Сатылған баспана салығы сарапшыларды неге шатастыруда

19218

2020 жылы енеді деген салықтық "жаңалыққа" қатысты экономист түсініктеме жасады. 

Сатылған баспана салығы сарапшыларды неге шатастыруда

Әлеуметтік желілерде таралған хабар бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тұрғын үйін сатқан барлық қазақстандық үлкен салық төлейді деседі. Шын ба?

Қазіргі кезде тек жаңадан иеленген жылжымайтын мүлікті бір жыл ұстамай, іле қайта сатып жіберген азаматтар ғана сатып алу және сату бағасы арасындағы айырмадан 10% салық төлейді.

Бұл қаптаған "көлеңкелі" реэлторларға, сондай-ақ осы нарықтағы алыпсатарлықтан заңсыз пайда табатын жеке тұлғаларға қарсы тосқауыл. Салықтан жалтартпау амалы.

Алайда бірқатар сарапшы келесі жылдың басынан меншікте болу мерзіміне қарамастан, барлық баспанаға сатылу кезінде жеке табыс салығы есептелетінін хабарлауда. Бұл ретте ол салық мөлшерін әр адам өзі есептеуге және мемлекеттік кірістер органына төлеуге тиіс деседі. Егер қате есептесе, салықшылар анықтап, айыппұлмен жазалайды. Әкімшілік іс қозғалатын көрінеді.

Бұл дүрбелеңге Салық кодексінен жылжымайтын мүлікке "бір жылдан кем" ие болу мерзімі туралы айтылатын 180-1-бабының 1-тармағының жойылуы ықпал еткен.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті журналистер арқылы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Дәл қазір ешқандай жаңашылдық күтіліп отырған жоқ. Әлгі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Егер адам жылжымайтын мүлікті бір жыл ішінде сатып алып, сатып жіберсе, сонда ғана табысынан 10 пайыз салық төлейді. Ал 1 жылдан артық меншігінде болған үйін сатқандар мемлекетке ештеңе де төлемейді", – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Әлібек Әбділов интернет БАҚ-тарға берген сұхбатында.

Бірақ жұртшылықты мұндай қысқаша түсініктеме қанағаттандырмағанға ұқсайды. Әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері аясында азаматтардың дүрлігуі жалғасуда.

"Жалпы, шенеуніктер қарапайым азаматтармен тілдесуді үйренгені дұрыс. Бір түйткіл туындаса, сол мәселе бойынша өкіл емес, биік лауазымды тұлға жұртшылықпен кездесіп, барлық БАҚ түрінен бұқараға қайырылып, өзгермейтініне кепілдік бергені жөн. Әйтпесе, журналистер тіленіп сұрамаса, түсініктеме де бермейді. Халық пен бизнес болса, қатты алаңдаулы. Билік мәселенің ауқымын түсіне ме? Мысалы, 2018 жылы 264,5 мыңдай адам жылжымайтын мүлкін сатқан. Биылғы он айдағы көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңнен 21,4% артып, 266 мың 310-ға жетті. Келесі жылы да бұл сан арта бермек. Өйткені жыл сайын жаңадан 11–13 млн шаршы метр баспана қолданысқа беріліп отырады. Үйін сатуға қойған осы жүздеген мың қазақстандық толқыса не болады? Оған жеткізбей, қауесеттерді дер кезінде сауатты тыя білген абзал", – дейді экономист Ержан Әбиев.

Ол 180-1-бабының 1-тармағы – Салық кодексіне 2017 жылы өзгерістер жасалғанда жойылғанын еске салады. Бірақ елді сарсаңға салушылар бір норма орнын басқасы басқанын аңғармады, не арзан хайп үшін жасырады.

"Салық заңнамасы Қазақстанда жиі өзгереді. Бәлкім, әлеуметтік осал топтарды қорғау үшін болашақта мемлекет барлығынан жаппай салық ала бастауы да мүмкін. Оның әлемдік тәжірибесі бар. Мәселен, Германияда Spekulationssteuer салығына сәйкес, мемлекет 10 жылдан кем меншікте болған баспананы сатушы табысының 45%-ына дейінгісін алып қоя алады. Оларда тіпті сатып алушы да ұқсас салық төлейді. Алайда Қазақстанда 2020 жылы азамат өз меншігінде бір жылдан артық болған баспананы сатқан жағдайда ешқандай 10 % төлемейді. Осы жеңілдіктің келер жылы да сақталатынын мемлекеттік кірістер органы кепілдендірді. Себебі жаңа заңнамада да сол бекітілді", – деді сарапшы.

Ал бәзбіреулер жойылды деп жүрген 180-1-бабының бұрынғы талабы Салық кодексінің 331-бабына көшірілген. Онда "1 жылдан аз уақыт меншік құқығында болған тұрғын үйлер, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық нысандары" ғана құн өсімінен түсетін кіріске салық төлейтіні нақты көрсетілген. Яғни, үй сатудан алған ақшаңыздың 10 % қимасаңыз, ең құрығанда, ең кемі 12 ай өтуін күтіңіз.

Мамандар бір жылдық мерзім сатып алған күннен есептелмейтінін ескертеді. Демек қайта саудаға қойғысы келетін қазақстандықтар меншік құқығын тіркеуге асыққаны жөн. Сөйтіп баспана иелігіңізге тіркелгенін растайтын құжат қолыңызға тиген күннен бастап, 1 жылдық "таймер" іске қосылады. Ол ақырғы сағаттарды санап біткенде, мемлекеттен 10 %-дық табыс салығын төлеуден босату жеңілдігін жеңіп аласыз.

Жалпы, тұрғын үйге ұзақ жыл иелік еткендерді салықтан босату – әділетті. Өйткені үйдің иесі бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік мүлік, жер салықтары және коммуналдық қызметтер комитетіне салық төлеп тұрған. Содан кейін биліктің одан тағы да ақша дәметуі қиянат болары, сөзсіз.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу