Сандық бейқамдық: Интернет пайдаланушының жеке мәліметтерінің жария болу қаупі артуда

17253

Отандастарымыздың 50%-ы өздерінің мобильдік құралдарын сақтандыру үшін вирусқа қарсы бағдарлама қолданбайды.

Сандық бейқамдық: Интернет пайдаланушының жеке мәліметтерінің жария болу қаупі артуда

Ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары Қазақстан азаматтары әлі күнге дейін киберқауіпсіздік мәселесіне мейлінше немқұрайды қарап отыр деп есептейді.

"Касперский зертханасының" мамандары жақында жариялаған дерекке сәйкес, азаматтардың 60%-ы өзінің де, құралдарының да киберқылмыскерді қызықтыратыны шамалы деп ойлайды екен. Солай бола тұра, соңғы жылдары елдегі пайдаланушылардың 44%-ына әртүрлі дәрежеде зиянды қосымшамен шабуыл жасауға, онлайн-аккаунттарын бұзуға, мәлімет ұрлауға әрекет жасалыпты.

Пайдаланушы өз құралын қорғауға немқұрайды қарап қана қоймай, белсенді түрде өзінің суретін ғаламтор жүйесіне қояды, ал ол арқылы құрбандыққа ыңғайлы адамның дәрежесі мен материалдық жағдайын анықтау алаяқ үшін қиын емес.

Қазақстанның Интернет-қауымдастығы (ҚИҚ) президенті Шавкат Сабыровтың айтуынша, Казнеттің Safekaznet.kz "жедел желі" қызметкерлері мұндай жағдаймен күнде ұшырасады және өзін де, жақындарын да кибералаяқтардың қақпанынан сақтандыруды ойлаған пайдаланушылар қарапайым ғана нәрсені түсінгені жөн. Профайлға, яғни көрнекі қойылған суретке қарап-ақ адамның қандай пәтерде тұратыны, қандай көлік мінетіні, демалысқа қашан және қайда баратыны туралы барлық ақпаратты алуға болады.

Қазақ азаматтарының әлеуметтік желілердегі шектен тыс белсенділігі қылмыскерлерге жиі түрткі болады деген пікірге "Касперский зертханасының" талдау орталығы жетекшісінің орынбасары Сергей Новиков та қосылады.

"Сандық алаяқтардың "дәстүрлі" ұрылармен бірлесе әрекет еткен оқиғасын да көрдік. Олар демалысқа аттанған азаматтардың суреттері мен жазбалары арқылы олардың мекенжайын анықтап алғандықтан, бір-екі аптадан кейін демалыстан үйіне оралған азамат ұры түскенін аңғарған. Алаяқтарға мүмкіндік беретін тағы бір нәрсе – сауалнама жүргізген отандастарымыздың 22%-ы өздерінің құпия сөздерін қағазға жазып қояды, ал 15%-ы барлық аккаунтқа кіру үшін бір ғана құпия сөзді пайдаланады, бұл деген алаяқ үшін олжа", – дейді Сергей Новиков.

Мамандардың пікірінше, адамның жеке өмірімен қоса, оның жеке сандық кеңістігіне де шабуыл жасау қаупі басым екенін естен шығаруға болмайды. "Касперский зертханасының" тапсырысы бойынша, B2B International агенттігінің әлемнің 27 елінде жүргізген зерттеуіне қарағанда, кез келген қазақ азаматының отбасында ғаламторға қосылатын 6 құрал бар екенін және оның көршілес Ресейден де неғұрлым артық екенін, сонымен бірге олардың 70%-ы ғаламторға қосылу үшін бірнеше құрал ұстайтынын, 10 адамның 9-ы өз құралында маңызды, құпия сурет пен бейне түсірілімді, жалпы және жеке мәліметті сақтайтынын ескерсек, мұндай қауіп Қазақстан үшін тіптен қатерлі.

Өйткені, қазақ азаматтарының 51%-ы құралынан гөрі, оның ішіндегі мәліметтің қымбат екендігін растайды, солай бола тұра смартфон иелерінің 50%-ы және жеке компьютер иелерінің 70%-ы ғана өз құралын қатерден сақтандырған.

Әрине, отандастарымыздың ғаламтор жүйесін әсіресе байланыс пен демалыс үшін ғана емес, қаржылық операциялар үшін де белсенді пайдаланатынын ескерсек, бұл – қарапайым ғана көрсеткіш: ғаламтор жүйесіне кіре алатын азаматтардың 76%-ы интернет арқылы сауда жасау, қызмет құнын төлеу арқылы түрлі себеппен жеке банктік карталарының деректерін көрсетеді, бұл да алаяқтар үшін оңай олжа.

Десек те, бұл тұрғыда ОС Android базалы құрылғының иелері әсіресе осалдау келеді. Сарапшылар Интернет пайдаланушыға, әсіресе, халық көп жиналатын орындардағы жалпыға ортақ wi-fi жүйесін пайдаланудан аса сақтануға кеңес береді. Жарияланған дерекке қарағанда, ҚР аумағында пайдаланылатын wi-fi жүйесінің 10-12%-ызға жуығы мүлде сақтандырылмаған; мұны айтпағанда, қажетті деректі қылмыскердің қолына түсіретін wi-fi таратушы құралды бұзушы, жасанды желі жасаушы зиянкестер пайда болды.

Басқа елдерге қарағанда, қазақ пайдаланушы өз мәліметінің сақтығына салғырт қарайды. Тарихи дерекке қарағанда, Қазақстан киберқылмыстардың белсенділігі жоғары мемлекеттер тізімінде барынша жоғарғы орында тұр.

Мысал ретінде, 2013 жылы өзге мемлекеттердің қылмыскерлерінің жаман мазмұндағы дүниелерді алмасатын алаңына айналған Қазақстан желідегі балалар порнографиясының саны жағынан екінші орында болғанын айтуға болады, – дейді Шавкат Сабыров.

Сарапшының айтуынша, бүгінде Қазақстанда балалар порнографиясын тарату оқиғалары байқалмайды. Солай бола тұра, Қазақстан пайдаланушысы веб-шабуылдарға неғұрлым жиі ұшырайтын елдердің тізімінде 6-орында, ал жеке компьютеріндегі немесе мобильдік құралындағы операциялық жүйені істен шығарып, ақша талап ететін трояндық бопсалаушылардың шабуылына ұшыраған пайдаланушының саны жағынан 9-ыншы болып тұр.

Сарапшылардың сөзінше, соңғы бірнеше тоқсанда мобильдік құралдарға шабуыл жасайтын трояндық бопсалаушылардың саны бірнеше есеге артып кеткен. Бұл, әрине, бүкіл ғаламдық жағдай. Десе де, ТМД елдерінің, оның ішінде Қазақстанның пайдаланушысы да жапа шегуде. Алаяқ-бопсалаушылармен күрес жүргізудің тиімді тәсілі – оларға мүлде ақша төлеуден бас тарту, – деп есептейді "Касперский зертханасының" Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы басқарушы директоры Евгений Питолин.

Өз мәліметіне кіру құқын қайтарып беруі үшін қылмыскерлерге ақша төлеу арқылы пайдаланушылар вирус жасаушының әрекетін қаржыландырады. Сарапшылар киберқауіпсіздік саласындағы мамандармен кеңесуді немесе вирусқа қарсы бағдарламалар ұсынатын кейбір өндірушілердің өнімдерін пайдаланып көруді балама тәсіл ретінде ұсынады.

"Мұндай бағдарламалар пайдаланушыға асығыс әрекетке бой алдырмай саралауына қосымша мүмкіндік береді. Өйткені, кез келген шабуылдың негізінде адам факторы жатыр: кейде вирусқа қарсы бағдарлама қауіп-қатер туралы ескерткенде, қауіпті ештеңе жоқ шығар деген сеніммен оған аса мән бермеуімізден киберқылмыскердің тұзағына түсіп жататынымыз барлығымыза таныс жағдай ғой", – дейді "Касперский зертханасының" мамандары.

Жалпы айтқанда, бүгінгі нарық вирусқа қарсы қандай шешім ұсынса да, соңғы тәуекел қадамды жасайтын адамның өзі. Сондықтан кез-келген желілік қауіп-қатердің алдын алатын ережелерді сақтай білу – негізінен алғанда, нақты пайдаланушының еркі.

Юлия Кузнецова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу