Шетелдік автокөліктерді сатып алуға тыйым салынбақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3390

Қазақстанда "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерде шығарылатын тауарларға рұқсатты шектеу туралы" үкімет қаулысының жобасы әзірленді.

Шетелдік автокөліктерді сатып алуға тыйым салынбақ

Құжатқа жақында үкімет басшысы Асқар Мамин қол қояды деп күтілуде.

Жоба 26 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады.

"Қазақстанның "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы заңының 14-бабына сәйкес Қазақстан Үкіметі қаулы етеді: 1. Қазақстанның ішкі нарығын қорғау, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және ұлттық экономиканы дамыту мақсатында, қоса беріліп отырған қосымшадағы тізім бойынша шетелде шығарылатын тауарларды мемлекеттік сатып алуға жіберуге тыйым салынсын", – делінген үкімет қаулысында.

Бұл ретте құжатта осы тауарлар ішінен бұдан былай тек "CT-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар Қазақстанның заңды тұлғасы өндірген тауарлардың ғана мемлекеттік сатып алуларға қатысуына рұқсат берілетіні айтылады.

Тауардың отандық өнім болып табылатынын немесе онда жергілікті мазмұн барлығын растайтын "CT-KZ" сертификатын "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы беретіні мәлім. Бұл құзырет-функцияларды оған мемлекет 2014 жылғы 12 шілдеде тапсырды.

Осы мақсатта сол жылы-ақ КҰП жанынан осы құжатты рәсімдеумен және растаумен айналысатын, сондай-ақ тауарларға сараптама жүргізетін "Тауарлардың шығу тегін сертификаттау орталығы" құрылды.

Жаңа қаулы жобасында жатжұрттық өнімдердің қатысуына тыйым салынған тендерлерге отандық тауарларды жіберудің рәсімі де айтылады:

"CT-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттың болуын растау – тауарды жеткізу туралы ұсынысы бар өтінімде (түпкілікті ұсыныста) көрсетілген, заңды тұлғаның басшысы куәландырған осы сертификаттың көшірмесін ұсыну арқылы жүргізіледі", – делінген онда. Яғни, отандық өнім екендігін растайтын сертификат көшірмесін ұсынса, компания тендерге жіберіледі.

Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айтқандай, шетелдік бірқатар өнім түрлеріне тыйым салу әзірге тек екі жылға енгізіліп отыр. Кейін ұзартылуы не тоқтатылуы мүмкін.

Қазақстандағы мемлекеттік сатып алуларға енді жіберілмейтін тауарлар тізімі арасында үшеуі назар аудартады.

Ең бастысы, бұдан былай шенеуніктерге шетелдік "жеңiл автомобильдерді", "жүктер мен жолаушылар тасымалдайтын

автомобиль-фургондарды", сонымен қатар "адамдарды тасымалдауға арналған өзге де моторлы көлiк құралдарын" сатып алуға тыйым салынады.

Осы орайда сырттан бюджет қаражатына сатып әкелуге рұқсат берілмейтін көліктер арасында "жарыс автомобильдерінің" (орысшасында "гоночные автомобили" деп көрсетілген) барлығы таңданыс туғызады. Оның нақты аталып, шектеу енгізіліп отырғанына қарағанда, бұған дейін шенділер "жын ұрғандай айдауға" арналған "темір тұлпарларды" да ел қаржысына алып келген болса керек.

Дегенмен, үкімет тендер арқылы шетелде жасалған "8702 тауар позициясындағы моторлы көлік құралдарын" ары қарай да сатып алуға мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, әкімдіктерге рұқсат етпек.

Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің шешімімен бекітілген классификаторға жүгінсек, "8702 тауар позициясына" жүргізушіні қоса алғанда он және одан да көп адамды тасымалдауға арналған барлық моторлы көлік құралдары кіреді.

Қарапайым тілмен айтсақ, шетелде өндірілген қалалық және қалааралық автобустарды, троллейбустарды, "гиробустарды" ел қаржысына сатып алуға ары қарай да рұқсат етіледі.

Бұл әкімдіктерге қалалық автобустар паркін жаңартуын ары қарай жалғастыруына мүмкіндік беру мақсатында жасалған. Себебі, мәселен, елорда әкімдігі ұзақ жылдардан бері еуропалық машина жасау индустриясын қаржыландырып, оның Iveco автобустарын тоқтаусыз тасып жатқаны белгілі. Бұл ретте шетелдік бір автобустың 400 мың доллар тұратыны туралы хабар елбасының өзін шошытқаны мәлім. Елорда сондай-ақ ЭКСПО қарсаңында Францияда жасалған Urbanway гибридті автобустарын да көптеп сатып алды.

Сарапшылар күні бүгінге дейін министрліктер, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың отандық көліктерді сатып алуы тек елбасының үгіттеуімен жүргенін еске салады.

Енді Қазақстанда құрастырылған "темір тұлпарларды" ғана алу нақты рәсімделген ресми талапқа айналғалы отыр.

Сонымен қатар аталған үкіметтік қаулы жобасымен шенеуніктерді "электр трансформаторларын", "статикалық электр өзгерткіштерін", "индуктивтілік катушкаларды және дроссельдерді" тек отандық өндірушілерден сатып алуға міндеттемек.

Бұдан бөлек, "оқшауланған сымдарды" (эмальданғандарын немесе анодталғандарын қоса алғанда), "кабельдерді" (коаксиальды кабельдерді қоса алғанда) және басқа да оқшауланған электр өткізгіштерін, "жеке қабықтары бар талшықтардан құрастырылған талшықты-оптикалық кабельдерді" шетелден тасуға тыйым салынбақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бұл құжат отандық өнімдерді қолдауға және ішкі нарықты қорғауға бағытталып отырғанын айтады. Ол бұл жерде мемлекеттің нақты қандай өндірушінің мүддесін діттеп отырғанын да жасырмайды.

"Қаулы жобасы ішкі нарықты қорғау және отандық жеңіл автомобильдердің өндіріс көлемін арттыру мақсатында қабылданады. Ол отандық жеңіл автомобильдер өндірісіне, кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыруға серпін береді. Сондай-ақ, қаулының мақсаты "КТЗ" АҚ және "Азия Трафо" ЖШС-нің өндірістік қуаттарын 90%-ға дейін жүктеу болып табылады. Күтілетін нәтижелер – 5 жыл ішінде 1700 қосымша жұмыс орындарын құру, салық аударымдарын 2 есеге ұлғайту болып отыр. Кабельдік-өткізгіштік өнімдердің өндіріс көлемін арттыру, 85-90 пайызға дейін өндірістік қуаттарын жүктеу, 3 жыл ішінде 300 қосымша жұмыс орнын құру көзделеді. Бұл салада салықтық түсімдер 20 пайызға артады деп күтілуде", – дейді министр түсіндірме жазбада.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу