Шекараның ашықтығы экономикаға тиімді

Асқар Момынов Асқар Момынов
3463

Орталық Азия елдерінің халықаралық қатынастар бағытында жаңа белеске шығуына жол ашылмақ.   

Шекараның ашықтығы экономикаға тиімді

Сондықтан, бұл өңірдің мемлекеттері өзара бақталастықты тоқтатып, әлемге құшақты айқара ашу керек. Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Орталық Азия елдерінің жаңа өңірлік саясатына арналған халықаралық конференцияның қатысушылары осы мәселені қаузады. Әр елдің білікті сарапшыларының басын қосқан шараға abctv.kz тілшісі де қатысты.

Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтың айтуынша, Орталық Азиядағы жаңа өңірлік саяси ахуалдың қалыптасуы – жақсылықтың нышаны. Жаңа саяси ахуал өзара әріптестіктегі сенімділікті нығайтып, аз ғана уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.  

"Орталық Азия жайында әңгіме өрбігенде Ауғанстанды тілге тиек етпеу мүмкін емес. Аталған мемлекет біздің өңірге тарихи, географиялық және геосаяси тұрғыдан жақын. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ауғанстан Орталық Азияға қауіпсіздік жүйесі тұрғысынан маңызды әрі негізгі серіктес ел екенін ұмытпауымыз қажет", – деді Абдулазиз Камилов.

Өзбекстан министрі Орталық Азия елдері бірлескен мәлімдеме әзірлегенін айтты. Ол өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты дамытуға, бейбіт өмірді сақтауға негізделген. Бірлескен мәлімдемені әзірлеудегі мақсат – Біріккен Ұлттар Ұйымының бас Ассамблеясына арнайы қарар қабылдату. Қарар осы жылдың қараша айында Самарқандта қабылдануға тиіс.

Халықаралық қатынастар бойынша ақпараттық-сараптамалық орталықтың директоры Элдор Ариповтың сөзінше, әлем назарын Орталық Азияға аударту үшін өңір ішіндегі қырғи-қабақ қатынастарды, негізсіз наразылықтарды доғару қажет. Проблемалар мен қарама-қайшылықтар өз ішімізде, мемлекет басшылары деңгейінде ғана шешуге тиіс. Ал оған сыртқы күштерді араластырудың қажеті жоқ.

"Орталық Азиядағы сауда-экономикалық әріптестіктің әлеуеті жоғары. Бірақ сол бір басымдық әлі күнге дейін толықтай жүзеге асырылмай келеді. Дүниежүзілік банктің дерегінше, 2017-2019 жылдары ішкі жалпы өнімінің жоспарлы орташа өсімі Өзбекстанда шамамен 8%-ды, Қазақстанда – 2,6%-ды, Қырғызстанда – 4%-ды, Тәжікстанда – 5,8%-ды, Түркіменстанда – 6,5%-ды құрамақ. Биыл өңір халқы 70 млн адамға жетеді деп күтілуде. Бұл дегеніңіз бізде 70 миллиондық өткізу нарығы бар деген сөз. Сондай-ақ, біз бір-біріміз үшін өте қолайлы әрі әлеуетті өткізу нарығы екенімізді естен шығармауға тиіспіз. Мәселен, бір ғана бизнес форумның қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Қазақстан арасында шамамен бір миллиард доллар көлеміндегі 75 сауда келісімшарты мен инвестициялық келісім жасалғандығын айтсақ та жеткілікті", – деді Элдор Арипов.

Сарапшының сөзінше, өңірлік кооперация мен шекаралардың ашықтығы Орталық Азия елдерінің экономикасының дамуына тың серпін береді.

Осы орайда Орталық Азия бизнес қоғамдастықтары арасында өңірлік экономикалық алаң құру идеясы ұсынылды. Мақсат – байланысты нығайту. Мұндай алаң өңір ішіндегі сауда қатынасының қарқынын үдетпек. Мәселен, Орталық Азия елдері арасындағы өзара сауда көлемі өңірдегі сауда айналымының 10%-ын құрайды. Ал бұл көрсеткіш Еуропалық одақтың 60%-ына, Азиялық-Тынық мұхит еркін сауда аймағының 68%-ына тең. 

Ташкентте өткен конференцияда сарапшылар БҰҰ жүргізген зерттеулердің мәліметтерін жариялады. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, Орталық Азия елдері өзара экономикалық кооперацияны алға бастыру арқылы өңірдегі ішкі жалпы өнімнің көлемін он жылда кем дегенде екі есе арттыра алады. Бұл қадам 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасынағы сауда айналымын 11%-ға арттыруы мүмкін.

Элдор Ариповтың пікірінше, экономикадан бөлек, саясат және гуманитарлық салада да табысқа кенелуге болады. Бұл ретте, Әмудария мен Сырдарияның ресурстарын пайдалану бойынша арнайы конвенция әзірлеп, бекіту ұсынылды. Осылайша Орталық Азияның су-энергетикалық проблемаларын шешу көзделуде.

Біріккен Ұлттар Ұйымы конвенцияның жобасын әзірлеп қойды. Аталған жобаға сәйкес, Орталық Азия елдерінің әрқайсысы өз аумағында аталған су бассейндерін пайдалана алады. Тек, көрші елдерге залалын тигізбеуі шарт.

"Орталық Азия елдеріне ортақ проблемалар жетерлік. Атап айтқанда, халықаралық терроризм, діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі тасымалы, экологиялық проблемалар мемлекеттерді өзара біріктіруге тиіс. Сондықтан әріптестіктің консультациялық тетіктерін реттеуіміз керек", – дейді Элдор Арипов.

БҰҰ-ның Орталық Азия елдері үшін превентивті дипломатия орталығының басшысы Петко Драгановтың айтуынша, соңғы уақытта өңірдің қарқынды бірігу процесінде жақсы бетбұрыс байқалады және бұл саясат оң нәтиже көрсетуде. Петко Драганов суға қатысты проблемаға тоқталды. Себебі, бұл мәселе – Орталық Азия елдерінің бәріне ортақ.

"Жуырда біздің мекеме Орталық Азия елдері үшін Әмудария мен Сырдарияның ресурстарын пайдалану жөніндегі конвенцияның жобаларын ұсынды. Білікті мамандардың тікелей араласуымен әзірленген құжатты дайындау барысында заманауи халықаралық құқықтың жетістіктері қаперге алынды. Сондай-ақ, су ресурстарын пайдалану проблемасы оң шешілген аймақтардың тәжірибесіне назар аударылды. Біз Орталық Азияның ерекшеліктерін, әр мемлекеттің мүддесін ескеруге тырыстық. Әлемнің қай түкпірінде болсын мұндай мәселелер оңай жолмен шешілген емес. Себебі, барлық елдің мүддесін ескере отырып, ортақ келісімге келу өте ұзақ әрі күрделі процесс. Бұл ретте, біздің мекемемен әзірленген конвенция – дайын әрі нақты қадам емес. Біз тек аталған мәселені шешудегі ұныстар мен идеяларды ескердік. Құжатты Орталық Азия елдеріне тараттық. Олар жобаға қатысты өз ойларын білдіруі қажет", – деді Петко Драганов.

ҚР президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Черныхтың айтуынша, өңірлік саясатқа жан бітуі ортаазиялық интеграция мәселесін алға шығарады.

"Орталық Азия елдерінен және сыртқы күштерден құрылған көптеген интеграциялық жоба бар. Өкінішке қарай, олардың көбі салмақты дүниелерді қамтыған емес. Сондай-ақ, қандай да бір проблеманы шешуде нақты қадамдарды жасамағанын да жақсы білеміз. Арал теңізін бірлесіп құтқару және Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру шараларынан басқа интеграциялық бастамалар мен бағдарламалардың күлі көкке ұшқанынан хабардармыз. Бүгінде жаңа бетбұрыстарға байланысты Орталық Азиядағы интеграциялық үдерістерді нақты іспен шешетін уақыт жетті. Оның үстіне Орталық Азияның халықаралық қатынастар бағытында жаңа белеске шығатын сәті туды. Себебі, сыртқы күштер бұл өңірді ықпалды әрі бәсекеге қабілетті нысан ретінде қарастырып келеді. Мемлекеттер ортақ проблемаларды келісім негізінде шешуге болатындығын түсінуі керек", – дейді Ирина Черных.

Өзбекстанның Қазақстандағы сенімді өкілі Фархат Абдухаликовтың пікірінше, Астана мен Ташкент арасындағы өзара әріптестік – өңірлік интеграцияны дамытудың басты кілті. Себебі, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық аталған екі ірі қалаға байланысты. Оның айтуынша, 2018 жылды – Өзбекстанның Қазақстандағы, ал 2019 жылды Қазақстанның Өзбекстандағы жылы деп жариялау жоспарлануда.

"Екі жақты әріптестіктің жаңа кезеңі тұтас өңірге серпін бермек. Сондықтан экономикалық байланыстарды нығайту керек. Бұл – өңірдегі тұрақтылықтың, қауіпсіздікті сақтаудың кепілі. Орталық Азия елдеріне сырттан келер қауіп-қатер көп екендігін естен шығармаған абзал", – дейді Фархат Абдухаликов.

Еркебұлан Қыздарбек, Асқар Момынов.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу