Жерлесіміз африкалық құс ұстап отыр деген әңгімеге елең ете қалдық. "Сауыр мен Сайқанның қысына аптап Африканың мақұлығы қалай төзіп жүр екен" деген ой келген.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары Мейрамбектің 50 тауық бағып отырғанын растады. Мысыр тауығы дейтін экзотикалық құс аса күй талғамайтын сияқты. Түп атасы Африкадан шыққанымен, екі аяқты отандастары сияқты алты құрлыққа түгел тарап, түрлі климатқа бейімделіп үлгерген екен. Таңсық тауық жайлы әңгімені қоздата отырып, Мейрамбектің үйіне де жеттік. Тауық қора ретінде жазғы ауыз үйді пайдаланып отыр екен. Еденсіз ескі тамның іші толған шұбар тауық. Мойны созыңқы, дене тұрқы қарапайым тауықтан ұзындау болып көрінді. Сөйтсек, ересегі екі келіге дейін таза ет береді екен. Ерекше құсты тамашалап келушілер көп сияқты. Бір топ журналист фотоаппаратын жарқылдатып кіріп келгенде де селт ете қоймады.
Құстардың иесі Мейрамбек Әлиханның Қытайдан қоныс аударғанына бір жыл болыпты. Мысыр тауығын өсіруді сол жақта үйренген екен. Қазір сол көргені бойынша өз бизнесін бастап отыр.
"Қытайда бұларды "меруерт тауық" деп атайды. Мен жұмыс істеген кәсіпорында мыңдаған тауық өсіретін. Бұл құстардың бабын, қандай жем жейтінін, қандай күтім керек екенін жақсы білемін. Сондықтан, осы іске бет бұрды" – дейді жас кәсіпкер.
Айтуынша, жұбайы екеуі де "Бизнес бастау" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, іскерліктің әліппесін меңгерген. Ал "Нәтижелі жұмыспен қамту" бағдарламасы бойынша берілетін грантқа инкубатор аппаратын сатып алған. Мысыр тауығының 50 балапанын Алматы облысынан тапсырыспен алдырыпты. Бұлар жетілген соң жұмыртқасын осы инкубаторда шайқайды.
"Аппарат 250 мың теңгеге шықты. Бір жолда 1056 жұмыртқа шайқайды. Одан үлкенін алуға гранттың ақшасы жетпеді. Ресейден 500 қаздың жұмыртқасына тапсырыс беріп қойдым. Оларды да осы инкубаторда шайқаймыз. Бұйырса мысыр тауығының санын 3000-нан асырсам деген ой бар", – дейді Мейрамбек.
Мұнысы жай айтыла салған сөз емес. Әлемнің 240 нүктесіне жекелей тауар жеткізіп отырған, сауда айналымы 500 млрд долларды құрайтын Alibaba Group компаниясы Мейрамбекке осындай шарт қойыпты. Әлемдегі 18 байдың бірі саналатын қытайлық миллиардер Жек Маның компаниясы Зайсанның жас кәсіпкерін қайдан біледі дейсіз ғой? Қытайда бұл құстың еті мен жұмыртқасына, тіпті қауырсынына да сұраныс қатты көрінеді. Мейрамбек бизнес бастамас бұрын, онысын ұлғайтқан жағдайда өнімді қайда өткізем деген сұраққа жауап іздеп көріпті. Сол сауалмен Alibaba Group компаниясына хат жолдайды. Ондағылар тауықтың саны қанша деген сұрақ қойыпты. Егер құс саны 3000-нан асса, халықаралық интернет сауда желісіне өндіруші ретінде тіркейтіндерін айтқан. Яғни, тауық саны межелі мөлшерге жетсе, Мейрамбек өнімінің жарнамасын үйінде отырып-ақ, Alibaba.com, AliExpress.com, Taobao.com, Ele.me сияқты әйгілі сауда сайттарына, соларға тіркелген 500 миллионға жуық белсенді сатып алушыға ұсына алады. Ал Alibaba Group компаниясы Мейрамбекке түскен тапсырыстарды топтап-топтап, әкетіп отырады. Ол үшін жерлесіміз құс өнімінің барлық ветеринарлық құжаттарын сақадай сай етіп, мұқият реттеп қоюы керек.
29 жастағы жігіт құстың бұл түріне Алматы мен Астана мейрамханаларында да сұраныс жоғары екенін айтады. Бірақ алғашқы өнімді зайсандық жерлестеріне ұсынбақ.
"Нарықта бір жұмыртқасының өзі 350 теңге тұрады. Жерлестеріме 200 теңгеден сатамын. Одан жоғары бағаны жергілікті нарық көтермейді де. Оның үстіне бизнес жоспарымда сол баға көрсетілген. Кейін қаржылық әл-ауқатымды түзеген соң, экспортқа күш саламын. Бір келгенде 2000 дана жұмыртқа тапсыра алатын деңгейге жетсек, өздері-ақ әкетіп отырады. Менен тек ветеринарлық стандарттарды қатаң сақтау талап етіледі. Яғни сыртқа тасуға ешқандай шығын кетпейді. Ол межеге жету үшін әуелі 0,4 гектар жер алып, арнайы қоражай салу қажет. Қазір сол жер рәсімдеу мәселесімен айналысып жүрмін. Осы мәселе жылдам шешілсе, ісім алға басып кетер еді", – дейді жас кәсіпкер.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі оның Зайсанның ішінен жер алсам деген өтінішін қанағаттандырмапты. Өйтетін жөні де бар. Шаһардың ортасында мыңғырған тауық асырау заңға да, экологияға да томпақ. Енді ол қала шетінен қашық болса да, электр қуаты бар аумақтан жер сұрап жүр. Инкубатордың көмегімен құстың басын бір жазда-ақ 3000-ға жеткізуге болады деп отыр.
"Қытайда бір жұмыртқаның бағасы 350 теңге. Етінің келісі 1200 теңге. Ал қауырсынының 500 грамы 10 мың теңге тұрады", – дейді жас кәсіпкер. Осы қауырсынының қымбаттығына орай мұны "перғауын тауық" деп атаса керек. Әйтпесе әрекеттерінен құс төресіне тән тектілік көре алмадық.
Есесіне еті тауықтікінен майсыз, үйректікіне қарағанда ақуызы мол. Қарапайымдап айтсақ, жеңіл әрі құнарлы. Сол қасиетіне орай оның етін ежелгі Грекия мен Римнің ақсүйектері ас мәзірінен үзбеген. Тіпті ежелгі Римнің патша сарайында мысыр тауығы жеңсік ас деп бағаланған. Империяның күйреуімен африкалық тауықтың Еуропаға таралуы пышақ кескендей тыйылыпты. Орта ғасырларда Үндістанды іздеген португалдар бұл тауықтың түрін Еуропаға қайта әкеліп, Америка құрлығына да таратқан екен. Қазақстан көлемінде мысыр тауығын өсірушілер әзірге некен-саяқ.
Соңғы рет хабарласқанымызда Мейрамбек тағы да "Нәтижелі жұмыспен қамту" бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысып жатқанын айтты. Үш миллион теңгенің грантына құс етін ваккумдап, ұзақ мерзім бойы сақтайтын қондырғы алмақ ойы бар көрінеді. Тың іске түрен салған талапты жасқа сәттілік тіледік.
Есімжан Нақтыбайұлы