Қытайда Көктем фестиваліне байланысты 3 миллиардқа жуық адам пойыздармен, ұшақтармен, автобустармен, жеңіл машиналармен сапар шегеді. Өйткені, Көктем фестивалін (Ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл) тойлау үшін ірі қалалардан ауылдарға немесе өзге шаһарларға аттанып, жанұяларымен, туған-туыстарымен кездесіп, мереке аяқталғасын кері қайтады. Салыстырып көрсек, Құрама Штаттарда Ризашылық күні 54 миллион америкалық жолға шығады.
Қытай Жаңа жылы қашан басталады?
Қытай жаңа жылы ай күнтізбесінің басталғанын білдіреді. Және де ол Көктем фестивалі деп те аталады. Бұл – Қытай үшін өте маңызды мереке. Дәл осы фестиваль кезінде тұрғындар отбасыларымен қауышып, туыстық байланыстарын нығайта түседі. Биыл Қытайда Жыл басы мерекесі ақпанның 4-де басталды. Дәстүр бойынша, онда адамдар 16 күн бойы отбасылары мен жақын-жуықтарының ортасында болып, бір-бірін құттықтайды. Содан кейін әйгілі Шамдар фестивалі басталады.
Қытай экономикасы қарқынының бәсеңдеуі мерекелік сапарларды шектей ме?
Ресми мәліметтерге сенсек, жолаушылар саны 2019 жылы азаймайды. Қытайдың теміржол компаниясының болжамынша, биылғы мереке кезінде 413 миллион адам пойызға мінеді. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 8,3 пайызға жоғары. Қытайда мерекелік сапарлар Көктем фестиваліне 15 күн қалғанда басталады. Ал, ұшақпен қатынайтындар саны 73 миллионға жетуі мүмкін. Елдің көлік министрлігінің есебінше, мереке күндері 2,99 милллиар адам әрі-бері сапар шексе, сол жолаушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда биыл 0,6 пайызға көп болады екен.
Жол қысқарып жатыр
Қытайда теміржолдағы сапарлардың уақыты бұрынғыдан қысқарып келеді. Өйткені, елде зымыран-пойыздар саны көбейген. Олар батыс пен шығыс арасында қатынап, таулардың да арасынан өтіп, жолаушыларды діттеген жеріне лезде жеткізіп, жол уақытын жай пойыздармен салыстырғанда кейде елу пайызға дейін қысқартып отыр. China Railway Corp. компаниясының мәлімдеуінше, алдағы онжылдықта елдің батысы мен орталығы арасында оқ-пойыздарға арналған теміржолдар көптеп салынады. Тағы бір феномен: қалаларға қоныс аударған ауылдық мигрант-жұмысшылар саны қалаларда көбейіп келеді. Бірақ, олар жұмысты үйлерінен жақын жерден тез табатын болған. Себебі, компаниялар өздерінің зауыттары мен фабрикаларын жағалаудағы аудандардан шығыны төмен орталық провинцияларға көшіріп жатыр.
Жеті күнде жеті миллион адам шетелге аттанады
Экономикалық жағдайы жақсарған қытайлықтар арасында мерекені жылы жақта өткізуді қалайтындар аз емес. Олардың біразы жаңажылдық фестиваль кезінде "Қытайдың Гавайы" - Хайнань курорттық аралы мен теңіз жағасындағы Сыяминь қаласына барып демалады. Сонымен қатар, қытайлықтар биыл Таиланд, Жапония, Индонезия, Сингапур, Вьетнамға да көптеп аттанады. Қытай туризм академиясының мәліметінше, бұл мемлекеттен Көктем мерекесінде берілген бірапталық каникулда 7 миллион тұрғын, яғни, Дания халқынан да көп адам шетелге жол тартады екен. Ал, АҚШ-пен арадағы сауда соғысына байланысты биыл мереке күндері Солтүстік Америкаға баратын туристер саны азая ма деген сауалған әзірге жауап жоқ.
Билет алу қиын ба?
Жаңа технология билет үшін ұзынсонар кезекке уақытты қысқартты. Дегенмен, интернетке қосылмаған жолаушыларға ақпараттық дәуірде билет сатып алу оңай емес. Оның үстіне, кейбір порталдарға робот еместігіңізді дәлелдеу үшін біраз уақыт жоғалтуға тура келеді.
Қолма-қол ақша азаяды
Қытай жаңа жылы қаңтардың соңы мен ақпанның ортасына дейінгі кез-келген күні басталуы мүмкін. Ұлттық мереке қарсаңында Орталық банк әрдайым қиын сценарийге дайын отыруға тиіс. Мәселен, Көктем фестивалі алдында кассалар мен банкоматтардан қолма-қол ақша алушылар күрт көбейетін болса, бүкіл ел ақша тапшылығынан зардап шегуі мүмкін.
Мерекеден қандай бизнес көп ұтады
"Блумберг" агенттігінің хабарлауынша, Қытайда жаңажылдық мейрам барысында алкогольдік ішімдіктер шығаратын және соларды сатумен айналысатын компаниялар көбірек ұтады. Олардың қатарында, әсіресе, люкстік арақ-шарап өндірушілер ел ішінде де, Оңтүстік Корея мен Гонконгте де мереке күндері мол табысқа кенеледі.
Арыстан Рысбек