ПИК-ке қарыз туралы мәлімет банктерге беріледі

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
4571

Алматылықтардың коммуналдық қарызы туралы ақпарат несие тарихына қосылады.

ПИК-ке қарыз туралы мәлімет банктерге беріледі

Бірінші несие бюросы (БНБ) мен Алматы қаласының тұрғын үй басқармасы меморандумға қол қойды, енді осының аясында алматылықтардың ПИК-ке қарызы туралы ақпарат несие ұйымдарына несие беру туралы шешім қабылдауға қажетті несие есептерінің бірі болмақ.

БНБ-ның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева атап кеткендей, несие ұйымдары қарыз алушыны бағалауда ПИК алдындағы қарызы туралы ақпаратты қолдана алады.

Кез келген несие ұйымы қарыз беру туралы шешімді өзінің скорингтік үлгісі негізінде дербес қабылдайтындығына қарамастан, скоринг көптеген факторды ескереді, сондықтан коммуналдық қарыз туралы ақпарат қаржы ұйымының шешіміне әсер етуі мүмкін. БНБ-ның тәжірибесі көптеген ұйым мұндай қарызға және оны төлеу мерзімін кешіктіргенді ескеретінін көрсетіп отыр.

"ПИК алдындағы қарызы туралы ақпарат барлық заңанамалық нормалар ескеріліп барып беріледі. Мәліметтерді бергенге дейін алматылықтар өздерінің ПИК-іне барып, қарызын анықтауы керек, сондай-ақ жылжымайтын мүлік иесі туралы мәліметтің дұрыстығын және басқа да ақпаратты тексеруге тиіс. Өйткені мәліметті беру кезең-кезең бойынша іске асады", – деп нақтылады Әсем Нұрғалиева.

Тап қазіргі уақытта БНБ-ның несие есептерінде несие тарихынан басқа қарыз алушыға қатысты әртүрлі 14 дерек көзінің ақпараты бар. Оның ішінде жеке және заңды тұлғалар бойынша да ақпарат бар.

Алматылықтардың коммуналдық қарызы миллиондап жинақталып жатқаны жайлы қала шенеуніктері үнемі айтып жүр. 2017 жылдың соңында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек коммуналдық қарыз 3 млрд теңге екенін, жылу беру маусымы басталғанға дейін қарыздың жартысы мәжбүрлі түрде өндіріліп алынғанын айтқан болатын. Ал бүгінгі күні, Алматы қаласының тұрғын үй басқармасының мәліметі бойынша, ТКШ (тұрғын үйдің күтімінің шығыны) бойынша қарыз шамамен 1,5 млрд теңге, ал коммуналдық қызметке қарыз 3,5 млрд теңге.

Өткен жылы қала шенеуніктері несие берерде қарыз алушының коммуналдық қызметті төлеу қабілетімен танысу мәселесін көтерген болатын.

Әсем Нұрғалиеваның abctv.kz-ке айтуынша, БНБ алдымен Алматы қаласындағы ПИК-ке берешегі барлардың мәселесін қарастырып алмақ.

"Одан әрі қарай басқа да өңірлерді қосуды көздеп отырмыз. Бұл үрдіс, әрине, жылдам іске аса қоймайды. Бұл жобадағы міндетіміз – қарыз алушының осындай қарызы туралы ақпаратты (несие ұйымынан басқа) қарыз жүктемесін дұрыс бағалау үшін жеткізу. Сондай-ақ бұл алматылықтардың ақпаратты дұрыстау, қарызды жабу үшін ПИК-пен белсенді байланыс жасауын ынталандырады деп есептейміз. Бұдан жауапты қоғам үшін үлкен әлеуметтік нәтиже көреміз. Сонымен қатар бұл бастама DoingBusiness рейтингісінде "Несие алу" индикаторы бойынша тағы да балл алуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", – деп түйіндеді Әсем Нұрғалиева.

ТКШ шығыны – бұл ПИК-тің коммуналдық инфрақұрылымды желіден (жылу, жарық, су) үйдегі пәтерлерге дейін беруді ұстап тұруға кететін шығыны екені түсіндіріп кеткіміз келеді. Коммуналдық қызметтерді тікелей қолданғаны үшін тұрғын үй иелері тікелей төлейді.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу