Сұйытылған газ – арзаны аз

3863

Әлем елдері біздегі бағаға қызыға қарайды. Ал ел азаматтары баға қымбат деп санайды. 

Сұйытылған газ – арзаны аз

GlobalPetrolPrices порталының дерегінше, осыдан 8 күн бұрын Қазақстанда сұйытылған газ 110 теңгеден сатылды. Дәл сол күні біздің ақшаға шаққанда Әзербайжанда сұйытылған газдың литрі – 166, Ресейде – 182, Қырғызстанда – 203, Беларусьте – 212, Грузияда – 275, Украинада 303 теңгеден саудаланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұған дейін туындаған тапшылықтың салдарынан еліміздің батыс өңіріндегі сұйытылған газ бағасы 60 теңгеден 70 теңгеге көтерілді. Араға 2 апта салып жанар-жағармай құю бекеттері қуат көзіне 80 теңге деген құн қойды. Осының ізінше баға 90, 99, 100, 120 болып шарықтады. Бұл жағдай Жаңаөзен қаласы тұрғындарының сабырын шайқап жіберді. Кеше олар наразылық танытып, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен қаласының басшысы Мақсат Ибағаровқа бейнеүндеу жолдады. Сұйытылған газ бағасын түсіруді талап етіп, жол-қозғалысын жапты. 

Орын алған жағдайға қатысты Маңғыстау облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы мәлімдеме жасады. 

"Сағат 11:00-де Жаңаөзендегі АХАЖ ғимараты маңында газ бағасын төмендету мәселесі бойынша автокөлік иелері жиналды. Қала әкімі міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағамбетов және құқық қорғау органдары өкілдері оларға түсіндіру жұмысын жүргізді. Жиналғандарға газ бойынша істің мән-жайы және "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы" заң түсіндірілді. Оларға бұл іс-әрекеттері заңсыз екені, өйткені әкімдікке митинг өткізілгенге дейін 5 күн бұрын хабарлау қажет екені айтылды", – деп хабарлады ішкі саясат басқармасы.

Бүгін түнде жаңаөзендіктердің наразылығына Ақтау қаласының тұрғындары қосылды. 

Бұрынғы баға болмайды 

Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев осылай деп анығын айтты. 

"Облыс бойынша соңғы тұтынушыға дейін газ бағасы 95-тен 115 теңгеге дейін құбылып тұр. 60 теңге мөлшеріндегі бұрынғы баға болмайды. Өйткені қазір биржадағы газ бағасы тасымалдау мен кәсіпкердің шығынын есепке алмағанда, литріне 70-85 теңге. Әкімдік газ бағасын реттемейді, бұл тауар бәсекелестік ортаға тиесілі. Дегенмен жеке кәсіпкерлердің бағаны негізсіз көтеру фактісі тіркелген жағдайда Бәсекелестікті қорғау агенттігінің департаменті әкімшілік шара қабылдайды", –  деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, "Қазақ газ өңдеу зауыты" өңірдің қажеттілігін өтей алмай тұр. 

"Зауыт 14,5 мың тонна сұйытылған газ өндіреді. Облыстың тұтыну көлемі 18 мың тонна. Облыстан қосымша 3,5 мың тонна газ жеткізіледі", – деді Бердібек Қартбаев.

Басқарма басшысының баяндауынша, зауыттың жабдығы әбден тозған. Болашақта зауыт тоқтап, өңірде сұйытылған газ тапшылығы пайда болуы мүмкін. Осының алдын алу үшін жаңа зауыт салу жоспарланып отыр. 

Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше

Сұйытылған газ сұраныстың артуына байланысты қымбаттап жатыр.

"2019 жылы "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес сұйытылған мұнай газын электронды сауда алаңдары арқылы сату басталды. Өткен 3 жылда электронды сауда алаңдары арқылы сатылған сұйытылған газ көлемі кезең-кезеңімен өсті. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап тауар биржалары арқылы сұйылтылған мұнай газын мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіп тұтынушылары және топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйылтылған мұнай газын тұтынатын абоненттер үшін сұйытылған мұнай газы саудасына 100% өту жүзеге асырылды. Сұйытылған мұнай газын электронды сауда-саттық арқылы өткізу нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасайды және сұйытылған мұнай газының қажетті көлемін тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәлімдемесінде электронды саудаға көшу сұраныс пен ұсыныс негізінде сұйытылған мұнай газының бағасын теңдестіруге және жаңа өндіріс орнын құруға инвестиция тартуға мүмкіндік беретіні баяндалған. Сонымен қатар нарықтық механизм бәсекенің дамуына оң әсерін тигізіп, делдалдардың нарыққа ықпалын азайтып, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызаты түсіндірілген. 

"2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша жеткізушілер Маңғыстау облысы үшін өндірушілерден 17 406 тонна сұйытылған мұнай газын сатып алды. Осылайша Маңғыстау облысына қаңтарда сұйытылған газ жеткізудің орташа көтерме бағасы тоннасына – 133 126, литріне –  78 теңгені құрады. Бұл ретте бөлшек сауда бағасы Ақтау, Жаңаөзен қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында литріне 100-120 теңге болды", – деп нақтылады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Сарапшының сөзінше 

Сұйытылған газдың бағасы баяғыда өсуі керек еді. "Байдильдинов. Нефть" авторлық бағдарламасының жүргізушісі Олжас Байділдиновтің пікірінше, сұйытылған газ нарықтық тауар. Оның бағасы халықаралық бағаға тәуелді болады. 

"Мысалы, металл Қазақстанда өндіріледі, бірақ құны толығымен әлемдік баға негізінде қалыптасады", – деді сарапшы. 

Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап сұйытылған газ ашық биржалық алаңда саудаланады. 2022 жылдың басынан бастап нарық бағаны сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастырады. Энергетика министрлігі де, Маңғыстау облысының әкімдігі де сауда-саттыққа ықпал ете алмайды және араласа алмайды.

Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі жағдайға байланысты твиттердегі парақшасына осылай жазды.

"Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ бұл заңға, нақтырақ айтқанда, "Бейбіт шерулер туралы" заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек", – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу