Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев өзі басқарып отырған елдің сайлау процесіне араласты деп тағы да Қазақстанды кінәлады. Мемлекеттік марапат тапсыру салтанаты кезінде көрші елдің басшысы "Қазақстан үкіметі бізге өзінің үміткерін тықпалап отыр" деп мәлімдеді.
"Олар Бакиевті жақсы көреді. Бакиевтер әлі күнге дейін Қазақстанда той тойлап жүр... Өйткені біз Қазақстан халқына жаман үлгі көрсетіп отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс айтады, Алматының жалпы ішкі өнімі тұтас Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінен 5 есе көп, ал Қазақстан экономикасы Қырғызстан экономикасынан 20 есе артық. Қазақстанның орташа жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші Қырғызстанға қарағанда 20 есе көп. Бұлай болатын болса неге Қазақстанның зейнетақысы Қырғызстанның зейнетақысынан небары бір жарым есе ғана көп, неге 10 есе емес, ал тарифтері неге 5 есе жоғары? Себебі олар Қазақстанның байлығын ұрлап жатыр. Біз оларға жаман үлгі көрсетіп отырмыз, Атамбаев – әділ биліктің жаман үлгісі. Бабанов пен Сариев (Өмірбек Бабанов және Темір Сариев Қырғызстан Республикасының президенттігіне үміткерлер.- автор еск.) секілділер тағзым етіп барып жүрген Өтемұратов сияқты олигархтар менде байымас еді. Назарбаев Бабановпен кездескенде жас президент туралы дұрыс айтты. Бірақ жас президент кімге керек? Бізге ме, әлде Қазақстанға ма? Мен Назарбаевың жас президент бізге келсін деген сөзін қолдаймын. Егер біздің көршілер ақылға келмесе, мен басқаша сөйлейтін боламын", - деп Қырғызстан президенті аяқ астынан ашуланды.
Қырғызстан Республикасының басшысы өзінің жиырма минут сөйлеген сөзінде "қазақстандық проблемаға" қайта-қайта тоқталды, осыдан барып оны алдағы сайлаудан гөрі осы мәселе қатты толғандыратыны көрініп қалды.
Сондай-ақ Қырғызстан басшысы президенттікке үміткер Өмірбек Бабановпен және Темір Сариевпен өзінің президенттік өкілеті біткенге дейін, яғни 2017 жылдың 1 желтоқсанына дейін "сөйлесем" деп қорқытты.
Ал Қазақстанның сыртқы саяси ведомствасы Қырғызстан президентінің айтқандарына жауап қайтарды.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды. Қырғызстан Президентінің сайлауалды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәндегі және жалған пікірі екі ел арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланысына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз. Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынасын дамыту жолына берік болып қала береді",- делінген мәлімдеме мәтінінде.
Бұл жарты ай ішінде Қырғыз Республикасы мен Қазақстан арасындағы екінші қарсылық нотасы.
20 қыркүйек күні Қазақтан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қырғыз елінің президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановты қабылдаған болатын. Сондай-ақ дәл осы күні Қазақстанның Қырғызстандағы уақытша сенімді өкілі Кәрібжанов 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуге қатысты СІМ-ге шақырылып, оған Қазақстандық тарапқа қатысты қарсылық нотасы тапсырылған еді. Бірақ та ҚР СІМ президенттің басқа елдің өкілдерімен үнемі кездесетінін мәлімдеді. Мысалы Нұрсұлтан Назарбаев 14 тамыз күні тағы басқа президенттікке үміткер Сооронбай Жээнбековпен кездескен болатын.
Бұған дейін барлығы басқаша еді...
Айта кету керек, Алмазбек Атамбаев бұған дейін Қазақстанға және Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы осыншалықты жағымсыз пікір айтқан емес, тіпті ол Қазақстанды өз еліне үлгі ретінде көрсететін.
"Менің ойымша, Ақаев пен Бакиевтің орнына Назарбаев президент болғанда, онда біздің жағдайымыз мүлдем басқаша болар еді. Ең бірінші, Қазақстан президентіне алғысымды білдіргім келеді, кездескен сайын оның тек өз елінің ғана емес, сонымен қатар Қырғызстанның да ақсақалы екеніне толық көзім жетті. Оның біздің елге жаны ашиды. Мұндай көшбасшы ілуде біреу ғана. Назарбаев сияқты көшбасшыны табу қиын. Тек Қазақстанның халқы ғана емес, әр ел осындай көшбасшы болғанын қалайды", - деді Алмазбек Атамбаев 2015 жылдың 20 наурыз күні "Ала-Тоо" тұрғын үй алабында мектептің ашылу салтанаты кезінде .
Тура сол жылдың тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстанның арасында кедендік шекараны ашу салтанатында Атамбаев қазақ елі мен оның көшбасшысына деген ыстық ілтипатын тағы білдіріп:
"Қырғызстанда Нұрсұлтан Назарбаев сияқты президент болған жоқ, сондықтан біз елдің дамуы жағынан қалыс қалып отырмыз. Қазақстандағы адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейі біздегіден 15-20 есе жоғары. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстан жалпы ішкі өнім бойынша ТМД елдерінің арасында бірінші орынға шығады. Назарбаев Орталық Азияның алдыңғы қатарлы елдерінің бірінің ғана көшбасшысы емес, сонымен қатар бүкіл әлемнің көшбасшысы. Мен онымен үнемі ақылдасамын. Құдай оған денсаулық беріп, Қазақстан халқының жолын ашсын!" - деген болатын.
Қазақстан президенті 75-ке толғанда екі ел арасында достық пен көршілікті нығайтудағы айтарлықтай еңбегі үшін Қырғыз елінің атынан I дәрежелі "Манас" орденін табыс еткен еді қырғыз басшысы.
Айта кету керек, Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанға қарсы айтқаны Қырғызстанда жүріп жатқан сайлау алдындағы қызуқандылық қана емес, сонымен бірге оның психологиялық тұрғыдан шаршағандығының белгісі болуы мүмкін. Дәл осы күні оның үміт артып отырған жақтастарының бірі, Қырғызстанның вице-премьер-министрі Темір Жұмақадыров жол апатына ұшырап, қайтыс болды. Бішкектен мемлекеттік төңкерістің лебі білінеді.
Жалпы соңғы апта Қырғызстан үшін өте қарбалас болды. 30 қыркүйек күні Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қырғызстан" парламенттік фракциясы көшбасшыларының бірі Қанатбек Исаевты ұстады.
Қырғызстанның Бас прокуратурасы Қанатбек Исаевқа қатысты қылмыстық іс қозғап, оған билікті қарумен басып алу және сайлау кампаниясы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тақты. Құқық қорғау органдары өздерінің болжамын оперативтік бейне түсірілімдермен нақтылады.
Қырғызстанның бас прокуратурасының ресми хабарламасында қылмыстық іс материалдары бойынша Қанатбек Исаев президенттікке үміткер Өмірбек Бабановтың белсенді жақтастарының бірі, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, кейін билікті зорлық көрсетіп басып алу мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен келісіп, жас жігіттерді пара беріп сатып алып, оларды сайлау кезінде және сайлаудан кейін заңға қайшы акцияларға қатыстыруды жоспарлаған болып отыр.
Саяси сарапшылар ұсынылған дәлелдер ақылға сыйымсыз және негізсіз екенін бірауыздан айтты.
Бабанов пен оның жақтастарына қарсы кампания одан әрі жалғасып, 3 қазан күні Қырғызстанның оңтүстігінде осы кандидаттың жақтастарын қорқытып-үркітіп, ұрып соғып жатыр деген ақпар тарады. Сондай-ақ қыркүйектің соңында оның Ош тұрғындарымен кездесуін де өткізбеуге тырысқан.
"Маған осы кездесуді өткізуге кедергі жасағанын айтты. Маған біздің банерлерді алып тастап, штаб басшыларын қорқытып жатқанын, тіпті сіздерге менімен кездесуге келмеуді бұйырғанын айтып жатыр. Мұның арты не болады? Сіздер осылай өмір сүре бермекшісіздер ме?" - деді Өмірбек Бабанов Ош қаласында өткен кездесуде. Бұл жайында қырғызстандық БАҚ жазуда.
Бұған қоса үкіметтік арналар қоғамға Өмірбек Бабанов қырғыз емес, ол "атақты ұры және алаяқ" деген пікір таратып жатыр. Шындығында Қырғызстанда Өмірбек Бабановты жасырын түрде "суперрейдер" атайды. Қырғызстандық БАҚ-тың мәліметі бойынша, оны байлығы 2 млрд доллар, оның бұған дейін бірнеше рет сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжалдармен аты шыққан.
2012 жылы тіпті Қырғызстан көлік прокуратурасы ағылшын сәйгүлігіне қатысты тексеріс жүргізе бастаған. Қырғызстан парламенті депутаттарының айтуынша, сәйгүлікті сол кезде премьер- министр болған Өмірбек Бабановқа түрік бизнесмені Хункар Адали өз бизнесін Қырғызстанда жүргізу үшін сыйға тартқан.
Қалай болғанда да негізгі текетірес алдағы аптаның жексенбі күні Қырғызстан президентін сайлау кезінде Өмірбек Бабанов пен Атамбаевтың үміткері Сооронбай Жээнбеков арасында болмақ. Сарапшылардың айтуынша, Қырғызстан президенті қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр, оның ішінде Қазақстанға қарсы долылығын іске қосып жатқан секілді.
Орталық Азия елдері бойынша сарапшы, саясаттанушы Аркадий Дубнов abctv.kz -ке білдірген пікірінде Атамбаев басынан бақ тайып бара жатқанын сезіп отырғанын айтты. Саясаттанушы Атамбаевтың "жүйкесінің" сыр беруін вице-премьер-министрдің жол апатынан қайтыс болғаннан кейінгі күйзеліс болуы мүмкін дейді. Бірақ та ол әлі қайтыс болған вице-премьер-министрдің отбасына көңіл айтпаған.
"Қазір қамауға алынған депутат Қанатбек Исаевқа қатысты оқиға танымал болып жатыр. Оған мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген айып тағылды. Бірақ та оған негіз болатын еш дәлел жоқ. Бұл қырғызстандық тыңшылардың ойластырмай, олақ істеген шаруасы, егер ол жерде шынымен де нақты бірдеңе болған болса, онда үкімет оны бірден қолға түсіріп, қылмыстық іс қозғар еді. Қазір мұның барлығы бос шаруа екені белгілі болып отыр, сайлау біткеннен кейін Қанатбек Исаевты босатуы мүмкін. Мұның бәрі Бабановты арандату үшін жасалды, алайда ол бәріне төтеп беріп, сайлау біткенге дейін сыр бермейтін түрі бар", - деді Аркадий Дубнов.
Сарапшы Алмазбек Атамбаевтың күйгелектенуіне бірқатар факторлар себеп болды деп есептейді. Оның ішінде егер билік басына Атамбаевтың қалаған адамы келмейтін болса, онда оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, президент болған кезіне тексеріс жүргізілуі мүмкін. Сондай-ақ ол билікке деген ықпалын жоғалтып аламын ба деп қорқады. Сарапшы кейде Атамбаев өз елінен ешқайда кетпейтінін, "соттаса өз отанымда соттасын" деп айтатынын байқаған.
Күш көрсету басталды
Саясаттанушы Аркадий Дубнов Атамбаевтың әрекетінде қоғамдық реакция бар екенін айтты, өйткені "Әділ сайлау үшін" одағы құрылған. Ол Орталық Азияның тарихында алғаш рет Қырғызстанда Конститутция бойынша басқарудан кеткен президенттің орнына әділ баламалы сайлау өткізу дәстүрін жалғастыру мүмкіндігі бар екенін айтты. Бірақ та ол іске аса ма –мәселе сонда болып тұр. Саясаттанушы ОСК үкіметке тәуелді екенін жасырмайды. Ол сайлау нәтижесі бұрмалануы мүмкін екенін, сондай-ақ күштеп қорқыту оқиғаларының орын алу қаупі бар екенін айтты.
"Осы сайлаудың нәтижесі Орталық Азия үшін жолайрық болуы мүмкін. Егер әділ сайлау өтпейтін болса, онда өз елдеріндегі демократияға онсыз да күдікпен қарайтын көршілердің сенімі одан сайын өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан қырғыз демократиясының қандай деңгейде екені барлық өңірдегі жағдайға байланысты болады", - деп есептейді Аркадий Дубнов.
Ол Атамбаевтың соңғы кезде айтқандарының барлығы "психикалық тұрғыдағы жағдайына" байланысты мәселені білдіретінін айтты.
Сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы сарапшы Григорий Трофимчук "посткеңестік кеңістікте ақша аз, сондықтан саяси жанжал шиеленісіп барады" дейді. Ал мұндай жанжал алғаш рет болып тұр. Бұл жанжал тек сайлаумен ғана байланысты емес, ол Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы экономика саласында шешілмей қалған мәселеге байланысты болып отыр.
Саясаттанушының айтуынша, бір проблема екінші проблеманың шығуына себеп болуда. Сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа елдің ішкі шаруасына белсенді араласып жатқанын тіпті көз алдына елестете алмайтынын тілге тиек етті. Оның ойынша, Қазақстан көшбасшысының қалыптасқан имиджі мүлдем басқа. Алайда қазақстандық тарапқа көршілес ағайындармен жақсы қарым-қатынас болғаны жақсы. Өйткені ЕАЭО және ҰҚШҰ аясында екі елдің арасындағы жанжал туындап жатуы мүлдем дұрыс емес. Бірақ бұл тұрғыдан алып қарайтын болсақ, қырғыздарды түсінуге болады. Өйткені жоғары билікке ұмтылатын жергілікті олигархтарды ешкім ұната қоймайды, ал олардың президент болғанын мүлдем қаламайды деп атап кетті сарапшы.
"Сондай-ақ өз президенттерін жиі тақтан тайдыратын Қырғызстанда өкінішке қарай, президентке деген сенім әлі күнге дейін жоқ екенін көруге болады. Сонымен қатар жемқорлықтан сақтандырудың кепілі ретінде елдің Конститутциясымен бекітілген жалғыз президенттік мерзім - тұрақсыздандырушы факторлардың бірі болуы мүмкін. Әсіресе бұл жоғары биліктің ауысуы кезінде байқалып отыр. Билікке таласып отырған басты екі үміткер қазірдің өзінде өзінің жеңілетінін алдын ала мойындағысы жоқ. Егер Атамбаевтың қалап отырған адамы жеңеді деген үміт басым болатын болса, онда Бішкек сайлауды жоспар бойынша өткізуге мүмкіндік алады. Өмірбек Бабанов қарсыласының жеңіске жетуіне өзі көмек жасап жүрген сияқты. Өйткені өзінің кампаниясы барысында бірқатар қателік жіберіп алды. Президент Атамбаевтың Қазақстан өзінің қолшоқпар-үміткерінің көмегімен сайлау процесіне араласып жатыр деген мәлімдемесі іс жүзінде Жээнбековтің пайдасына жұмыс істейді. Өйткені сайлаушылар бірден Бабановты олигарх сонымен қатар "басқа мемлекеттің" шашпауын көтеруші деп қабылдайды. Осылайша Қырғызстанның қазіргі президені сайлауға бір апта қалғандықтан, өзінің үміткерінің рейтингісін көтеруге барын салып жатыр. Интеграцияланған еуразиялық мемлекет үстінен қарайтын құрылымдарда осындай маңызды мәселелерге қатысты тіпті ресми емес болса да пікір білдіру жоқ екені өте жаман", - деп қорытындылады саясаттанушы.
Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов