Сырттай оқудың орнын part-timе технологиялары басады

13991

Қазақстанда сырттай оқу жойылды. Әйтпесе, келесі жылы бұл білім беру түрі тура бір ғасырлық мерейтойын атап өтетін еді.

Сырттай оқудың орнын part-timе технологиялары басады

Білім және ғылым министрі "сырттай білім берудің" заманы өткенін жариялап, оны тарих қойнауына жолдап отыр.

Айта кеткен жөн, біраз жылдан бері БҒМ сырттай оқуға бөлінген білім гранттарының көлемін ұдайы қысқартып келді. Мәселен, 2016 жылы бөлінген 31 702 гранттың тек 300-і ғана осы бағытқа бөлінді. Былтырғы 2017 жылы мемлекеттік білім гранттарының көлемі 37 932-ге дейін көбейді, ал сырттай оқу гранттарының көлемі болса, өзгеріссіз қалды (300).

Ал биылға грант мүлдем бөлінбепті. 2018 жылы отандық жоғарғы оқу орындарында білім алып, мамандық меңгеруге, ғылым игеруге бөлінген 53 594 гранттың басым көпшілігі, яғни 50 944 грант күндізгі бөлімде оқыту үшін 1-курсқа студенттерді қабылдауға, қалған 2 650 грант ЖОО-лардың дайындық бөлімдеріне берілді.

Білім және ғылым министрлігі бұрын сырттай оқуға түскен және қазір білім алып жатқан студенттер оқуын аяғына дейін жеткізіп, бітіріп шығуына мүмкіндігі барлығын хабарлады. Ал сырттай оқуға түсуді жоспарлап жүрген азаматтарға жоспарын қайта қарап, басқа балама іздеуге тура келеді. 

Ведомствоның түсіндіруінше, білім берудің бұл формасынан бас тартуға "сырттай оқушылардың барлық оқу бағдарламасын толық игере алмай, тек 60%-ын ғана қабылдайтыны" себеп болыпты. Ал сарапшылар бұған қаржылық себептер түрткі деген ойда: күндізгі оқуға қарағанда, сырттай оқу арзандау, демек, университеттерге үлкен табыс әкелмейді. Бұл ретте сырттай оқудың жойылумен бірге, ондай мүмкіндіктер айырылған қазақстандық жастардың шетелге кету қаупі күшейеді. Мәселен, Ресейде сырттай оқу сақталған. Бұл тәуекелді БҒМ де түсінетін болса керек, сондықтан ведомство басқа баламаларды іздестіріп жатқан көрінеді.

Айтқандай, біз ұмтылып отырған дамыған елдерде сырттай оқу түрі бар. Оларда жоғары білім беру full-time және part-timе болып ажыратылады. Соңғысы сырттай оқуды білдіреді, рас, біздегіден өзгешеленеді. АҚШ-та бакалавр түгіл, магистрлік бағдарламалардағы студенттердің тек 36%-ы, ал докторантуралардың 61%-ы ғана күндізгі бөлімдерде оқиды. Бұл елде студенттердің part-time курстарында қол жеткізген кредиттері күндізгі бағдарламаларда оқуға да мүмкіндік береді. Оның үстіне көптеген белді университеттерде күндізгі сабақтарды жүргізетін білікті профессорлар сенбі не жұмыс күндерінің кешкі уақыттарында сырттай оқушыларды да оқытады. Бұл шәкірттер университеттің кітапханасын, зертханаларын және басқа да игіліктерін қол боста еркін пайдалана алады. Яғни, мамандық пен ғылымды жан-жақты игеруге жол ашық.

"Қазақстанда да part-time институтының керектігін біз білеміз. Сырттай оқуға мұқтаж азаматтар бар, өйткені бұған оларды әртүрлі жағдайлар итермелейді. Бірақ бұрынғы күйде сырттай оқу қала алмайтын еді. Part-time оқыту кейін Қазақстанда да енгізіледі, бірақ бірқатар түзетулер қажет. Қазір тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленуде", – дейді білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның мәліметінше, біріншіден, part-time аясында студенттер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес, тиісті бағдарлама бойынша кредиттер көлемінің 65%-ын емес, толық 100%-ын оқуға міндетті болады. Екіншіден, министрлік қазіргі заманауи қашықтықтан оқыту технологияларын да осы істе кеңінен пайдалануды жоспарлап отыр. Бірақ ол үшін де стандарттар мен ережелер керек.

Асхат Аймағамбетов бұл үшін БҒМ-ге прокторингтің арнайы жүйесін әзірлеу керек болатынын айтады.

Қалай болғанда, қазір елімізде сырттай оқыту тоқтатылды. Бұл норма 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, күшіне енбек. Алайда сырттай бөлімдерге биылдың өзінде шәкірттер қабылданбағаны әлгінде айтылды. Оның орнына дамыған елдерде бар жүйенің енуі үшін қажетті база әзірге жасалмаған.

Демек, өз елімізде қашықтықтан жоғары білім игеруге ынтыққан қазақстандықтарға тағат тауып, күте тұруға тура келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу