Сенімсіздік синдромы

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2697

Шенеуніктер де дөнер жеп, отбасымен бірге киноға барғысы келеді.  

Сенімсіздік синдромы

Әлеуметтік желіде әкімдер мен министрлердің күнделікті өміріне деген ақпараттық тәбетіміз шектелсе, "әкім автобусқа мінді" деген тақырып өзектілігін жоғалтатын шығар.

Соңғы күндері Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әлеуметтік желіде "хит" болып тұр. Бұл туралы: "Автобусқа кешігіп қала жаздадым, мен мінген қоғамдық көлік өте ыңғайлы екен, жұмысқа 10 минутта жетіп барсам да, көп нәрсе ойлап үлгердім, автобуста студенттік кездерді еске алдым, шынымды айтсам, көңіл-күйім көтеріліп қалды. Маған сәтті билет тиді, оны сақтап қоямын деп шештім", – деді әкім шымкенттік журналистерге.

Мазмұны және сюжеті жағынан жаңалық болмаса да, әрбір шенеуніктің   көшеде немесе әуежайда тосыннан түсірілген суреті отандық БАҚ үшін сенсацияға айналды. Бұл туралы саясаттанушы  Эдуард Полетаев: "Қазір АҚШ президенті Дональд Трамп  Қазақстанға келді деген ақпаратқа емес, оның қасында селфиге түскен әкімге назар аударылатын болды. Мен мұның себебі не екенін білмеймін, түсіне де алмаймын. Мүмкін бұл қазақстандықтардың ортақ менталитетінен туып отырған ықылас шығар. Осыдан 2-3 жыл бұрын Ресейде мұндай тақырыптар президенттері мен премьер-министріне қатысты болатын. Тақырып өзектілігін жоғалтқан болу керек, қазір оларға да соншалықты назар аударылмайды", – деді.

Саясаттанушының сөзінен кейін ФБ желісінің ресейлік, өзбекстандық сегментінің соңғы 1 айдағы жаңалықтарын шолып шықтық. Әнші Ерке Есмаханның әнімен әуелететін болсақ, Ресей мен Өзбекстанда "велосипед мінген", "автобустан қалған" әкім туралы "хит" тақырып жоқ екен.

Бұл  ресейлік, өзбекстандық шенеуніктер "велосипедке мінбейді, автобуспен жүрмейді" деген сөз емес. Шетелдің шенеуніктері мұндайды  жарнамаламайды, ал қоғам олардың қалауы мен талғамына назар аудармайды.

Бізде бәрі керісінше, жалт-жұлт, жарқ-жұрқ.

Қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел қоғамдық санада әлеумет пен билік арасындағы сенімсіздік синдромы көптеген жайттарды өз болмысында қабылдауға мүмкіндік бермейтінін айтады. Мысалы елге танымал бір шенеунік парамен ұсталып, істі болса, біз оны "кландар тартысының құрбаны" деп ақтап алуға тырысамыз. Біреу өсіп жатса, тірегі кім? дейміз. 

"Әкім немесе министр ұсталған күні әлеуметтік желіде екінің бірі қорғаушы немесе соттаушы болып кетеді. Мүмкін белгілі бір топ қоғамдық пікір арқылы сот шешіміне әсер еткісі келетін шығар. Бұл жерде "ақ болса да, қара болса да, жазасын сот береді" деген мәселе екінші орынға ысырылып қалады. Мұның астарында құқық қорғау саласы қызметкерлерінің біліктілігіне және әділ шешім қабылдайтындығына сенбеушілік бар. Бар түйткіл осыдан бастау алады. Бұл қоғамдық сананың саясиланып келе жатқанын көрсетеді.

Елбасы әкімдерге "халыққа жақын бол" дегенді тапсырып жүр. Халықпен жақын араласудың тәсілін әкімдердің өздері табуы тиіс. Оларды сырттан келемеждеу тым ақылды іс емес", – дейді Мырзакелді Кемел.

Қатып қалған қағидаларды өзгертуден Алматының әкімі Бауыржан Байбек те кенде емес. Әкімдердің аудан аралауын немесе қала ішінде велосипедпен жүруін қолданысқа енгізген тап осы әкім.

Әдетте қала әкімінің қандай нысандардың жұмысымен танысатыны журналистерге бір күн бұрын белгілі болатын. Қысқасы әрбір кездесу алдын ала дайындалған хаттама шеңберінде өтетін. Есте жоқ заманнан қалыптасып қалған үрдіс Бауыржан Байбектің тұсында "бұзылды".

Әкімнің қандай нысанға баратынын журналистер ғана емес, мекеменің басшысы 15 минут қалғанда еститін болды.       

Сарапшы  Тоғжан Қожалиева  көптеген үрдісті біздің қоғамдық сана қабылдай алмай жатқанын айтады. Қазір Алматының бас көшелерінде жалға берілетін велосипедтер толып тұр. Алайда көлігін қаңтарып, велосипедке ауысқан адам аз.

Жыл басында Алматының бас көшесінде велосипед мініп жүрген қала әкімін қоғам әлеуметтік желі арқылы күлкіге айналдырды. Жұрт: "Бұл – пиар, күзетшісі қайда, күзетшілері велосипед тоқтаған жерде 10 көлікпен  күтіп тұрған шығар?", – деген пікір білдірді. Осылайша Бауыржан Бәйбек бастаған бастама аяқсыз қалды.

"Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасы ерлік. Ерік-жігері мықты екен. Біз оның астарынан өзге ой іздемей, қолдайық. Басқалардың да қоғамдық көлікке ауысып, қарапайым адамдарша өмір сүруіне мүмкіндік берейік. Мүмкін дабыра жасамасақ, бұл құбылыс қалыпты жағдайға айналар", – деді Тоғжан Қожалиева.   

Оның ойынша, әлеуметтік желідегі қоғамдық пікір сырт көзге күлкілі болып көрінсе де, астары тым терең. Қазіргі қоғам үшке бөлінген, алғашқы топ әлеуметтік желіге қызмет етеді. Екінші топ кез келген оқиғаға от тастап қойып, сырттан бақылап отырады. Ал үшінші топ бейтарап. Мұның тереңіне бойласақ, билік пен қоғам арасындағы  сенімсіздік синдромы бар екенін және оның оң бастамалардың жолын кесетінін көреміз.

Шенеунік те ет пен сүйектен жаралған адам екенін, оның да қоғамдық көлікпен жүруге қақысы бар екенін немесе Арбаттағы орындықтардың біріне жайғасып, донер жегісі, отбасымен бірге кинога барғысы келетінін түсіне алмай жүрген жандар көп.

"Германия канцлері Ангела Меркельдің театрда отырғаны немесе автобуста жүргені неміс қоғамы үшін  жаңалық емес. Бұл жайлы әлемдік ғаламторда тек соңғы жылдары ғана айтылып жүр.

Еуропа немесе батыс елдерінде жоғары білім алған жастар өздері көрген құндылықтарды Қазақстанда  қалыптастырғысы келеді. Бұл пиар емес, солай болса екен деген жақсы ниет қана", –  деді Тоғжан Қожалиева.

Осы тұста Тоғжан Қожалиева Алматы әкімінің велосипедке отырғаны ғана емес, қаладағы мемлекеттік мекемелерді қоршап тұрған қоршауларды алып тастау туралы шешімі де әлеуметтік желіде күлкі туғызғанын еске түсірді.

"Еуропада мемлекеттік мекемелер емес, жекенің иелегіндегі зәулім коттеждердің сыртында да қоршау болмайды. Ал біз үйімізді ғана емес, марқұм болған  туыстарымыздың моласына дейін қоршап қоямыз. Ниеті бұзық адам қалағанын үйіңді таумен қоршап қойсаң да алып келеді. Мүмкін ештеңеге таң қалмау арқылы немесе талқыға салмау арқылы әкімдердің халыққа бет бұруына мүмкіндік жасауымыз керек шығар. Біреудің көзқарасына немесе шешіміне қоғамдық пікір арқылы әсер ету дегенді қабылдай алмаймын", –  деді Тоғжан Қожалиева.

Экономист-сарапшы Тұрар Бейсенбиев Алматының көнекөз ақсақалдары Қазақстанның бірінші басшысы болған Дінмұхамед Қонаевты  Төлебаев көшесіндегі үйінен  жұмыс орнына дейін күзетшісіз, жаяу жүріп келетінін талай көргенін айтады. Мұны жұрт қалыпты жағдай деп қабылдаған. Ешкім "Қонаев жаяу жүр" деп таң қалмаған. Билік басына 1990 жылдардан кейін келген толқын өздерін "билік элитасы" деп есептеді. Қоғамнан алшақтау сол кезде пайда болды.

"Қонаевтың шетелдік банктерде миллиондаған қаржысы, гаражында кем дегенде 10 машинасы  бар" деген ой ешкімнің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген.  Ал бүгін жағдай 360 градусқа өзгеріп кетті. Қазір марқұм болған адамның тірі кезіндегі салмағын моласының сән-салтанатына  қарап білетін болдық. Әкім үй салса немесе қымбат көлік мінсе "ақшасы бар ғой" дейтінді шығардық. Әкімдер сән-салтанатынан бас тартып, алтын жалатылған баспалдактары бар үйден қарапайым үйге көше қоймас. Бірақ бүгін  қызметтік көліктерінен бас тартып, қоғамдық көлікке отырса, ертең зәулім үйлерінің қоршауын алып тастар деп ойлаймыз.

Басқа әкімдер мен шенеуніктер Шымкент пен Алматының әкімдері сияқты велосипедке, автобусқа отыруды дәстүрге айналдырса, халықтың қатып қалған түсінігін жібітер ме еді, кім білсін?

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу