Реципиент аман, донор қайтыс болды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
8441

Денсаулық сақтау министрлігі ақша үшін ағзасын сататын адамдардың тәуекелін қолдамайды.

Реципиент аман, донор қайтыс болды

Алматыда №7 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек доноры қайтыс болды. Осыдан үш ай бұрын болған қайғылы оқиға көпшілікке енді хабарланып, себеп-салдары енді анықталып жатыр. Бұл жағдайды денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жақсы біледі.

"27 жастағы жігіт операциядан соң қайтыс болған. Заң бойынша донор операцияға бүйрегін беруге келісім беруі керек. Ондай келісім бар. Қосымша хабарланады", – деген болатын осыдан біраз бұрын министр.

Дәрігерлер  трансплантологиялық операция  кезінде  донор емес,  реципиенттер ұйқыдан оянбай қалатын жағдай кездесетінін, ал донордың қайтыс болуы бірінші рет болып отырғанын айтты. Жалпы донордың қайтыс болуы тек бізде ғана емес, әлемде өте сирек кездесетін жағдай екен. Өркениетті елде мұндай жағдай болса, қоғам аяғынан тік тұрады. Себеп-салдары ізі суымай жатып  түсіндіріледі.

Аурухананың бас дәрігері Марат Абдуллаев журналистермен жүздескенде операция кезінде бас дәрігер лауазымында болмағанын, реципиенттің жағдайы жақсы екенін, дәрігерлердің бақылауымен үйінде ем алып жатқанын хабарлады.  

Ағза алмастыру операциясы өткен жылы 8 желтоқсанда жасалған. Операция алдындағы зерттеу нәтижесі жігіттің донор болуға, операция арқылы бүйрегін алуға денсаулығы жарайтынын көрсеткен. Талдама нәтижесі  жігіттің  созылмалы жөтел, сосын созылмалы гастритпен ауырғанын көрсеткен. Бұл донордың бүйрегін алуға кедергі келтірмейді екен. Арада бір апта өткенде донор болған жігіттің дене қызуы көтерілген. Ал 26 желтоқсаннан бастап жағдайы күрт нашарлап, 19 қаңтар күні қайтыс болған.

Донордың қайтыс болғаны жайлы ақпарат араға 3 ай  салып барып жария болды. Дәрігерлердің ресми пікірі де үш айдан соң айтылды. Мұны олар донор болған жігіттің  туыстарының қалауы деп түсіндірді. Марқұмның жақындары жағдайдың жария болғанын қаламаған. Ақпарат бұқараға белгілі болғаннан соң бір-біріне кереғар пікір тарай бастады. Ресми мәлімет донор болған адам реципиенттің немере ағасы десе, ел арасындағы сөз олардың екі ұлттың өкілі екенін айтады. Оқыс оқиға дәрігерлердің жауапсыздығынан болды деген де пікір бар.

Бұл арада түсінбестік туғызып отырған жайт - донор мен реципиенттің арасындағы туыстық байланыстың жоқтығы. Еліміздің қолданыстағы заңы бойынша, науқастың туыстарының бірі донор болады немесе мәйіттің мүшесі салынады. Әзірше донор мен реципиенттің туыстық байланысы туралы нақты ақпарат жоқ.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Исабеков  журналистерге қайғылы оқиғаға байланысты комиссия құрылғанын, соңғы байламды солар айтатынын жеткізді. Осыған қатысты министр Елжан Біртанов: "Дәл қазір тексеру жүріп жатыр, нәтижелері алдағы уақытта жария болады. Сол кезде медицина қызметкерлерінің кінәсі бар немесе жоқ екендігі айтылады. Трансплантация - жоғары технологиялық медициналық көмек және оның тәуекелі бар. Ота жасалардың алдында донор да, реципиент те келісім береді. Қайғылы оқиға орын алды. Дәрігерлер оның жанын сақтап қалуға тырысып бақты. Мұндай жағдайда міндетті түрде сараптама жүргізіледі", – деді.

Оның сөзінше, тексеруге арнайы мамандар жұмылдырылады.

"Мәселені ушықтырудың қажеті жоқ. Себебі бізде трансплантацияға зәру болып отырған науқас жандар көп. Денсаулық сақтау министрлігі ақша үшін ағзасын сататын адамдардың тәуекелін қолдамайды. Заң тұрғысынан бізге, яғни дәрігерлерге ғана емес, құқық қорғау органдарының өкілдеріне де осы бағытта жұмыс істеу керек", – деді министр.

Қазақстанда заң бойынша генетикалық жағынан туыс адамдар ғана донор бола алады. Науқас пен донордың туыстық байланысы қалай анықталады деген сұраққа  трансплантология орталығындағы ағзаны трансплантациялау бөлімінің бастығы Ғани Құттымұратов: "әрбір орталықта этникалық комиссия жұмыс істейді. Олар мақұлдамайынша ағза алмастыруға жол берілмейді", – деп жауап берді. 

Ағза алмастыру кезінде қайғылы жағдай орын алса, донор болуға тілек білдірген азаматтың жазбаша нотариалды келісімі дәрігерді қорғап шығады екен. Осы құжат қолда болса, онда екі тараптың бір-біріне генетикалық туыс екенін заң бойынша дәлелдеудің қажеті жоқ. Ал ел арасында ерлі-зайыптылардың немесе құдалардың бір-біріне донор болғаны  жайлы  ақпарат бар. Бірақ "генетикалық жағынан туыс емес" деп құқық қорғау орындарының біреуді қудалағаны туралы дерек жоқ. Біз осы мәселенің қылмыстық емес, адамгершілік сипатына басымдық береміз. Демек донор мен реципиенттің генетикалық байланысы туралы мәселе қарастырылмайды.

"Трансплантация тәжірибесінде әйелі күйеуіне немесе алыс туысы донор болған жағдай көп кездеседі. Қолданыстағы заң бойынша бұлай етуге болмайды. Осыған байланысты заңға өзгеріс енгізу керек. Себебі әлемдік тәжірибеде науқастарға ізгі ниетпен донор болатын жағдай аз емес", – дейді Ғани Құттымұратов.

Дәрігерлер заңға "бір-біріне туыс  емес адамдар донор бола алады" деген сөзді енгізуді құптайды. Осылай болған жағдайда "адамдар ағзаларын ашық түрде саудалауға көшіп кетпей ме деген сұраққа мамандар "жағдайды бақылауды ұстаудың тетіктері бар" дейді.

Бүгінгі таңда  ағза саудасының бәсі қызып тұр. Бұл саудаға отандық сайттар да атсалысып жатыр. "kz24 net" порталында адам ағзасының саудасына қатысты мәлімет күн сайын жаңартылып тұрады. Мысалы "2900 00 00 млн рубльге бүйрек сатып аламын" деп жарнама берген  ресейлік клиент бізге телефон арқылы ағза табылған жағдайда Ресей мен Қазақстанның кез келген қаласында трансплантологиялық ота жасауға келісетін таныс дәрігерінің бар екенін, ол шаруаны әп-сәтте шешіп беретінін жасырмай айтты.

Заңға сүйенсек, ағзаны саудалау да, ғаламтор арқылы жарнамалау да қылмыс.  Бірақ аталмыш сайт бір емес, бірнеше жылдан бері адам ағзасын сатуға қатысты жарнама жариялап келеді. Бұл жерде жарнама берушінің мекенжайы мен телефон нөміріне дейін көрсетіледі.

Дәрігерлер тәжірибелерінде ағзасын саудалайтын адамдардың кездесетінін жасырмай айтады. Қылмыстық кодекстің 113-ші бабы бойынша мұндай адамдар 7-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ хабарландыру арқылы ағзаларын сататын адамдарды  полиция қызметкерлері тезге сала алмайды. Себебі олардың үстінен реципиент шағымданбайды.

Осыдан 2 жыл бұрын Алматыда қызына 15 мың АҚШ долларына бүйрек сатып алмақшы болғаны үшін әйел адам 1,5 жылға шартты жазаға кесілді. Елімізде бұдан басқа оқиға тіркелген жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы көрсеткендей, қайтыс болған бір адамның органы бес-алты науқастың өмірін құтқарады. Бүгінгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 7 мыңға жуық адам түрлі ағзаға зәру болып отыр.

Оның ішінде 3 мыңнан астам адам бүйрек ауыстыру кезегінде тұр. Бүйрегі істемей, гемодиализ аппаратына тәуелді болып қалған әрбір науқастың қанын аппаратпен жаңартып, ағзада жиналатын шлакты тазарту үшін әрбір науқасқа  ел бюджетінен  жыл сайын 700 мыңнан 1 млн теңгеге дейін қаражат бөлінеді.

Ал донор табылған жағдайда ота жасау мемлекет есебінен жүзеге асады.

Осы тұста мамандар  азғзаны  тірі донордан емес, мәйіттен транспланттау экономикалық тұрғыдан да, қауіпсіздік тұрғысынан да әлдеқайда тиімді екенін алға тартады.

"Мәйіт ағзасын донор ретінде пайдалану транплантация саласын алға жылжытады. Адам көз жұмғаннан кейін жүректі – 4, бауырды – 6-8, бүйректі 24 сағат ішінде басқа адамға салып үлгеру керек екен.  Бұрын денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша туыстары рұқсат бермесе, мәйіттің ағзасын алу заңға қайшы болатын. Министрліктің  2009 жылғы бұйрығы бойынша,   марқұм қолхат қалдырмаса, оның ағзасын пайдалану заңды болып есептеледі. Бірақ кедергі көп. Қайтыс болған тумасының денесін кескені үшін дәрігерлерді сотқа сүйрейтіндер жоқ емес", – деді Алматы қаласының бас трансплантологы Мұса Сахипов.

Ел ішінде күту қағазына байланысты да күмәнді әңгімелер көп еді. Себебі бұған дейін орталықтандырылған жүйесі болмады. Әр аурухана дербес жүйеде жұмыс істеді.Әрқайсысының өз кезегі болды. Бізге дәрігер-трансплантолог Дағмара Бетирова мәселенің оңтайлы орайластырылғанын айтты.

"Күту қағазы  кезегі орталықтандырылған жүйеге қосылды. Бұл жүйеге науқас арнайы комиссияның шешімімен тіркеледі. Кімнің жағдайы нашар болса, ағза ең әуелі соған беріледі. Науқастар донордың табылғаны туралы ақпаратты дәрігерден емес, орталықтандырылған қан орталығынан алады. Бұл жүйе бойынша науқастар үш ай сайын емес, жылына бір рет қан орталығына барып, қан талдамасын тапсырып тұруы тиіс", – деді Дағмара Бетирова.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу