Шенеуніктердің "кәмпитқұмарлығымен" күрес күшейді

3353

Коррупцияға қарсы органдар халықтың шенеуніктерге алғыс ретінде бір қорап кәмпит беру дәстүрімен күресіп жатыр.

Шенеуніктердің "кәмпитқұмарлығымен" күрес күшейді

Жыл басынан бері 9 бұқара өкілі мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне қорапталған кәмпит сыйлаған үстінде ұсталған. Бұл қазақстандықтар әрине, темір торға қамалған жоқ, бірақ бірер мың теңгелік зат үшін қомақты жаза тартты: оларға жалпы сомасы 2 миллион 900 мыңдай теңге көлемінде айыппұл салынды.

Өз кезегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге күш салып жатқандарын хабарлайды. Бұл үшін комитет өз қызметкерлерінің мемқызмет алу үшін жүгінген халықтың не бизнестің өкілімен тікелей қарым-қатынас жасауы жағдайларын азайтуда екен. Осы мақсатта алдын алу шарасы ретінде салықтық және кедендік әкімшілендіруді, мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру жүргізілуде.

Бірақ бұл әзірше "тұрмыстық коррупцияның" түбірімен жойылуына соқтырмады.

"Жекелеген жағдайларда мұндай фактілердің орын алуы жалғасуда. Мысалға, салық төлеушілер немесе мемлекеттік қызметті алушылар ара-тұра лауазымды тұлғаларға жалпы құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтарды және ақшаны беріп тұрады. Мұнымен күресу бағытындағы жұмыстарды Мемлекеттік кірістер комитеті тұрақты негізде және барлық деңгейлерде жүргізуде. Оның барысында мемлекеттік кірістер органдарының бүкіл жеке құрамы профилактикалық іс-шаралармен қамтылады. Әсіресе, халықпен тікелей араласатын құрылымдарымызға, атап айтқанда, аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларына, кедендік рәсімдеу орталықтарына және басқаларына баса көңіл бөлінеді", – деп мәлімдеді Мемкірістер комитеті.

Оның мәліметінше, 2018 жыл басталғалы бері комитеттің ішкі қауіпсіздік бөлімшелері лауазымды тұлғаларға қорапталған кәмпит түрінде заңсыз сыйлық тапсырудың және қызметкер қолына ұсақ сомада, нақтырақ айтсақ, 500-ден 3000 теңгеге дейінгі көлемде ақша қыстырудың 12 фактісінің жолын кескен.

Бұл ретте 9 қазақстандыққа үлкен көлемде айыппұл салынған. Тағы 3 материал әкімшілік іс жүргізу үшін қарауда жатқан көрінеді.

Меморган нақты мысалдар да келтірді. Мәселен, Алматы қаласында Алатау ауданы бойынша мемкірістер басқармасында қарапайым азамат өзіне жақсы қызмет көрсеткен қызметкерге сый-сияпат жасайын деп, құны 1300 теңге тұратын "Roshen" қорапталған шоколадын әкеп берген жерінде ұсталды. Тексеру кезінде "марапат" иесі "Заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің ақпараттарын қабылдау және өңдеу және салықтық тіркеу орталығының" бас маманы болуы тиіс екені анықталды. Ол қызметкер әлгі азаматқа көлік салығы үшін берешегінің бар-жоқтығын анықтайтын мемлекеттік қызмет көрсетіпті.

Бұл оқиға бойынша материал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне жолданған. Осы орган шенеуніктің өмірін "тәттілегісі" келген аңқау азаматты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 676-шы бабы бойынша әкімшілік жазаға тартатын болады.

Тағы бір жағдай Теміртау қаласында тіркелді. Жеке тұлға дара кәсіпкерлікті тіркеу бойынша сауатты кеңес-консультациялар бергені үшін қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкеріне қоярда-қоймай, 1 000 теңгелік купюра ұстатпақшы болыпты. Бұл адам да 676-шы бап бойынша жауапкершілік тартылды: оған "қысқартылған өндіріс" тәсілі қолданылып, 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 240 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Облыс бойынша мемкірістер департаментінің қызметкеріне 1 мың теңгелік жалғыз купюраны сыйлаймын деп, қарағандылық тұрғын да тұтылды. Ол да жеке ісін ашу бойынша кеңес алыпты. Өйткені алкоголь өнімдерін сатумен айналыспақ болып, сол үшін қажетті лицензияға қалай заңды түрде қол жеткізуге болатынын білген. Бірақ шенеунікке бір тиын болса да пара беруге болмайтыны туралы заң талабын елемеген. Қарағандылық та 240,5 мың теңге айыппұлмен құтылды.

Осы орайда сыбайлас жемқорлықпен күрес органы да, мемкірістер комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасы да халықтан мемлекеттік қызметшілерге қорап кәмпит немесе "шайлық" бермеуді өтінеді. Олардың барлығы Елбасы тапсырмасы және заңнама талабы бойынша онсыз да сауатты кеңес беруге, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге міндетті. Демек, онысы үшін материалдық сый-сияпат түрінде қосымша ризашылық танытудың еш қажеті жоқ. Бұл заңмен қудаланатын коррупциялық құқық бұзушылық болып табылады және әкімшілік жазаға соқтырады.

Айтқандай, мемлекеттік қызметшілер Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өтінішпен жүгініп, "туған күнді атап өткенде, зейнеткерлікке шыққанда немесе басқа да той-томалақтарда қорап конфеттер сыйласа, ол параға жата ма?" деп сұрады.

Агенттіктің түсіндіруінше, заңда мемлекеттік қызметшілердің өз қызметтік функцияларын атқарумен байланысты сыйлықтар мен қызметтер қабылдағаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

"Өйткені мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіреді және белгіленген жауапкершілікке соқтырады. Сондықтан егер өз функцияларын атқарумен байланысты сыйлық алған, соның ішінде мемқызметшінің хабарсыз болуынсыз оның атына сыйлық келіп түскен жағдайда, олар жеті күн ішінде Арнайы мемлекеттік қорға тегін тапсырылуға тиіс. Кейін басшылығының келісімімен, мемқызметші оларды нарықтық құны бойынша сатып алуға құқылы. Сонымен бірге, егер ол сыйлық қызметтік міндеттемелеріне қатысты болмаса және мемқызметші сыйлық беруші тұлғамен қызмет бойынша байланысты болмаса, онда сыйлықты алуға ұлықсат етіледі", – деп түсініктеме берді коррупциямен күресуші агенттік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу