Шенеуніктер жалақысы үш жыл бойы өсетін болды

4648

Мемлекеттік қызметшілердің ондаған мыңдық армиясының айлығын арттыруға қанша миллиардтар жұмсалатыны анықталды.

Шенеуніктер жалақысы үш жыл бойы өсетін болды

Осы мақсатта алдағы жылдарда "облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын көтеруге нысаналы трансферт" қаражаттар аудару жоспарлануда.

Айта кету керек, шенділердің табысы салық төлеуші қарапайым халық пен бизнес есебінен дүркін-дүркін көтеріліп тұрады. Мәселен, осының алдында 2016 жылы мемқызметшілердің жалақысы 30%-ға ұлғайтылған.

Содан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 27 ақпанда атқарушы органдардың төменгі деңгейлеріндегі жұмыскерлердің еңбекақысын 2019 жылғы 1 шілдеден бастап, орташа есеппен 25%-ға, ал ауыл-аймақтағы төмен жалақылы "бюджеттік" жұмыскерлерге – 30%-ға дейін арттыруды жүктеді. Артынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұлардың еңбекақысын бұрын жоспарланғандай 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап өсіру туралы тапсырма берді.

Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі тек қатардағы еңбеккерлердің ғана емес, бастықтардың да жалақысы жоғарылаған екен.

"Лауазымдар тізіліміне сәйкес, ауыл, аудан және облыс деңгейлеріндегі төмен лауазымдардың жалақысы 25%-дан 30%-ға дейін артады. Бұл лауазымдарға "бас мамандар" (D-4, D-O-4, E-4, Е-R-4, Е-G-3 санаттары), "жетекші мамандар" (D-5, D-O-5, Е-5, Е-R-5, Е-G-4), "мамандар" (D-O-6) жатады. Сонымен бірге ауыл, аудан және облыстық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (С-О-3, С-О-4, D-3, D-O-3, Е-3, Е-R-3, Е-G-2) үшін де лауазымдық еңбекақыларды 10-15%-ға арттыру көзделген. Бұл басшылар мен олардың бағыныштыларының еңбекақыларындағы айырмашылықты сақтау үшін қажет", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Бірақ билік мұнымен тоқтамайтынға ұқсайды.

Дәл осы Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген тиісті бюджеттік бағдарлама жобасына сәйкес, ауылдарда, аудандарда және облыстарда "Б" корпусына жататын әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің жекелеген санаттарының еңбекақысын ары қарай арттыру қарастырылуда.

Құжатта бас маман, жетекші маман, маман санаттарының жалақысын 25-30 пайызға, ал құрылымдық бөлімше басшысы санатындағылардың жалақысын 10-15 пайызға көтеруге 2019 жылы 9 миллиард 3,8 миллион теңге жұмсалатыны белгіленген.

Енді алдағы үш жылда бұл сома айтарлықтай арттырылғалы тұр: келесі 2020 жылға 16 миллиард 233,2 миллион, 2021 жылға – 16 миллиард 438,5 миллион, ал 2022 жылы тағы да 16 миллиард 685 миллион теңге бағыттау жобалануда.

"Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне 2020–2022 жылдарға арналған үш жылдық кезеңге арнап, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақысын арттыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің барлық сомасының түсуін қамтамасыз ету. Үш жылдық кезеңге арналған ағымдағы нысаналы трансферттердің сомасын жалпы сипаттағы трансферттерге аудару ұсынылады", – делінген құжатта.

Онда мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттардың жалақысын көтеру миллионды емес, ондаған мың адамды ғана қамтитыны көрсетілген. Еңбекақыны үш жыл бойы өсірудің қызығын көретін ең көп мемқызметші – Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы, Қарағанды, Қостанай облыстарында.

 Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу