Республикалық бюджеттің 135,7 млрд теңгесі игерілмеген

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4212

Үкімет бар күшін экономиканың 4 пайыздық өсіміне қол жеткізуге жұмсап жатыр.  

Республикалық бюджеттің 135,7 млрд теңгесі игерілмеген

Үкімет отырысында Қазақстанның 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, экономиканың өсуі 3,9%-ды құрады. Нақты секторда 6 базалық саланың ішінде ең жоғары өсу өнеркәсіпте 7,3%, көлікте – 4,8% және байланыста – 3,2% деңгейінде тіркелген.

Өнеркәсіптегі ең жоғарғы өсу Атырау облысында екені анықталды: онда бұл көрсеткіш 21,4%-ды құрады. Бұл Қашағанда тұрақты мұнай өндірудің есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, биылғы 11 айда 7,3 млн тонна мұнай өндірілді, бұл бастапқы жылдық жоспардағы 5 млн тоннадан 46%-ға көп.

Ал жерінің астындағы "қара алтын" қорының таусылуы салдарынан мұнай өндірудің қысқаруы Қызылорда (төмендеу 3,9%-ға) және Маңғыстау (0,4%-ға) облыстарында тіркелген.

"Қаржы саласын мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде экономиканы кредиттеу бірте-бірте қайта жаңғыруда. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жылдың басымен салыстырғанда, негізінен, ұзақмерзімді кредиттер 5%-ға - 11 трлн теңгеге дейін өсу есебінен кредиттер 3,2%-ға ұлғайды. Қысқамерзімді кредиттер көлемі 5,4%-ға 2,1 трлн теңгеге дейін төмендеді. Осы жылғы қаңтар-қазанда жаңадан берілген кредиттердің көлемі 2016 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 6,3%-ға - 8,6 трлн теңгеге өсті. Жаңа несиелер негізінен құрылыс (2,5%-ға өсу), сауда (4,4%-ға) және көлік (24,3%-ға) сияқты экономиканың өндірістік емес салаларына бағытталды. Ал жаңа кредиттерді беру өнеркәсіп (-26,4%) және ауыл шаруашылығы (42,6%) сияқты экономиканың өндірістік салаларында шамамен үштен бірге төмендеді", – деді Тимур Сүлейменов.

Бас экономист Қазақстанның алтын-валюталық қоры өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Жылдың басынан бастап алтын-валюта резервтері 6,6%-ға өсіп, 1 қарашадағы жағдай бойынша 31,5 млрд долларды құрады. Бұған ұлттық қор активтерін қосқанда, елдің халықаралық резерві 87,9 млрд долларға жеткен.

"2017 жылғы қаңтар-қазанда орташа айлық жалақы номиналды мәнде 4,6%-ға, 146,5 мың теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы, 11 айды қорытындылай отырып, 2017 жыл бойынша тұтастай алғанда ЖІӨ-нің өсуін 4% деңгейде күтуге негіз бар", – деп болжады ұлттық экономика министрі.

Ал қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,6%-ға, соның ішінде республикалық бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, ал жергілікті бюджеттердің шығыстары 97%-ға игеріліпті.

Республикалық бюджеттің 135,7 млрд теңгесі игерілмей қалыпты. Негізгі себептері ретінде "өнім берушілердің шарт міндеттемелерін орындамауы", "өтпеген конкурстар", "төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауына немесе берілмеуіне байланысты жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) жүргізу кестесінен қалып қоюы" аталды.

"Қаржы жылының соңына дейін 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша 614 млрд теңге сомасында төлем жүргізілуі керек. Біздің болжамымыз бойынша республикалық бюджет шығыстарының орындалуы жыл қорытындысы бойынша 99,8% шегінде күтіледі. Бірақ жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша игерілмеу сомасы 10,3 млрд теңгені құрайды. Бюджет заңнамасы бойынша осы соманың 0,8 млрд.теңгесі келесі жылғы қаржыландыруға көшіріледі", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қаржыны игермеген әкімдер мен министрлер өз түсініктемелерінде жыл соңына дейін уақыт барлығын, яғни игеріп үлгеретіндерін айтып жатты.

"Біз жылды жақсы көрсеткішпен аяқтауға тиіспіз. Бар күшімізді экономиканың 4 пайыздық өсіміне қол жеткізуге салуымыз керек. Уақыт аз. Қаржылық жылдың жабылуына он күн қалды. 20 желтоқсан дегеніміз алдағы сәрсенбі. Оның үстіне алдымызда төрт күн демалыс. Яғни екі-үш жұмыс күні ғана бар. Ал өңірлер мен министрліктерден сөйлеген басшылар 20 желтоқсаннан кейін төлем енгізетіндерін айтып жатыр. Оған дейін үлгермейсіздер. Қаржы министрлігімен жұмыс жасаңыздар. 20 желтоқсанда қақпа жабылады", – деп түйді үкімет басшысы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу