Польшаның қарымтасы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2406

Қазақстан мен Польша арасында да визасыз қатынас орнауы мүмкін.

Польшаның қарымтасы Фото: Мария Матвиенко

Астанада өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумында екі ел президенттері осыған уағдаласты.

Негізі Польша азаматтары үшін біздің елде визасыз режим әлдеқашан қарастырылған болатын. Естеріңізге сала кетейік, поляктар Қазақстанда 30 күн визасыз жүру құқығына ие. Енді бұл бастамаға Польша тарапы да үн қоспақ.

"Қазақстандық туристер мен бизнес өкілдерінің Польшаға визасыз келуін қолдаймын. Бұл қадам іскерлік байланыстарға ғана емес, туристік қызметке де оң ықпал етпек", – деді Польша президенті Анджей Дуда.

Жалпы, Қазақстанда 61 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізілген.

Мемлекет басшысы Астанадағы форумда Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын мәлімдеді.

"Президент жанынан Шетелдік инвесторлардың кеңесі құрылды. 10 арнайы экономикалық аймақ пен 20-ға жуық индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Біз осы аймақтардың жұмысына қатысушыларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отырмыз. Оларға салық жеңілдіктері мен басқа да артықшылықтар берілген. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және шартқа отыру тәртібі жеңілдетілді. Сондықтан өзара тиімді серіктестікті нығайту үшін бизнесмендерді барлық мүмкіндікті пайдалануға шақырамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстың орнауына осындай жеңілдіктердің тигізер септігі көп. Мәселен, 2017 жылдың 28 мамырында Астана – Варшава бағытында әуе рейсі ашылды. Бұл да екі ел үшін тиімді қадам болды.

Былтыр ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Варшаваға барды. Бұл қай жағынан болмасын табысты сапар болды. Біріншіден, жоғарыда айтқан әуе байланысына қатысты мәселе реттелді. Екіншіден,  Польша астанасында өткен бірлескен бизнес-форумда құны 1 млрд долларға жуық 15 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыровтың айтуынша, соңғы 10 жылда Польша Қазақстанға шамамен 200 млн доллар көлемінде инвестиция тартқан. Ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 783 млн теңгені құраған.

Былтыр Қазақстанда Польша капиталының қатысуымен 10 кәсіпорын іске қосылып, 100 млн долларға жуық инвестиция салынған. Осылайша, Қазақстан-Польша бірлескен кәсіпорындарының ұзын-саны115-ке жуықтады. Нақты мысалдарды да келтіруге болады. Мәселен, "Польфарма" фармацевтикалық компаниясы біздің елде табысты жұмыс істеуде. "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағында "Селена групп" компаниясы құрылыс материалдарын шығаратын жобаны іске қосты. "ҚазТехМаш" зауыты "Пронар" поляк технологиясын қолдана отырып, Петропавлда ауыл шаруашылығы техникаларын жасауға кірісті.

"Қазақстан Польшамен негізгі үш бағытта байланыс орнатуға бейілді. Бірінші – өзара сауда қатынасын дамыту, екінші – инвестициялық әріптестікті одан әрі нығайту, үшіншісі – көлік-логистика саласында байланысты жақсарту", – деді Қазақстан-Польша бизнес-форумында Ерлан Қайыров.

Сонымен қатар қос тарап агроөнеркәсіп кешені саласындаға да берік байланыс орнатуды көздейді. Соның бір дәлелі ретінде поляктардың Екібастұз аумағында агроқалашық салуын мысалға алуға болады. Бүгін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен польшалық тарап аталған жоба бойынша меморандумға қол қойды.  

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың сөзінше, Қазақстан мен Польша ауыл шаруашылығы саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Бұл ретте біздің тарап қолайлы инвестициялық климат жасауды басты мақсат санайды.

Астанада өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумына қос тараптың бизнес саласындағы 450-ден астам өкілі қатысты. Форумда бірқатар меморандумға қол қойылды. Үш сессия бойынша өзекті тақырыптар қаузалғанын да айта кетейік.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу