Ресей коронавируспен қалай күресіп жатыр

5653

Бір айлық карантиннің кесірінен 2020 жылы елдің ЖІӨ-сі 1,5-2%-ға қысқаруы мүмкін.

Ресей коронавируспен қалай күресіп жатыр

Владимир Путин ел аумағында төтенше жағдай жариялаған жоқ. Ал өңірлердегі билік коронавируспен қалай күресетінін, қандай шаралар қабылдайтынын өзі шешетін болды. Соңғы ресми мәлімет бойынша, Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 5389-ға жеткен. 45 адам қайтыс болды. 355 кісі аурудан құлантаза жазылған.

Оқшаулану қалай жүзеге асырылып жатыр?

Ресейде коронавирустың таралу қарқыны баяулап келеді. Десе де Путин 30 сәуірге дейін демалыс күндері режимін жариялады. Яғни ол уақытқа дейін халықтың басым бөлігі жұмыс істемейді, бірақ олардың жалақылары сақталады. Ал 30 наурызда премьер-министр Михаил Мишустин өңірдегі биліктен Мәскеудегідей шектеу шараларын енгізуді сұраған болатын. Осыдан кейін бірнеше аймақтың басшысы толықтай оқшаулану режимін жариялады. Мысалы, Санкт-Петербург тұрғындарына тек ауруханаға (шұғыл медициналық көмек алу үшін), дүкенге және жұмысқа баруға (қашықтықтан жұмыс істеуге рұқсат берілмеген жағдайда) тыйым салынбаған. Шаһар басшысы Александр Бегловтың айтуынша, үй жануарларын үйден 100 метр қашықтықта серуендетуге және қоқыс лақтыруға рұқсат берілген. Мәскеуде де дәл осындай шектеулер. Мұнда карантин бұзғандарға 15000-300000 рубль көлемінде айыппұл салынып жатыр. 

Толықтай оқшаулану режимін жариялаған елдімекендер: Мәскеу, Мәскеу облысы, Санкт-Петербург, Ленинград облысы, Адыгея, Архангельск, Белгород, Волгоград, Калининград, Курск, Мурманск, Нижегород, Новгород, Липецк, Новосибирск, Рязань, Саратов, Свердлов, Ульяновск, Ростов, Калуга облыстары, Марий Эл, Коми Республикасы, Татарстан, Шешенстан, Чувашия, Якутия, Башқұртстан. 

Путин карантин бұзуды қалай бағалады?

Карантин нормаларын бұзу – қылмыстық немқұрайлылық. Ресей президенті Владимир Путиннің оқшаулану ережесін сақтамағандарға деген көзқарасы осындай. Ол өңірлердегі билік те осындай пікірде болуы керектігін алға тартты. 

Карантиннің салдары қандай болмақ?

Бір айлық карантиннің кесірінен 2020 жылы Ресейдің ЖІӨ-сі 1,5-2%-ға (Қазақстанда 0,9-ға) қысқаруы мүмкін. Ресей Орталық банк басшысы Эльвира Набиулина осылай болады деп топшылап отыр. Оның сөзінше, пандемияның кері әсері осы жылдың екінші тоқсанында ғана байқалады, ал екінші жартыжылдықтан бастап Ресей мен әлем экономикасы қалыпқа келе бастайды. "Еліміздің бірқатар өңірінде вирустың таралуын тежеу мақсатында қосымша экономикалық шектеулер енгізілді. Бұл шаралар, әрине, керек. Бірақ олардың экономикаға келтірер залалы орасан. Қызмет көрсету бойынша PMI көрсеткіштер төмендеп кетті. Жағдай одан сайын нашарлауы мүмкін", – деді Набиулина. 

Әуе қатынасы қысқарып, пойыздардың да жүруі шектеледі

Коронавирус салдарынан пойызбен жүрушілердің саны азайғандықтан,  жергілікті РЖД 7 сәуірден бастап 37 пойыздың кестесіне өзгерту енгізіп, 53 пойыздың жүруін мүлдем тоқтатып тастайды. Ал "Аэрофлот" әуе компаниясы 4 сәуірден бастап ішкі рейстердің санын азайтты. Яғни 50 бағытқа ұшырылатын рейс қысқартылады. Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай қадамға баруға сұраныстың азаюы түрткі болған. Премьер-министр Михаил Мишустин бұған дейін жариялағандай, үкімет алдағы уақытта көлік саласына қолдау көрсетпек. Сонымен қатар министрлер кабинеті қазір мәдениет саласында, тұрмыстық қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін компанияларға арналған қолдау шараларын дайындап жатыр. 

Шет елдердегі ресейліктер елге қайтарылмайтын болды

4 сәуірден бастап басқа елдерде қалып қойған ресейліктерді қайтаруға арналған халықаралық әуе рейстері тоқтады. Биліктің айтуынша, бұл тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып отыр. Яғни түпкі мақсат – шет елден келушілердің басқаларға вирусты жұқтыруын болдыртпау. Елге ораламын деушілер мемлекеттік қызметтер порталында арнайы құжатты толтыруға тиіс. Содан кейін ғана оларды басқа жақтан алып келу-келмеуі қарастыралады. Сонымен қатар ел билігі шетелдерде қалып қойған ресейліктерге қаржылай көмек көрсетпек. Осы мақсатта үкімет елдің Сыртқы істер министрлігіне 500 млн рубль көлемінде қаражат бөлген. 

Мемлекеттік банктерге кепілдік беріледі

Сбербанк және ВТБ банктеріне үкіметтен 20 млрд рубль көлемінде кепілдік беріледі. Компанияларға бөлінетін бұл қаражат – қызмекерлердің жалақысын төлеуге арналған кредит. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу