Елбасы биылғы Жолдауында еліміздегі өндіріс орындарын қажетінше модернизациялаудан өткізіп, заман талабына сай өнім шығаруды мақсат етіп қойды. Бұл жаһандық бәсекелестікке қарсы тұратын қадамдардың бірі. Осы бағдарламалық жоспар аясында Павлодар облысындағы іргелі өндіріс ошақтары өз нысандарында жаңарту мен жаңғырту жұмыстарын қолға алып, соны технологиялар енгізуде.
Мұның барлығы еңбек өнімділігін арттыру үшін қолға алынған келелі іс болып табылады. Солардың бірі мыңдаған шаңырақтың түтіні түзу шығуына септігін тигізіп отырған "Казхром" трансұлттық компаниясының құрамына енетін Ақсу ферроқорытпа зауыты.
Хром, кремний және марганец қорытпаларын шығаратын аталмыш кәсіпорын жақында №6 цехын реновацияламақшы. Осы арқылы газ қалдықтарын қысқартып, өнімділік көрсеткішін көбейтуді көздеп отыр.
Қайта қалпына келтірумен қалыпты күрделі жөндеуден реновация үдерісі тек қана құрал-жабдықтарды жаңартуға бағытталуымен бірге замануи технологияға көшуімен ерекшеленеді.
АФЗ-да реновацияны №6 цехтағы №64 балқыту пешін түбегейлі модернизациялаудан бастамақшы. Бұл аталмыш агрегат толықтай бұзылып, оның орнына қайта жаңа пеш салынады деген сөз. Түрі мен құрылымы да басқа болады.
Жақында Ақсу қаласында өткен аталмыш инвестициялық жобаның қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау жөніндегі қоғамдық тыңдауда "Казгипроцветмет" ЖШС өкілі Андрей Васильев атап өткендей, балқыту агрегаты герметикалық жабық болады. Яғни барлық ферроқорытпа газын ұстап қалып, оның бір бөлігін шихталық материалдарды жылытуға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл балқыту кезінде қажетті электр энергиясын тұтынуды айтарлықтай төмендетуге жол ашады. Агрегаттың жеке қуаты 63-тен 81 МВт-қа дейін артады. Осылайша қуаттылық коэфициентін орнатумен жаңа трансформаторлар пайдаланылады. Пештің өнім өндіру қуаты 35%-ға өседі.
Бұрынғы Кеңес елдері кеңістігіндегі ең ірі №6 цехтағы реновация жобасын жүзеге асыру бірнеше жылға жоспарланған. Бұл жұмыс 2014 жылы базалық инжинирингті орындаумен бастау алған. Оны зауыт үшін оңтүстікамерикалық "Tenova Pyromet" компаниясы орындаған және аталмыш компания негізгі құрал-жабдықтарды жеткізіп берген.
Ақсу феррорқорытпа зауытында арнайы құрылған реновация тобының жетекшісі Александр Шестаковтың сөзіне қарағанда, жаңартылған пеш пайдалануға берілгеннен кейін онда технологиялық режим ретке келтірілген соң барып, цехты модернизациядан өткізу жалғасын табады. Әрі қарай қалған 61, 62 және 63 агрегаттар ауыстырылады. Мұның барлығы жоғары көміртекті феррохром шығаруға жол ашады.
№6 цехтағы жүйелі жұмыстарға құйылатын инвестиция көлемі 150 млн доллардан астам соманы құрайды. Ренновация бойынша жұмыстар шеңберінде серіктестермен келісімшарт жасалған. Базалық одан кейін бөлшектік инжинирингпен оңтүстікамерикалық компания мамандары айналысуда. Олар тек қана құрал-жабдықтарды жеткізіп беруге емес, сол секілді қажетті технологиялық көрсеткіштерге шығару міндетін мойындарына алады. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау "Казгипроцветмет" ЖШС жүктелген. Қазіргі таңда зауытқа негізгі құраушы бөліктер әкелінген, олардың арасында №64 пешті реновациялауға арналған әрбірінің қуаты 27 МВА-ны құрайтын үш жаңа италиялық трансформатор әкелінген. Олардың металлургиялық процеске игі әсерін тигізумен қатар, пештің электрмен жабдықтау жүйесі сенімділігін арттыратын пайдалы қуаты жоғары болады.
Реновация жүргізудің тағы да бір маңызды басымдығы экологиялық қорғау деңгейін арттыруда болып отыр. Ферроқорытпа зауытының экологі Инна Давыдова қоғамдық тыңдаулар кезінде атап өткендей, цехта пайдалы әрекет коэффициенті 99,98%-ды құрайтын екі жаңа газтазалағышты монтаждау сыртқа газ шығару көлемін төмендетеді. Еңбек қорғау саласында да оң қадамдар көп.
Шахтаны алдын ала жылыту қондырғысын монтаждау нысанда апатты жағдайды төмендетуге мүмкіндік береді. Балқытушылардың жұмысы кезінде газ және шаңның бөлінуін төмендетуге де жағдай қарастырылған. Жобадағы барлық шараларды жүзеге асырғаннан кейін өнімнің өзіндік құны 5%-ға төмендейді деп күтілуде.
№6 цехта жүргізілетін реновация кезінде көптеген тиімді де өнімді нәтижеге жол ашатын шаралар жүзеге асырылмақ. Мәселен жобада ферроқорытпаны пештен шығарылғаннан кейін өңдеу үшін құрал-жабдықтарды пайдалану жөніндегі бай тәжірибеге негізделген шешімдер қарастырылған. Бұл жоғары көміртекті феррохромды кен шикізатынан оқшаулау деңгейін айтарлықтай арттырады. Сол секілді алғашқы өзгеріс пештерді құю аралықтарға жақын жерге көшіру болып табылады. Аталған іс құю кезінде шөміш тіркемесін пайдаланбау үшін жасалып отыр. Жоғары көміртекті феррохромды айтарлықтай көп алу мақсатында шөміштер ферроқорытпа газымен шамамен 1200 градус цельсияға дейін қыздырылады. Мұның есебінен қақтың пайда болуы төмендейді, шөміште металл мен қожды бөлу жеңілдейді.
Қорытпаны өндіру алдында ең жоғарғы жылыту температурасымен қамтамасыз ету үшін әрбір пешті екі шөміш жылытқышпен жабдықтау жоспарлануда. Бұл шаралардың барлығы электр энергиясының үлес салмағын 20%-ға төмендетуге, ферроқорытпа алуды 85%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал толық герметикалық пеш қазіргі қолданыстағы жабық пештерге қарағанда айтарлықтай көп ферроқорытпа газын өндіреді. Әрбір жаңа пеш энергетикалық құндылығы шамамен 41 МВт/сағатты құрайтын болжалды түрде 12600 Нм3/сағат газ шығаратын болады.
Реновация тобының жетекшісі Александр Шестаковтың айтуынша, №64 пешті реновациялауға үлкен үміт артылып отыр. Егер жаңарту жұмысы жемісті болса, бүкіл зауыт осы бағыт бойынша дамиды. Балқытушылар мен краншылардың жұмысы жеңілдеп, барлық балқыту үдерісін электроника бақылайды. Екіншіден, балқытылған қож құйылған кран сыйымдылығын автоқожтасушылар жүзеге асырады. Бұл өнімділікті арттырып, өнімнің өзіндік құнын арзандатып, электр энергиясының үлес салмағын төмендетуге әкеледі. Ал жалпы құрылым инфроқұрылымның жаңа деңгейіне шығады, басты мақсат та осы болып отыр. Бүгінгі күні жан-жақты пысықталған жоспар бар, енді соны жүзеге асыру ғана қалды.
Бек Темір, Павлодар