Ресейдің дегені болмайды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
7183

Nord Stream - 2 газ құбырына санкцияның салқыны тиіп тұр.

Ресейдің дегені болмайды

Ресей мен Украина арасындағы ұзақ жылға созылған саяси-экономикалық мәселенің түйіні тарқаған жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын басталған дауға нүкте қойылар емес.

Украинаның жағдайы қиын. Экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші  құлдырап барады.  Халқының да көңілі алаң-елең. Олар тыныштық пен тұрақтылықты көксеп жүр.  

Ресейдің қолдан жасаған саяси ойыны өзіне де оңай тиген жоқ. Еуроодақ елдері мен АҚШ тарапынан салынған түрлі санкция шетелде есепшоттары бар ресейлік кәсіпкерлердің оңды-солды ақша сапыруын тыйды. Ресей тауары сыртқа еркін шығу мүмкіндігінен айырылды. Бірақ орыстар  бұдан сабақ алуға асыққан жоқ.

Биыл көктемде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон: "Ресей Қырымды қайтармайынша, санкция сақталады", – деді. Осы арқылы АҚШ Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне Ресейдің қол сұғуына қарсы екенін жеткізді.

Рекс Тиллерсон  АҚШ Ресейдің Қырымды өзіне күшпен қосып алуын мойындамайтынын және қарсылық ретінде санкцияны 2018 жылдың 15 наурызына дейін ұзартатынын айтты.  

Келесі жылға дейін созылған санкция 149 жеке тұлға мен 38 заңды тұлғаны қамтып отыр. Олардың арасында ресейлік саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, сонымен бірге Донецк, Луганск халықтық республика лидерлері және Ресейдің АҚШ-тағы жаңа елшісі Анатолий Антонов бар.

Мәскеу өзіне тағылған бірде-бір айыпты мойындаған жоқ. Сөйте тұра 2014 жылы Украинада болған "майданды" мемлекеттік төңкеріс деп жариялап отыр.

Шетелдік БАҚ өкілдерінің жазуынша, АҚШ-тың Ресейге бағытталған санкциялары Nord Stream-2 құрылысын салуға  анау айтқандай кесірін тигізбесе де, жобаның жетекшісі "Газпромның" несие алуын қиындатып отыр.

"Газпромның" Nord Stream-2  және "Түрік ағысы" газ құбырының құрылысы қаржылық кестеге сай арнайы келісім шартпен бекітілген. Ал жобаны несие есебінен қаржыландыру ісі мемлекетаралық түсініспеушіліктің салдарынан шиеленісіп кеткен.

Шілде айында АҚШ-тың Конгресінде қабылданған "Ресейге қарсы санкцияны енгізу туралы" жаңа заңда "инвестиция құятын компаниялар мен банктер Ресейден тартылатын экспорттық құбыр желісінің құрылысына несие береді немесе құрал-жабдық жеткізіп, қызмет көрсетеді" делінген. Егер жоба Ресей аумағы бойынша көмірсутегін жеткізуді транзит бойынша іске асырса, санкция салмау туралы шешім қабылданған. Айтпақшы бұл санкцияның қазақстандық мұнайды Новороссийскке жеткізетін Каспий құбыр консорциуымына қатысы жоқ екенін айта кеткен жөн.

Ресей АҚШ салған санкция екі ірі газ құбырын тарту құрылысына кедергі келтіре алмайтынын айтып отыр. Мамандардың пкірінше,  Nord Stream-2 және "Түрік ағысы" газ құбырының құрылысы жөніндегі келісім АҚШ қабылдаған заңға дейін бекітілген. Сондықтан  Nord Stream-2 жобасын "Газпромның" батыстағы серіктестері – Shell, Engie, Uniper, Wintershall және

OMV қаржыландырса,  "Түрік ағысы" жобасын "Газпромның" өзі инвестициялық бағдарлама арқылы қолға алған.

Десе де қазір аталған жоба санкцияның шеңгелінде тұр. Сондықтанда ол  қаржыландыру кезінде америкалық және еуропалық банктердің  тізімнен автоматты түрде шығып қалуы мүмкін.

Жобаның құны 10 млрд еуро деп бағаланған. Бұл қаржының 70 пайызы қаржы институттарынан тартылуы тиіс.

"2019 жылы іске қосылады деп жоспарланған Nord Stream-2 газ құбырының  қуаты жылына 55 млрд текше метр газ өндіруге жетеді. Санкциялардың салдарынан газ құбыры уақытында пайдалануға берілмеуі мүмкін.  

Еурокомиссия қараша айының ортасына қарай теңіз газ құбыры үшін жаңа заңнамалық құжат ұсынады. Егер ол қабылданса, Еуроодақтың үшінші энергия пакетінің талабы бекітіледі. Нәтижесінде "Газпромның"  Nord Stream-2 құбырына иелік етуіне шектеу қойылады.  Осының алдын алу үшін "Газпром"құбыр желісін тәуелсіз оператордың басқаруына беруі керек.

BGP Litigation өкілі Денис Дурашкин үшінші энергопакет нормаларын Еуроодаққа кірмейтін аумақта тарату күмәнді бастама әрі теңіз құқығын пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына қарсы деп есептейді.

"Заңға түзету енетін болса, "Газпром" Nord Stream-2 жобасын бақылауды жеке газ-транспорттық компанияға беруі немесе жобадан біржола бас тартуы тиіс", – деп  түсіндірді Денис Дурашкин.

Бірден айтайық,  бұл мәселеде Ресейдің дегені болмайды. Себебі ол дәл осы тұста  АҚШ пен Еуроодақтың санкциясын айналып өте алмайды.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу