"Педагог мәртебесі" туралы заң жобасын қайта қарау қажет

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12406

25 жыл еңбек өтілі бар педагогтерге зейнетке шығу мүмкіндігі берілуге тиіс.  

"Педагог мәртебесі" туралы заң жобасын қайта қарау қажет

Ресми дерек бойынша, педагогтердің орташа еңбекақысы елдегі орташа  айлықтың 65%-на тең. Ал жұмысқа жаңа орналасқан педагогтің айлығы орташа айлықтың 40-50 %-ын ғана құрайды. Үкімет алдағы

4 жылда педагогтердің жалақысын 2 есеге өсіріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отыр. Бұл үшін "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасы бекітілді. Құжат парламентте мақұлданса, қолданысқа беріледі. 

Мамандар мен сарапшылардың және педагогтердің мәлімдеуінше, заң жобасының шикілігі мен кем-кетігі бар. Оны дұрыстамай, ретке келтірмей құжатты қабылдауға болмайды. Мәселенің мән-жайын білу үшін мәжіліс депутаты Ирина Смирноваға сауал қойдық.

– "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасына қандай міндет жүктелген?

– Бұл заң жобасының тұжырымдамасы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан халқына жолдаған "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауы аясында әзірленді. Заң жобасы Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынды. Осы турасында Тұңғыш Президент: "Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуы, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс", – деді.

Заң жобасы құқықтық механизмдерді жетілдіруге, білім беру ісін меншік түріне қарамастан тиісті деңгейде ұйымдастыруға, сондай-ақ педагогтердің өзекті әлеуметтік және кәсіби мәселелерін заң аясында ұлттық, халықаралық тәжірибені назарға ала отырып шешуге ықпал етуді көздейді. Мақсатқа жету үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдары 1 202 053 580 мың теңге (2020 жылға – 214 307 301 мың теңге, 2021 жылға – 410 868 734 мың теңге, 2022 жылға - 576 877 545 мың теңге) қажет.

Заң жобасы мұғалімдердің жүктемесін азайтуды көздейді. Алайда құжатта оқу жүктемесін азайтуға қатысты талап жоқ. Заң актілерінің талаптарын, жұмыс уақытының кестесін, оқушының оқу жүктемесінің нормативтік көлемін және педагогтің шекті оқу жүктемесін анықтаушы ретінде заңмен бекіту қажет. Заң жобасында уәкілетті органның құзіретіне қатысты талаптар заңға бағынышты актілерге сілтенген. Мұндай сілтемелер оқытушы мен оқушының  жүктемесіне қатысты негізгі мәселені шешпейді. Заң мәселеге тікелей қатысты болуы керек. Бұған қоса заң бойынша бекітілген талаптан тыс жүктемеге жауапкершілік белгіленуге тиіс.

– Заң жобасының қандай кемшілігі бар?

– Заң жобасында бір-біріне қарама-қайшы баптары бар екені анықталды. Мысалы, 6-баптың 2-тармағының 1, 2-тармақшасында кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға педагогтерді тартуға  жол бермеу туралы айтылады. Алайда бұған 15-баптағы 7-тармақтың 1-тармақшасы қарсы келеді. Мұнда педагогтің жауапкершілігі туралы сөз қозғалып, "Педагогтер қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық тұрғыдан дамуына атсалысуы керек" деп жазылған.

Заң жобасы қабылданатын болса, педагогтердің мәртебесін арттыруға қатысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын тиімді ұсыныстар ескерілуге тиіс. Сонымен қатар педагогтерді әлеуметтік тұрғыдан қорғауға басымдық берілуі керек.

– Заң жобасының құрылымы жайлы не айтасыз?

– Бұл – 19-баптан тұратын құжат. Ал "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу және мұғалім мен оқушының жүктемесін жеңілдету туралы" заң жобасы 195- баптан құралған. "Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы педагогтің кәсіби қызметінің өзге мәселелерін қозғап, мұғалім  мен оқушының жүктемесін толық азайта алмаған. Аталмыш құжат педагог пен мұғалімнің жүктемесін азайтудың орнына  оқушыларды тамақтандыру мен дуальді оқыту, террористік белсенді аймақтардан оралған кәмелетке толмағандарды радикалсыздандыру және оңалту, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау ісі жөніндегі комитеттің қызметі, жоғары және одан кейінгі білім беру, кәсіптік-техникалық білім беру, туристік саяхат, экспедиця мен экскурсия өткізу, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және қаржыландыру тәртібі, жетім балаларды жанұяға кіріктіру мәселелері бойынша үйлестіруге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін қозғаған. Қазақстан Республикасы "Құқықтық актілер туралы" Заңының  23-бабының 4-абзацына сәйкес, нормативтік құқықтық актінің, баптың, бөлік басының, қосымша бөлім мен параграфтың тарауы нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанын білдіріп тұруға тиіс. Осылайша заң жобасының тақырыбын жоғарыда аталған заңның талабына сай жетілдіру қажет. Заң жобасы тек педагог мәртебесі мен мұғалім жүктемесін азайту мәселелерін ғана емес, білім саласының өзге де мәселелерін қамтыған. Біздіңше, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасының тұжырымдамасына қатысы жоқ мәселелер басқа заң жобасында қаралуы керек.

– Заң жобасына қандай өзгеріс енгізу керек?  

– Мектеп директорлары мен орынбасарларының еңбекақысын ұлғайту мәселесін заңдастыру қажет деп санаймыз. Олар мектептегі барлық оқу үдерісін ұйымдастырады. Сөйте тұра директорлар мен орынбасарлар бұл жұмыстары үшін мемлекеттен қосымша ақы алмайды. Педагогтерге бұл үшін 30 % үстеме ақы төленеді. Директорлардың орынбасарлары лауазымы үшін толық жүктемемен жұмыс істесе, педагог ретінде жарты жүктемемен сабақ береді. Осылайша 1,5 жүктеменің айлығын алады. Егер, қарапайым ұстаз ретінде 1,5 жүктемемен сабақ беріп қана жүрсе, еңбек өтілі мен санаты ескеріліп, әлдеқайда көп айлық алады. Мектеп директорлары мен орынбасарларының еңбекақысын 1,5-2 есе көтеру туралы мәселені "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасына қосу керек деп есептеймін.

Әлеуметтік кепілдендіру саласына түбегейлі өзгеріс қажет. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілеріне, мектептер мен интернаттардың, гимназиялар мен балалар үйлерінің, мектептен тыс балалар мекемелерінің, арнайы оқу орындары мен жоғары білім ордаларының қызметкерлеріне жеңілдік жасалып, үстемеақы төленуге тиіс.

Құжат бойынша педагогтер погон таққан жандар секілді мемлекет қорғауына алынуы керек. Мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер ұсына алмаған заң бос сөз, құр ұран ретінде қабылданады. Оның педагог мәртебесін көтеруге қауқары болмайды. Заңда педагогтерге берілетін әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер жергілікті атқарушы органдардың қарауына сілтенбей, мемлекет тарапынан нақты ұсынылуы керек.

"Педагог мәртебесі" туралы заңға педагогтердің орташа айлығы елдегі орташа айлықтың 1,5 коэфицентіне тең болуы керек деген бап енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ұстаздарға ұсынылатын жеңілдіктер, кепілдемелер, үстемеақылар мен айлық көлемі елдегі орташа көрсеткіштен 30-50%-ға жоғары болуы керек. Дамыған 30-40 мемлекеттің қатарына кіретін елдердің барлығында осылай. Педагогтардың айлығын келесі жылдан бастап өсіру мүмкіндігін қарауды ұсынамыз.

Талқыланып отырған заң жобасында 30 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығу үлкен бетбұрыс ретінде бағаланған. Біздіңше, "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасына 25 жылдық өтілі бар педагогтарды зейнетке шығару туралы бап енгізу қажет.

Cұхбаттасқан Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу