Сайлаудан кейін доллар біртіндеп қымбаттайды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3867

Ұлттық банк теңге бағамын еркін айналымға жібергенімен, әлі күнге "тығылып" интервенция жасап отыр.

Сайлаудан кейін доллар біртіндеп қымбаттайды

Олай дейтініміз, негізсіз емес. Валюталық интервенциядан әлдеқашан бас тартқанын мәлімдегенімен, ара-тұра бас банк "мәжбүрлі түрде" ұлттық валютаны "демеп" отыратынын жасырмайды. Дегенмен мұндай "мойындаулар" негізінен интервенция жасалғаннан бірнеше апта өткеннен кейін ғана көпшілікке мәлім болады. Ал қазіргі жағдай туралы Ұлттық банк валюта нарығының таза нарықтық жағдайда қалыптасып отырғанын айтып сендіреді.

Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға шыққаннан кейін бір апта ішінде, 20-26 наурыз аралығында, Ұлттық банк теңгенің бағамын ұстап тұру үшін 304 млн доллар жұмсады. Бұл туралы бас банктің баспасөз қызметі арада бір айдай уақыт өткенде ғана хабарлағаны белгілі. Ал өткен аптада мұнай бағасы барреліне 75 доллардан 70 долларға арзандағанда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Қалыпты 380+/- 1 теңге шамасында сақталды. Осы орайда, мұнай бағасының 5 долларға дейін арзандаған кезінде теңгенің қалыпты сақталуы көпшіліктің көкейінде сауал қалдырғаны белгілі. Дегенмен күні кеше бас банкир Ерболат Досаев Ұлттық банктің интервенциядан аулақ екенін айтып сендірді.

Мұнайдың арзандауы теңгеге әсер ете алмады
Мұнайдың арзандағанын санамағанда өзге де макроэкономикалық факторларды да ескерген жөн. Бұл тұрғыда сыртқы факторлар негізінен біздің оң жамбасымызға келіп отырғанға ұқсайды. Бас банктің мәліметінше, ішкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтылығына шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі аясында ресей рублінің нығаюы, АҚШ ФРЖ риторикасының пайыздық саясатқа қатысты жұмсаруы мен соның нәтижесінде ақша ағындарын дамушы нарықтарға қайта жіберуге және қазақстандық активтерге деген сұранысқа оң ықпал етуі әсер етсе, АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда қақтығысының шешілуіне қатысты белгісіздік барлық дамушы елдердің валюталарына, керісінше, теріс ықпал етіп отыр.

Ал ішкі факторларда төлем балансы оң нәтиже көрсетіп, ағымдағы шоттың профициті қатарынан 2 тоқсан ішінде теңгенің нығаюына алғышарттар жасап отыр екен.

Саяси фактор
Соңғы бірер айда елдегі саяси ахуал теңге бағамының негізгі шешуші факторына айналғаны анық. Осы орайда, Ұлттық банктің жоғарыда аталғандай "тығылып" интервенция жасап отыруы да әбден мүмкін. Сайлауалды науқанда төл валютаның толқығаны қазір тіпті де керек емес. Осы орайда, Досаевтың интервенция жасамадық деген мәлімдемесі әдеттегі "кезекші" жауап болып, арада бірер апта өткенде Ұлттық банк мамыр айында валюталық интервенцияға осыншама қаржы жұмсалды деп жариялауы бек мүмкін.

Бас банк сөз арасында валюталық бақылаудан әлі бас тартпағанын еске сала кетеді: "Қазақстан Ұлттық банкі валюталық нарықтың жай-күйіне тұрақты негізде мониторинг жүргізуді жалғастырады және қажет болған жағдайда қаржылық тұрақтылыққа қауіпті болдырмау бойынша қажетті шаралар қабылдайды", деген Ұлттық банктің баспасөз қызметі саяси науқанды валюталық саясатқа айналдырмауға шақырады: "Қазақстан Ұлттық банкі жекелеген сарапшылардың арандатушылық бақылауына және болжамдарына ермеуді және тәуекелді алыпсатарлық операцияларды жүзеге асырмауды ұсынады".

Бірден емес, біртіндеп...
Сайлаудан кейін теңге бағамының қалай өрбуі мүмкін екенін кеше Ұлттық банк басшысының орынбасары Олег Смояков айтты. "Теңге бағамы күн сайын өзгеріп отырады. Сайлаудан кейін айтарлықтай ауытқу болуы мүмкін емес" деген бас банк өкілі бір қарағанда халықтың уайымын сейілткендей болды. Рас, енді Ұлттық банк 2014-2015 жылдардағыдай бір күнде 10-20% девальвация жасап жібермейді. Оны онсыз да білеміз. Бірақ күн сайын бір-екі теңгелеп бағамды "түзетіп" отыруды ешкім тыйған жоқ.

Жалпы, теңгенің қазіргі бағамы доллар-теңге қатынасында 380 айналасында екеніне күмәнмен қараушылар көп. Өйткені бірнеше аптадан бері "тым тұрақты". Оған қоса сайлаудан кейін бірден девальвация да болуы екіталай. Осы орайда, ең ықтимал сценарий, жаз бойы Ұлттық банк теңге бағамын біртіндеп көтере беруі мүмкін.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу