысына, балалардың киім-кешегі, тамағы мен жол шығындарына әрең жеткізгеннен гөрі ауылда тұрғанымыз әлдеқайда тиімді. Елді мекендегі баспана үшін ақы төлеудің қажеті жоқ, шығын анағұрлым аз әрі жергілікті билік жұмыс табуға көмектеспек. Сөйтіп, балаларыммен ақылдаса келе Шарбақты ауданына көштік", – дейді Жанаргүл Исабаева.

Жергілікті әкімдік жалғызбасты анаға Шалдай ауылындағы үй мен жұмыс орнын ұсынып еді, ол бас тартты. Балаларына ыңғайлы болуы үшін аудан орталығындағы мектепке жақын орналасқан үш бөлмелі үйді тапты. Ал Шарбақты ауданының әкімдігі бұл отбасыға тек жазда көмектесе алады.  

"Жанаргүл Исабаеваның тұңғышы Назымгүл биыл Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, Шарбақты ауданында еңбек жолын бастамақ. Сол кезде "Дипломмен-ауылға" бағдарламасы бойынша  0,01 пайызбен 15 жылға 3,7 млн теңге несие бере аламыз. Бұл сомаға қалаған үйді сатып алуға болады", – дейді Шарбақты ауданы әкімінің орынбасары Ризагүл Негманова.

Жанаргүл Исабаеваның өзі де қол қусырып отырмақ емес. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Бизнес бастау" жобасы аясында үш апталық курстан өтіп, 252 мың теңге грант алуға ниетті. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржыға ірі қара сатып алып, ірімшік, май, қаймақты сатылымға шығармақ ойы бар.

Қаладан ауылға қоныс аударған тағы бір көпбалалы отбасы – Қапжасаровтар Успен ауданы Ковалевка ауылының тұрғындары атанды. Төрт бала тәрбиелеп отырған жас отбасы шаңырақ көтерген 10 жыл дересінде 15 жалдамалы пәтерді ауыстырыпты.

"Шыны керек, пәтер иелерінің басым бөлігі бірнеше баласы бар отбасыға баспанасын бере бермейді. "Қашан қожайын үйден шық деп айтады екен" деген үреймен күн кештік. Сөмкеміз әркез буулы болатын. Облыстық әкімдік көпбалалы отбасыларға елді мекеннен үй ұсынып жатқанын білген кезде бірден қоныс аударуға шешім қабылдадық. Сөйтіп, бізге Успен ауданындағы Ковалевка ауылынан жайлы баспана берілді. Барлық жағдай жасалған. Орталықтандырылған су жүйесі бар. Мектеп те үйге жақын. Екі ұлым 2 және 3-сыныптарда оқиды, үшінші ұлым биыл 1-сыныпқа барады. Ал кенжеміз осыдан 1 ай бұрын дүниеге келді", – дейді көпбалалы ана Елена Әбілғазинова.

Бұған дейін қалада жүргізуші болып жұмыс істеген отағасы Әнуар Қапжасаровқа аудандағы шаруа қожалықтарының бірінен жұмыс табылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қамалованың айтуынша, бүгінде Павлодар облысында төрт және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған 3839 отбасы бар. Олардың 300-ден астамына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

"Көпбалалы отбасыларды алаңдататын басты мәселе – баспана. Олардың басым бөлігі облыс орталығында пәтер жалдап тұрады. Сондықтан, отбасыларға түсетін қаржылай ауыртпалықты жеңілдетіп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ауылдық аймақтардан үй берген дұрыс деген байламға келдік. Осы уақытқа дейін екі отбасы елді мекенге қоныс аударды, тағы бес отбасы үшін баспаналар қарастырылуда", – дейді Гүлнар Қамалова.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда аймақ бойынша 691 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оларға ауылдық жерлерден жалдамалы баспаналар ұсынылып, қоныс аударған жағдайда кезектен шығарылмайды. Уақыты келгенде облыс орталығынан пәтер беріледі.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу