Қазақстан пальма майының импортына шектеу қоя ала ма

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4530

2015-2018 жылдар аралығында елімізге шетелден 46 600 тонна пальма майы жеткізілген. 

Қазақстан пальма майының импортына шектеу қоя ала ма

Еуропа дабыл қағуда

Пальма майын білетін шығарсыз. Бір естігеніңіз анық, әйтеуір. Ол тамақ өнеркәсібінде, косметика саласында, дәрілік препараттарда көп кездесетін өнімнің бірі. Мұны пальма майының пайдалы жағы деп ұқсаңыз болады.

Ал зиянын естісеңіз, тұла бойыңыз тітіркене түсуі бек мүмкін. Өйткені, адамдарды жүрек дертіне, онкологиялық ауруларға шалдықтыратын кеселді өнімнің бірі – осы пальма майы. Сондықтан болар, пайдасы мен зияны қатар жүретін бұл өнімге деген көзқарас та әртүрлі.

Мәселен, Еуропа елдерінің аталған өнімнің адам денсаулығына аса зиянды екенін айтып, дабыл қаға бастағанына біршама уақыт болды. Норвегия, Швеция, Дания секілді Скандинавия елдері пальма майын тұтынуға әлдеқашан тыйым салған. Франция мен Украина да саналы түрде бас тартты. Еуропалық одақ та ұйымға мүше мемлекеттерді аталған өнімді мейлінше аз тұтынуға үгіттеп келеді. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде Еуропалық одаққа мүше 8 мемлекет пальма майын ішкі нарыққа кіргізбеу туралы шешім қабылдаған.

Worldstopexports.com сайтының мәліметінше, әлемнің 203 мемлекеті пальма майын тұтынады екен. Бұл ретте, Қазақстан өнімді тұтыну көлемі жағынан 60-орында тұр. Еліміз өнімнің аталған түріне 2017 жылы 53 млн доллар жұмсаған. Ал ең көп тұтынатын екі мемлекет – Үндістан мен Қытай.

Онкологиялық ауруға шалдықтырады

"Өмірде кез келген дүниенің пайдалы және зиянды жағы болады. Пальма майы да дәл солай. Оны тиісті мөлшермен пайдаланатын болса, аса бір зияны жоқ. Бірақ бар мәселе оның шамадан тыс қолданылатындығында болып тұр", – дейді тамақ өнеркәсібінің маманы, инженер-технолог Дәмесін Ерғалиева.

Инженер-технологтың пікірінше, пальма майын көп мөлшерде қолданса, қандағы холестерин көбеяді. Салдарынан инфаркт, диабет, рак аурулары пайда болады. Оның үстіне пальма майы көп қосылған тағам дұрыс қорытылмайды.

"Кондитерлік өнімдерді, жылдам дайындалатын фастфудтарды жасаған кезде пальма майын тиісті мөлшермен пайдалану туралы талап сақталмайды. Қоғамда алаңдаушылық тудырып отырғаны да сондықтан. Тауар өндірушілер оны пайдаланғанын өнімнің жапсырмасына міндетті түрде жазып, көрсетуі керек. Өкінішке қарай, бұл талап та орындалмайды. Кәсіпкерлер пальма майымен пайдаға кенеліп отыр. Өйткені, майдың бұл түрі өнімді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді", – дейді Дәмесін Ерғалиева.

Гастроэнтеролог Ләззат Қазанбаеваның айтуынша, бүгінде пальма майы кішкентай балаларға арналған тағам түрлерінде де көп кездеседі.

"Пальма майы қосылған өнімдер дүкен сөрелерінде бұзылмай, көп уақыт жатады. Сондай-ақ қазір оны сүт өнімдерінен де кездестіруге болады. Гамбургер, KFC өнімдері пальма майынсыз жасалмайды. Бұл өнім сабын өндірісінде және металдарды майлауға пайдаланылады. Оның құрамында қаныққан май қышқылдары бар. Ол организмге зиянды. Пальма майы канцерогенді өнім болғандықтан, онкологиялық ауруларға шалдықтырады. Сондықтан асты кез келген жерден ішуге болмайды. Дұрысы, үйде тамақтану", – дейді Ләззат Қазанбаева.

Азия халқы көп тұтынады

Reuters-тің хабарлауынша, пальма майын Азия елдері көп тұтынады екен. 2017 жылы Сары құрлық 18,2 млрд долларға мальма майын сатып алған. Бұл жалпы көлемнің 53,8 пайызы. Одан кейінгі орында Еуропа тұр. Импорттың 24,9 пайызы Кәрі құрлыққа тиесілі. Ал ең аз тұтынатын өңірлер қатарында Солтүстік Америка (4,6 пайыз), Латын Америкасы (2,1 пайыз) бар.

Әлем бойынша пальма майын көп көлемде импорттайтын екі ел бар. Олар – Индонезия мен Малайзия. Отандық тауар өндірушілердің қолданып жүргені Малайзияның майы екен. Мұны Қазақстанның сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінен білдік.

Орталықтың дерегінше, 2017 жылы пальма майының импорты 72,8 пайызға немесе 8 млн АҚШ долларына көбейген. 2016 жылы Қазақстан 11 млн АҚШ долларына пальма майын импорттаса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 19 млн АҚШ долларына дейін өскен. Жалпы, Малайзиядан Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың 17,2 пайызын пальма майы құраған.

Айтпақшы, пальма майы Қазақстанда satu.kz, OLX.kz секілді сауда алаңдарында сатылып жатыр. Бір келісі шамамен 500 теңгеге саудалануда.

Өндіріс көлемі азаймақ

Жуырда Reuters агенттігі пальма майының экспорты бойынша 2019 жылға арналған болжамды жариялады. Болжамға сүйенсек, биыл пальма майының өндірісі азаймақ.

Әлемдегі ең ірі өндірушісі Индонезия биыл 42 млн тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамалы аздау. Былтыр Индонезия шамамен 43 млн тонна өнім өндірген болатын.

Индонезиядан кейінгі орында тұрған Малайзия керісінше осы жылы өнім көлемін сәл де болса арттырмақ ниетте. Болжамға сүйенсек, биыл 20 млн тонна пальма майын өндірмек. Былтырғы көлем 19,5 млн тоннаға тең еді.  

Сондай-ақ мамандар 2019 жылы әлемдік нарықтағы пальма майының бағасы 3 пайызға өседі деп болжам жасауда. Сәйкесінше, биыл өнімнің 1 тоннасы 574 доллардан сатылады деп күтілуде. Олардың пікірінше, бағаның өсуіне және өндірістің төмендеуіне плантацияларды "тынықтыру" себеп болып отыр.

Қазақстан неге шектеу қоймайды?

Пальма майы аса зиянды болса, Қазақстан неліктен бұған шектеу қоймайды? Көкейіңізге кептелген бұл сауал бәрімізді мазалайды. Бір анығы, біздің елде пальма майына қатысты нақты бір шектеу я бақылау жоқ. Десе де, осыған апарар тиісті бір қадамдар жасалғандай.

Былтыр Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов пальма майын шектеуге қатысты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы бақылауды күшейту керек деп есептейді.

"Қазақстанның тамақ өнеркәсібінде пальма майы көп пайдаланылатын болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми дерегінше, 2015-2018 жылдар аралығында елімізге 46 мың 600 тонна пальма майы әкелінген. Меніңше, аталған майдың сапасына қатысты техникалық регламент енгізу керек", – деген болатын Ахмет Мурадов.

Депутаттың пікірінше, сырттан келетін пальма майының сапасына бақылау керек. Әсіресе, сапасы күмән тудыратын өнімдер шекарадан өтпеуге тиіс. Сондай-ақ ол мектеп, балабақша асханаларында пальма майы мүлдем қолданылмауы қажет дейді.

Айтпақшы, өткен жылы Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко да пальма майын шектеуге қатысты мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл өнімді негізінен "Евразия фудс", "Рахат", "FG-VQ" секілді компаниялар пайдаланады.

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, Қазақстанда пальма майын бақылауды қолға алуға екі кедергі бар көрінеді.

"Біріншіден, бақылау жүргізу функциялары бірнеше ведомстваға бекітілген. Мәселен, Техникалық реттеу және метрология комитеті арнайы техрегламентті әзірлеп, бекітуге тиіс. Өнімнің сауда орындарына жеткенге дейінгі жағдайын ауыл шаруашылығы министрлігі, ал дүкен сөрелеріне түскеннен кейінгі жағдайын денсаулық сақтау министрлігі бақылайды. Осы жерде кереғар келетін тұстар бар. Екінші мәселе – тұтынушылар құқығы дұрыс қорғалмаған. Тұтынушылар мен бизнестің мүддесі бір-біріне қарсы келеді", – деген болатын былтыр Өмірзақ Шөкеев.

Қазақстан пальма майына мүлдем шектеу қоя алмасы анық. Дегенмен, пальма майын тұтынушыларды бақылайтындай мүмкіндік бар секілді. Бірақ бұл мәселе де әзірше ашық күйінде қалып отыр...

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу