Сақтандырудағы "ауыр салмақ" және "жеңіл қаңбақ"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2290

Қазақстанда жинаған сыйақысы көлемін бір жылда адам айтса сенгісіз 52 мың %-ға өсірген сақтандыру компаниясы анықталды.

Сақтандырудағы "ауыр салмақ" және "жеңіл қаңбақ"

Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 2018 жыл басынан бері кәсіпкерлер, компаниялар және кәсіпорындар өз жұмысшыларын жазатайым жағдайлардан сақтандыру үшін он миллиардтан астам, нақтырақ айтсақ, 10 миллиард 400 миллион теңге қаржы шығындаған. Бұл ретте осы сектордағы міндетті сақтандыру көлемі үшінші жыл қатарынан өсуде екен.

Салыстыру үшін айталық, ұлттық банк мәліметінше, жұмыс берушілердің бұл шығыны 2015 жылдың үш айында шамамен 4 миллиард, 2016 жылы 6 миллиард, ал, 2017 жылы 8 миллиард 664 миллион теңгені құраған болатын.

Биыл "қайғылы оқиғалардан жұмысшыларды міндетті сақтандыру" арнасы бойынша сақтандыру компанияларына арқырай арындаған қаражат тасқыны да былтырғыдан бірден 20,5%-ға артып отыр.

Өкінішке қарай, сақтандыру бойынша төлемдердің де жасалғаны сол жазатайым оқиғалардың болғанынан сыр береді. Атап айтқанда, биылғы І-тоқсанда жұмысшыларды қайғылы оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша 1,4 миллиард теңгеге төлемдер жасалған. Рас, бұл өткен жылғыдан 34,5%-ға кем екен.

Ең жоғарғы төлем 2014 жылдың үш айының үлесінде: сол мерзімде зардап шеккендерге шамамен 3 миллиард теңге аударылыпты. Былтырғы көрсеткіш шамамен 2 миллиардты құраған.

Бәрінен көп сақтандыру сыйақысы "Номад Life" қоржынына түсті және ол сома 1,8 ммллиард теңгеге жетті. Бірақ бұл оның өткен жылғы жетістігінен 7%-ға кем көрінеді (2017 жылдың басында ол 1 миллиард 949 миллион жиған). Сонымен қатар компания жыл басынан бері 280,5 миллион теңге сақтандыру төлемін төледі, бұл көрсеткіші былтырғыдан керісінше, 10,8%-ға өсіп отыр.

Екінші тұғырға "Қазкоммерц-Life" көтерілді. Оның жиған сыйақысы 1 миллиард 598 миллион теңге. Компания сыйақы көлемін өткен жылғыға қарағанда бірден 26,3%-ға ұлғайтты. Осы қарқынынан таймаса, жабылып қалмаса, алда көшбасшы атануы ғажап емес. Бұл ретте ол өз клиенттеріне төлеген сақтандыру төлемін 48,9%-ға кеміткен және онысы небары 51 миллион теңге болып отыр.

"Үштікті" 2018 жылдың І-ші тоқсаны қорытындысы бойынша "Халық-Life" тұйықтайды. Оның да қанжығалаған сыйақы мөлшері 1 миллиард 554 миллион теңгеге бара-бар. Өсімі де 26,6%. Мұның да төлеген төлемдері 41%-ға азайып, 90,2 миллион теңгені құрады.

Бір қызығы, егер міндетті сақтандырудан жинаған сыйақылардың ауқымын емес, өсу қарқынын негізге алсақ, мүлдем басқа рейтинг шығады.

Онда сөзсіз, үкімет құрған "KazakhExport" рекордшы болып шығады. Ол өзі жинаған сақтандыру сыйақысын бір жыл ішінде 52438,5%-ға өсірді. Рас, егер байыптай қарасақ, былтырғы бірінші тоқсанда небары 700 мың теңге сыйақы ғана еншілей алыпты. Ал биылғы ұқсас кезеңде бұл соманы 361,5 миллион теңгеге жеткізген. Әлгі алапат өсім де осыдан туындап отыр. Демек, бастапқы үштіктегі "ауыр салмақтылармен" салыстырғанда бұл әзірге "жеңіл қаңбақ" сыңайлы.

Осы рейтингте "күміс жүлдені" 168%-дық өсімімен "Сентрас Иншуранс" компаниясы иеленер еді. Алайда оған да тізім басындағы үш алыпқа жету үшін біраз тер төгуге тура келетінге ұқсайды: компания 2017 жылдың І-тоқсанында небары 309,2 миллион теңге сақтандыру сыйақысына қол жеткізген, енді биыл 828,6 миллион межесін еңсерді.

Кейінгі орындарда 61,5%-дық өсімімен "Цесна-Гарант" (сыйақысын 13,5 миллионнан 21,8 млн теңгеге дейін арттыра алған), 58,3%-дық өсімімен "Виктория" (14,8 млн-нан 23,4 млн теңгеге дейін), 53,7%-дық өсімімен "Халық-Казахинстрах" (215 млн-нан 330,5 млн-ға дейін) және басқалары орналасқан. Қалғандарының көбісінің көрсеткіштері "теріс" мәнде. Жыл басынан бері бір тиын жинай алмағандары да бар. 

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, еңбек үстінде, өндіріс орнында жазатайым оқиғалардан зардап шеккендер саны төрт жыл қатарынан азайып келеді екен. Мәселен, кейінгі дерек бойынша 2016 жылы олардың саны 2034 адамды құрады. Сөйтіп, олардың саны 2015 жылғыдан 11,8%-ға кеміпті. 2003 жылы бұл көрсеткіш 3395 адамға дейін жеткен. 

Ұлттық банк 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда сақтандыру секторында 32 сақтандыру ұйымы жұмыс жасайтынын хабарлайды.

Сақтандыру ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі өткен айда 949,2 миллиард теңгені құрап, жылдың басынан бері 2,6%-ға артты.

Сондай-ақ бұл ұйымдардың міндеттемелері де жыл басынан бері 2,8%-ға, яғни 528 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

Қолданыстағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін осы компаниялар қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі 2018 жыл басынан бері 4,7%-ға көбейіп, 482,4 млрд теңгеге жетті.

Олардың меншікті капиталында 421,3 млрд теңге қаражат бар (жыл басынан бері өсім 2,3%).

Тек "жұмыс берушілердің өз жұмысшыларын жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруымен" шектелмей, өзге де бағыттарды есепке алсақ, салаға мол кіріс құйылып жатқанын аңғаруға болады.

Сонымен, 2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша барлық бағыттардан жиналған сақтандыру сыйлықақылары өткен жыл көрсеткішімен салыстырғанда 3,3%-ға өсіп, 139,5 млрд теңгені құрады.

Көлікті сақтандыру сыртында, ең танымал сақтандыру түрлерінің бірі "өмірді сақтандыру" саналады. 2018 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша бұл бағытта сақтандыру сыйақылары 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 16,8%-ға немесе 22,3 млрд теңгеге дейін артты. Жалпы алғанда, "өмірді сақтандыру" саласы бойынша жиналған сыйақыларының үлесі 16% болды (былтыр 14,1%).

2018 жылдың басынан төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 25 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың осындай кезеңінен 2%-ға аз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу