Сатылымға шығатын 62 нысанның тағдыры белгілі болды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3998

2018 жылдың төртінші тоқсанында жекешелендірілетін нысандарды сатылымға шығару мерзімі кері жылжыды.

Сатылымға шығатын 62 нысанның тағдыры белгілі болды

Бұған дейін жазғанымыздай жекешелендірудің кешенді жоспарына енген 62 нысан 2018 жылдың төртінші тоқсанында сатылымға шығарылады деп жоспарланған еді. Бұл жағдайға экономикалық блоктың министрлері де алаңдаушылық білдіріп, аталған мәселені 2018 жылғы 17 шілдеде өткен үкімет отырысында көтерген болатын. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, жыл соңына жоспарланған бұл нысандардың сатылымы жүзеге аспай қалуы мүмкін. Өйткені, уақыт тығыз. Мәселен, жылдың соңғы айында 47 нысанды жекешелендіру жоспарланған. Салдарынан биылғы жылдың жоспары орындалмай қалуы ықтимал. Сондықтан 62 нысанның сатылымға шығару мерзімін кері жылжыту керектігі туралы бастама болатын.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қалымжан Ибраимовтың сөзінше, бұл мәселе шешімін тапқан.

"Әкімдіктер жекешелендіруге қатысты "жол карталарын" қайта қарап, төртінші тоқсанға жоспарланған нысандардың сатылым мерзімін қыркүйек-қазан айларына ауыстырды. Бұл қадам нысандар бойынша бірінші және екінші сатылымдар жүзеге аспаған жағдайда, үшінші рет сатылым ұйымдастыру үшін қажет. Сатылымға шығару процесін қазан айынан кешіктіретін болсақ, биылғы жоспар орындалмай қалуы мүмкін. Сондықтан олардың мерзімін кері жылжыту туралы шешім шығарылды", – деді Қалымжан Ибраимов.

Ол жекешелендірудің кешенді жоспарына енген Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы туралы да пікірін білдірді. Қалымжан Ибраимовтың сөзінше, киностудияны жекешелендірудің кешенді жоспарынан алып тастау мәселесі әлі талқылануда.

"Қазақфильмнің" жекешелендірілетін нысандар қатарынан алынғанын құптаймын. Бұл менің жеке пікірім", – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін зиялы қауым "Қазақфильмді" жекешелендіруге қарсы шыққан болатын. Бұл мәселеге мәжіліс депутаттарының да үн қосқанын жақсы білеміз.

Қалымжан Ибраимовтың айтуынша, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 104 нысанды саудаға шығару жоспарланған. Іс жүзінде оның 89-ы сауда шығарылып, 39-ы 36 млрд теңгеге сатылған. Ал 15 нысанды қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданған.

Жалпы, 1 шілдеге дейін жекешелендірудің 2016-2020 жылдардағы кешенді жоспарына енген 887 нысанның 502-сі саудаға шығарылған. Оның 421-і 2016 млрд теңгеге сатылған.

"Сатылған 421 нысанның 205-і жеке және заңды тұлғалардың меншігіне өтті. 181 нысанды инвесторлар сатып алды. Сатып алушылардың қатарында барлық өңірдің өкілдері бар. Дегенмен, Алматы мен Астана тұрғындары белсенділік танытуда", – деді Қалымжан Ибраимов.

Министрлік өкілінің айтуынша, сатылған нысандардың жалпы сатылым бағасы олардың бағалау құнынан 1,4%-ға артқан.

"2015 жылы сауда-саттықты электронды форматта өткізу енгізілді. Бұл норма жекешелендіру процесін одан әрі жеделдете түсті. Бұл формат сауда-саттыққа қатысу үшін электронды өтінішті беру-қабылдау кезеңінен жеңімпазды анықтау кезеңіне дейінгі уақытты үнемдейді. Сонымен қатар процесс барысында адами факторды толығымен шектейді. Бұдан бөлек, биылдан бастап сауда-саттық нәтижелері бойынша сатып алу-сату шарты да электронды цифрлық қолтаңба арқылы электрондық форматта жасала бастады", – деді Қалымжан Ибраимов.

Оның сөзінше, нысандарды сатылымға шығару қарқыны артқан. Мәселен былтыр бұл көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 15%-ға өскен. Сондай-ақ жеке бизнес пен халық тарапынан жекешелендіру процесіне деген қызығушылық артып келеді. Бұл ретте сауда алаңының белсенді қатысушыларының саны 12%-ға көбейген.

"Сауда-саттықтағы бәсекелестік артты. Бір сатылымға қатысатындардың орташа саны шамамен 4-5 қатысушыны құрады. Бұған дейін олардың саны үшеуден аспайтын еді. 2017 жылы сатылым саны 2016 жылмен салыстырғанда 39%-ға, 2015 жылмен салыстырғанда 60%-ға өсті", – деді Қалымжан Ибраимов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу