Сапасы сын көтермейтін сырттандар

1860

Футболға бөлінген қаржының біршама бөлігі осындай ойыншыларға бөлініп жатқанын білесіз бе?

Сапасы сын көтермейтін сырттандар

Қазақстан чемпионатында биыл жергілікті футболшыларға қарағанда шеттен келген келімсектер көп. Оның басты себебі Еуразиялық Ынтымақтастық Одақ елдерінің азаматтары Қазақстан біріншілігінде легионер болып саналмауында. Одан бөлек те ҚПЛ клубтары 8 легионер алуға құқықтары бар. Осының салдарынан жергілікті футболшылар зардап шегіп, негізгі құрамға іліне алмай дал болуда. Әлбетте олардың шеберлікті шыңдап, деңгейлерін арттырып, легионерлерге бәсекелес болғаны жақсы. Бірақ, біздің командаларда жүрген легионерлер жоғары деңгейде футбол ойнай ма? Осыған тоқталсақ.

"Каспий"

Ақтау қаласының командасында сырттан келген футболшылар өте көп. Ол түсінікті. Команда 19 жылдан кейін Премьер-лигаға қайта оралды. Жергілікті жастардың арқасында жоғарғы топқа шықты. Бірақ, биыл команда сырттандарға сенім артып отыр. Мысалы, Хорватия елінен келген шабуылшы Бранко Чубрило 9 ойынның тек 5-еуінде ғана алаңға шықты. Форвард әзірге гол салған жоқ. Жалпы, ойынына қарап жақын арада гол салатын шабуылшыға ұқсамайтынын байқаймыз. Сонымен қатар, Денис Кавлинов деген ресейлік қақпашы бар. Бұл қақпашы командаға не үшін қажет. 1995 жылы туған жас қақпашы әзірге алаңға шықпады. Қосалқы құрамға керек болса, онда одан 2 жас кіші Олжас Мұханов бар ғой. Ресей футболының түлегін қосалқы құрамда ұстап, оған жоғарғы жалақы төлеудің не қажеті бар? Оның орнына тізімде кез-келген маңғыстаулық жас қақпашы тұрса жетер еді. Жалпы маңғыстаулық клубтың легионерлерінің ішінде тек франциялық Біләл Себаихи ғана көзге түсіп жүр. Қалғаны жергілікті жастардан асып тұрғаны шамалы.

"Оқжетпес"

Көкшетаудың командасы Ресей футболының Қазақ даласындағы бөлімшесі ме деп қалатынымыз рас. Үнемі сол жақтан футболшы шақырта береді. Бірақ, команданың соңғы 5 жылдағы көрсеткіші еш жоғарылаған жоқ. Биыл командада Александр Шепляков деген қақпашы бар. Ресейден келген сырттан 3 матчқа қатысты. Руслан Әбжанов пен Ярослав Багинскийден асып тұрғанын көре алмадық. Сосын командада 1 матчта алаңға шыққан Всеволод Нихаев деген Молдовадан келген легионер ойыншы жүр. 1999 жылы дүниеге келген жас футболшы қандай мақсатпен алынды? Бәрін қойып енді Молдовадан легионер алдырту еш қисынға сыймайды ғой. Молдова футбол тұрғысында бізден төмен қалған ел емес пе еді? Нихаевтің орнына Көкшетауда жарқырап жүрген жас ойыншыны қоспадыңыздар ма? Ең болмаса тәжірибие жинап, жаттығулардың күшін сезінер еді.

"Қызылжар"

Солтүстік Қазақстан облысының беткеұстар командасы бет қаратпай керемет ойнап жатса ештеңе демес едік. Турнирлік кестенің түбінде жүр. 2 ойынға қатысқан ресейлік қорғаушы Игорь Губанов пен жартылай қорғаушы Никита Безлихотновтың командаға не керегі бар? Айтпақшы, бұл командада Руслан Корян деген армениялық футболшы бар. Ол да небәрі 2 матчта алаңға шықты. Жасы 32-ге келген шабуылшыны "Қызылжар" қай сасқанынан ұстап отыр? Оның орнына жергілікті футбол мектебінің 18 жасар жас ойыншысына жалақы төлемедіңіздер ме? Коряннан керемет ойнайтын, жұлқынып тұрған жастар бұл өңірде көп екеніне кәміл сенімдіміз.

"Шахтер"

Қарағандылық команда таланттарды шығарып, ұлттық құрамаға мықты футболшылар даярлаушы еді. Қазір бұл клуб та легионерлерге сенім артып алған. Мысалы, Украина елінен келген Евгений Ткачук осы маусымда бар болғаны 1 ғана матчқа шығыпты. Сонымен қатар, Дмитрий Ятченконың да қорғаныстағы қылықтары ұятты келтіреді.

Еліміздің көшбасшы клубтарындағы сырттандарды да санамалап шықтық. Көбісі алаңға шығып, әйтеуір ойын процесіне араласады екен. Аракідік жарақат алғандары да кездеседі. Алайда, Григорий Бабаян баптайтын "Тобыл" командасында Арман Оганесян есімді қорғаушы бар. Армениядан келген футболшы биылғы маусымда 2 рет алаңға шықты. Екінші шыққан кезінде өрескел қателік жасап, аяғындағы допты Зиги Бадибангаға сыйлап берді. Өзі шет елден келген футболшы болса, жергілікті ойыншылардан көбірек жалақы алса, онда ол неге үнемі алаңға шықпайды деген заңды сауал туындайды. Маусым соңына дейін талай легионердің шама-шарқысы белгілі болады. Ал Еуразиялық Одақ елдерінің футболшылары шынын айтқанда сын көтермейді. Барлығының деңгейі Ресейдің екінші лигасы. Біріншілік аяқталған соң әр клубтың ішінде ұжымды артқа тартып тұратын сырттандар туралы жазатын боламыз. Ауылдағының аузы сасық демекші өзіміздің жас футболшылар әзірге 1-лигада өнер көрсетіп жүр. Мында легионерлер миллиондап қаржы тауып жатса, олар 5-10 тиынға мәз. Жоғарыда санамалап көрсетілген легионерлердің көбісі жалақысының жартысын басшылыққа өткізіп, көңілдері тоқ жүргендер. Айналып келгенде түбі жемқорлыққа әкеліп тірейтінін аңғарамыз. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу