Су жолы жүк тасымалын жеңілдетеді

4399

Биыл Павлодар өзен порты арқылы Сібір орманынан 40 мың текше метр ағаш әкелінеді.

Су жолы жүк тасымалын жеңілдетеді

2 мамыр күні Павлодардың өзен порты жаңа маусымды бастады. Құрылыс материалдары тиелген алғашқы жүк кемесі Ресейге бағыт алды. Аты аталған көлік қайтар жолда маусым бойы Сібір орманынан ағаш тиеп әкеледі. Осылайша елге 40 мың текше метр ағаш жеткізіледі. Жоспар жүзеге асса,  бұл соңғы 15 жылдағы ең тәуір нәтиже болмақ.

Су жолы арқылы жүк тасымалын жаңа деңгейге көтеру Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Ресей Федерациясы Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев екеуінің өзара келісімінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Еске сала кетейік, 2018 жылғы сәуір айының басында Болат Бақауов Түменге барып қайтқан еді. Сол сапарда қос тарап көлік логистикасын дамыту туралы келісімге келген.

"Екі өңірге де ортақ су жолы бар. Біз осыны пайдалана отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруымыз керек. Себебі су жолы арқылы жүк тасымалдау әлдеқайда арзан. Осының нәтижесінде жүктерді жеткізудің өзіндік құнын төмендетуге болады. Мәселен бізге инертті материалдар керек. Оларды өзен арқылы тасымалдап, кейін кен орындарын жабдықтау үшін пайдаланамыз. Жалпы, түмендік мұнайшылар жыл сайын шамамен 200 миллион тоннадай қиыршық тас қолданады. Бүгінде біз инертті материалдарды темір жол арқылы тасымалдап жүрміз. Ал темір жолдың тарифі әлдеқайда жоғары. Сондықтан біз су жолын ұтымды пайдалануымыз керек", – деген болатын павлодарлық делегациямен кездескен Түмен облысының губернаторы.

Владимир Якушевтің бастамасын қолдаған Болат Бақауов Павлодар өңіріне орман ағаштары керек екенін айтты.

"Кезінде Павлодарға Ертіс өзені арқылы орман ағаштары жеткізіліп тұратын. Біз сіздерге қажетті құм мен қиыршық тасты жеткізуге әзірміз", – деген еді Болат Бақауов.

Міне, қос басшы арасындағы сол келісім мамыр айынан жүзеге аса бастады.

Болат Бақауов наурыз айының басында Павлодарда Омбы облысының губернаторы Виктор Назаровпен кездескен болатын. Сол кездесуде де өзен арқылы жүк тасымалдау жайы сөз болды. Өйткені су жолы қатынасын дамыту қос тарап үшін де тиімді. Мәселен 2017 жылы біздің өңірден 150 мың тонна жүк өзен арқылы Омбы облысына жеткізілген.

"Павлодар облысынан қиыршық тас, тұз тасымалдауға, ал Омбы тарапынан құрылыс заттарын жеткізуге су көлігі тиімді. Бірақ дәл қазіргі уақытта бұл жоспарды жүзеге асыру қиын боп тұр. Оған өзен арнасының ұзақ жыл бойы тазартылмағандығы себеп. Ал оны тазарту біз үшін шығыны көп жоба. Дегенмен су қатынасын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспейді", – деген болатын Виктор Назаров.

Жалпы, биыл Павлодар өзен порты Ресейге шамамен 160 мың тонна инертті материал жеткізуді жоспарлап отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш 100 мың тоннаны құраған.

"Павлодар өзен порты" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Төлеген Күлжановтың айтуынша, өзен арнасын тазартып, тереңдету маңызды мәселе. Ал павлодарлық тарап бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Мәселен былтыр өзен порты 500 мың еуроға Финляндияда құрастырылған балшық сорғыш кеме сатып алды. Ол өзен арнасын тазартып, тереңдету үшін керек. Айта кетейік, Павлодар өзен портында балшық сорғыш 3 кеме бар.   

"Бүгінде өзен портында 5 теплоход, бір мың тонналық 10 баржа, үш мың тонналық 2 баржа, 4 жүзгіш кран және 11 порталды кран бар. Өкінішке қарай, теплоходтардың қолданыста жүргені 30 жылдай болды. Соған қарамастан, порт тасымалданатын жүк көлеміне байланысты бұрынғы режим бойынша, яғни тәулік бойы жұмыс істей алатын деңгейге жетті. Осының өзі үлкен қуаныш", – дейді Төлеген Күлжанов.

Оның айтуынша, су жолы арқылы жүк тасымалдау темір жолмен салыстырғанда 20-30%-ға арзан. Сондықтан ресейліктер Павлодардан қиыршық тасты жүк кемелері арқылы тасымалдауды көздеп отыр. Тіпті олар бұл мақсатқа өз көліктерін тартуға да дайын.

"Бүгінде Ертіс өзені арқылы павлодарлық кемелер ғана емес, Омбы кемелері де қатынайды. Омбыға дейінгі жол төрт тәулікті құрайды. Ал Омбының ең шеткі нүктесі Тараға дейінгі жолға да төрт тәулік кетеді. Соңғы екі-үш жылда Павлодарға ресейлік кемелер жиі келетін болды. Тіпті олар бір айда екі рет қатынайды. Ал ең негізгі проблема – су деңгейінің төмендігі. Ертіске су жіберілген уақытта мейлінше көбірек жүк тасымалдап алуға болады", – дейді Төлеген Күлжанов.

Басқарма төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, Қазақстан өзен арнасын тереңдету жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Ал Ресей тарапы бұған құлықсыз. Мәселе үкіметаралық деңгейде қаралса да, еш өзгеріс жоқ. Аталған мәселе 2003 жылдан бері көтеріліп келеді.

Павлодар өзен портының бас инженері Алексей Гладковтың айтуынша, кадр мәселесі де өзекті болып тұр. Павлодар өзен портына кеме жүргізушілері, механиктер, балшық сорғыш кемелерді басқарушылар жетіспейді. Мұндай мамандарды даярлайтын оқу орны біреу-ақ. Ол – Семей көлік колледжі.

"Кеме жүргізушілер мен жүзгіш крандардың командирлері орташа есеппен айына 200 мың теңге айлық алады. Қазір 10 шақты маман жетіспейді. Маман жетіспеушілігі жұмысқа кері әсерін тигізеді. Мамандардың көбі Ресейге кетіп қалады. Онда оларға барынша жағдай жасалған. Жұмыс та қызықтырақ. Меніңше, өңірдегі колледждердің бірінен өзен портында жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын арнайы топ ашу керек", – дейді Алексей Гладков.

Деректерге сүйенсек, 2016 жылы "Павлодар өзен порты" АҚ-ның табысы 33,48 млн теңгені құраған. Ал 2015 жылғы табыс 19,924 млн теңгеге тең болған.

Еске сала кетейік, Павлодар өзен портының жобасы алғаш рет 1955 жылы әзірленген. 1956 жылы өзен порты арқылы жүргізілген тауар айналымы 767,5 мың тоннаны құраған. Ол уақытта негізінен су жолы арқылы тұз, астық, тас көмір, ағаш тасымалданған. Жалпы, Ертіс бір кездері жүк тасымалы қарқынды жүрген өзен екенін тарихтан жақсы білеміз. 1980 жылдары Омбы облысынан, Тобыл, Түмен, Ханты-Мансийск өңірлерінен Қазақстанға шамамен 1 млн текше метр ағаш жеткізілген. Павлодар өзен порты ең ірі база ретінде қарастырылған. Мұнда жыл сайын орташа есеппен 6,5 млн тонна жүк жеткізіліп тұрған. 2001 жылы Павлодар өзен порты банкроттыққа ұшырады. Кейін жеке кәсіпорын мәртебесін иеленді.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу