Шетпедегі 9 карьерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді

1748

Маңғыстау облыстық экология департаменті 4 мекеменің жұмысын тоқтатты. 

Шетпедегі 9 карьерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді

Маңғыстау ауданында Шетпе ауылының маңында орналасқан қиыршық тас карьерлерінің қойылатын талаптарды орындамауы экологиялық ахуалға кері әсерін тигізуде. Жан-жағын ала шаңға бөлеп, топырақ шашқан карьерлердің заңға қайшы әрекетіне жол бермеу үшін түрлі шаралар жасалуда, тіпті, олар электр жарығынан ажыратылып, кей жағдайларда мекемелерге лицензия берілмейді,  деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Шаң жұтқан шетпеліктер үшін бұл жердегі құрылыс материалдарын өндіріп, сатып пайда табатын мекемелердің немқұрайлылығы – соңғы бірнеше жылдан бері айтыла-айтыла жауыр болған мәселеге айналған. Ауыл маңында 28 кәсіпорын жұмыс істейді, құрылыс тастарын ұсақтап, қиыршық тас алатын 29 карьер бар. Тастарды өндіру, жару, түсіріп-тиеу және тасымалдау кезінде маңай көк ала шаңға оранады. Егер өндіріс басындағы құрылғылардан тым құрымағанда мезгілімен су шашып, шаңды басып тұрса, жағдай тым мүшкіл болмас та еді, бірақ  көбірек пайда табуды ойлаған компаниялар экологияның ластанып жатқанына көңіл бөлер емес. 

"Осыған байланысты Шетпе ауылы тұрғындарының қоршаған ортаның ластану фактісі бойынша өтініштеріне орай, 13 кәсіпорынның  ішінде 9 кәсіпорынға ("ТАС", "Аян Ақтау", "Нұра", "Азия Тас-1000", "Бай-Бег", "Теміртас-1", "МКДСМ", "Шетпе Тас", "ДИС" ЖШС-лары) жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін, кәсіпорындар жалпы сомасы 1 542 790 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды және жалпы сомасы 18 201 590 теңгеге залал есептелінді, сондай-ақ, сот шешімімен 4 кәсіпорынның ұнтақтау-сұрыптау қондырғыларының жұмысы қызметі тоқтатылды. Қалған 4 кәсіпорын қазіргі уақытта жұмыс жүргізбейді және оларды жоспардан тыс тексерулер үшін негіз жоқ",дейді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.

Сондай-ақ, келісімшарттық міндеттемелерді уақытылы орындамаған және экологиялық талаптарды бұза отырып жұмыс жасады деп танылған "Шетпе тас", "ШҚ А.Сейдалиев", "Шетпе Тас LTD" және "Азия Тас-1000" мекемелерінің келісімшарттарын бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданған. Алайда Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "ШҚ А.Сейдалиев" ЖШС-ымен жасалған құжатты бір жақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтату негізсіз деген шешім шығарып, соның негізінде оның жұмысы қайтадан қалпына келтіріліпті.

Бұдан бөлек, заңсыз жұмыс жасаған карьерлерге тоқтау салу үшін 18 қазаннан бастап электр жарығы ажыратылып тасталған. Мұндай қатаң шаралар амалсыздан қолға алынғанына күмән жоқ. Себебі жыл сайын бірнеше мекеме айыппұл арқаласа да айналаны өрескел бүлдіруді тоқтатпай келеді. Бұл жөнінде тұрақты жазылуда

Қазіргі күні облыстық экология департаментінің қиыншық тас өндіретін кәсіпорындарға карьерлерге және ұсақтау-сұрыптау қондырғыларына кіре берісте су ваннасы бар кәсіпшілік ішіндегі асфальт автожолдарын салуды, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын және экологиялық рұқсат беру кезінде жер қойнауын пайдаланушы ұнтақтау-сұрыптау қондырғыларында су тозаңын басатын жабдықтарды орнатуды міндеттеп, Шетпе ауылынан 5 км радиуста жер қойнауын пайдалануға лицензия беруді шектеп отырғаны белгілі болды. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдай департаментіне карьерлердегі жарылыс жұмыстарына оның қуатын, Шетпе ауылындағы тұрғын үйлерден сейсмикалық қауіпсіз қашықтығын, сонымен бірге, жарылыс кезіндегі желдің бағытын ескере отырып рұқсат беру жөнінде хат жолданбақ.

Дегенмен, қазіргі күні кәсіпкерлер қозғалып, кейбір жұмыстарды жасай бастапты. Атап айтқанда, олар өз қаражаттарымен карьерішілік жолдарды салуға кіріскен. Сонымен қатар, жалпы пайдаланымдағы карьераралық жолдарда қатты тротуар асфальты төселіп, тас ұнтақтау қондырғыларында су шашылып, шаң шығатын жерлерде ангарлар салына бастапты. Жол мәселесіне бұлайша маңыз берілуі тегін емес. Тас тиеп шығатын көліктер жолдарға салмақ салып, тез бүлдіріп тұр. Олардың арнайы тексеру жүргізілмеген кездері құрылыс тасын аузы-мұрнынан шыққанша артық көлемде тиеп шығатынын ескерсек, таңданатын түк те жоқ.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу