Тамақ өнеркәсібіне қаржы салушылар азайды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3253

2017 жылдың қаңтар-ақпанында тамақ өнеркәсібіне салынған қаржы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,1%-ға азайып, 5 млрд теңгені құрады.

Тамақ өнеркәсібіне қаржы салушылар азайды

Ranking сараптамалық қызметі мамандарының зерттеуіне сүйенсек, 2015 жылғы көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 41,6 пайызға аз болған. 

2017 жылдың қаңтар-ақпан айыларында өндірістің осы түріне салынған инвестиция көлемі 5,01 млрд теңгені құрады. 

Ал өңірлер бойынша бұл салада Оңтүстік Қазақстан облысы көш басында тұр. Одан кейінгі орындарға Жамбыл облысы мен Алматы қаласы жайғасқан. Осы үш өңір еліміз бойынша салынған инвестицияның 40 пайызын құрайды. 

Инвестицияның қысқаруы бірінші кезекте бизнестің осы салаға қаржы салуда сылбырлығына байланысты болып отыр. Сонымен қатар, азық-түлік өндірумен айналысатын кәсіпкерлерге банктердің қолдауы да бәсеңдей бастаған. 2017 жылдың алғашқы екі айында банктердің салаға берген несиесі 827,1 млн теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,5 пайызға төмен. Дегенмен, банктерден тыс, өзге де қаржы ұйымдары мен мекемелердің тамақ өнеркәсібі үшін бөлген қаржылық қолдауы тепе-теңдікті сақтап, олардың ұсынған қаржысы 503,9 млн теңгеге жетті. Бұл жалпы инвестицияның 10,5 пайызына тең.

Қалай дегенде де, ұзақмерзімді кезеңмен салыстырғанда, тамақ өнеркәсібі елде қарқын алып келе жатқаны байқалады. 2016 жылғы инвестиция 2015 жылғымен салыстырғанда 17,1 пайызға көбейген. Дегенмен, жыл сайынғы өсім бойынша бұл көрсеткіш төмендеген. 2015 жылғы жылдық өсім 2014 жылмен салыстырғанда 26,1 пайыз болған еді.

Саланы алға сүйреуші жекелеген өңірлер бар

Өңірлер бойынша, 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында Оңтүстік Қазақстанның тамақ өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 680,3 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы екі айымен салыстырғанда 79,2 пайызға артық. Соның ішінде инвестицияның 53 пайызы қарыз қаражаттар болса, 39 пайызы бизнестің өзінің салған капиталы, тағы 9 пайызы банк несиелеріне тиесілі. Естеріңізде болса, өткен жылы өңірлер бойынша алғашқы үштікке ОҚО-дан бөлек Алматы облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы кірген еді.

ОҚО-дағы тамақ өнеркәсібінің жыл сайын қарқын алуын сарапшылар бірінші кезекте оңтүстік өңірдің ауыл шаруашылық саласындағы жоғары әлеуетімен және Шымкент айналасындағы ірі агломерациясымен байланыстырады. Сонымен қатар, жалпы бұл аймақтағы кәсіпкерлікке жайлы ортаның қалыптасуы тамақ өнеркәсібінің қарқын алуына да жол ашқан.

Айта кетейік, өткен апта "Экономикалық зерттеулер институты" мен "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бірлесе отырып республика бойынша кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап отырған өңірлердің тізімін құрған еді. Тізімнің көш басындағы үштіктен ОҚО, Алматы мен Астана қалалары көрінген.

Жалпы, өңірдегі бұл саланың даму қарқыны соңғы бес жылда оң өзгеріс байқатқан. 2012-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысындағы тамақ өнеркәсібі көлемі 20 пайызға артты. Соның ішінде "Шымкентмай" АҚ, "Шымкентсыра" ЖШС, "ЮНИКС" ЖШС, "Алтын дән" ЖШС секілді ірі кәсіпорындар саланы алға сүйреуде.

Тағы бір айта кетерлігі, биылдан бастап өңірде балық шаруашылығы мықтап қолға алына бастады. ИИД бағдарламасы аясында балықты өңдеу шаруашылығы құрылуда.

Тамақ өнеркәсібінің жақсы дамыған өңірлердің қатарында Жамбыл облысы да бар. 2017 жылдың алғашқы екі айында тамақ өнеркәсібіне салынған негізгі капитал 657,6 млн теңгені құрады. Бұл республика бойынша жалпы көрсеткіштің 13,1 пайызына тең. Дегенмен былтырғымен салыстырғанда Жамбыл облысында салаға салынған инвестиция 58,9 пайызға азайып кеткен. Жалпы алғанда, инвестицияның жартысына жуығы – 42 пайызы банктерден алынған несие. Тағы 40 пайызы бизнестің өз қаржысы болса, 18 пайызы қарызға алынған қаржы.

Оңтүстік географиялық аймағына кіретін Жамбыл облысының экономикасы үшін де тамақ өнеркәсібінің маңызы жоғары. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша бұл сала өңірдегі өңдеу өнеркәсібі өнімінің 31 пайызын құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, тамақ өнеркәсібі Жамбыл облысының өңдеу өнеркәсібі экспортының 11,7 пайызын құрады. Соның ішінде өңір негізінен шұжық, сүт өнімдері, қант пен кондитерлік өнімдерді экспорттайды.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында бұл облыста 8 жоба қолға алынған екен. Оларға 7,7 млрд теңге салынған. Атап айтар болсақ олардың қатарында "Луговой жылқы зауыты" ЖШС, "Куликова сүт өнімдері" ЖШС, "Каz-IrAgro" ЖШС, макарон шығаратын "Та-Мак" ЖШС, сүт шығаратын "Үміт Қордай" ЖШС секілді ірі кәсіпорындар бар.

Ал тек 2016 жылы жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын 4 жоба қолға алынған.

Тамақ өнеркәсібі қарқынды дамушы аймақтардың үздік үштігін Алматы қаласы түйіндейді.

Бұл қалада 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында тамақ өнеркәсібі үшін 617,3 млн теңге инвестиция салынған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 66,3 пайызға артық. Бір қызығы бұл аймақтағы инвестицияның жүз пайызын кәсіпкерлердің өз қаржысы құрайды. Тамақ шығарумен айналысушы алматылықтар былтыр банктен несие алуға да, біреуден қарыз сұрауға да бармаған. Дегенмен, республика бойынша бұл қала салынған инвестицияның көлемі жағынан 9-шы орын алады.

Сырттан сатып алған арзан

Тамақ өнеркәсібіне салынған инвестицияның өңірлер бойынша көбейгенімен, жалпы республикалық деңгейде жағдай мәз емес. Сарапшылар елдегі қымбатшылықты да осы саланың даму қарқынының бәсеңдігімен байланыстырады. Олай дейтініміз, өткен жылы сырттан келетін өнімдерге қарағанда отандық өнімдердің бағасы көбірек қымбаттаған. "Азық-түлік өндірушілері теңгенің еркін айналымға жіберілгенінен кейін бағаға ие бола алмай қалды", дейді сарапшылар.

2016 жылы Қазақстанда өндірілген азық-түлік құны 2015 жылғыдан анағұрлым қарқынды қымбаттағаны байқалды. 2016 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында азық-түлік құны 17 пайызға қымбаттаса, 2015 жылғы қымбатшылықтың деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,6 пайызды құраған.

Жергілікті өнім өндірушілер мен ТМД елдерінен импорттаушылар былтырғы жылдары айтарлықтай қымбатшылыққа тап болған. Қазақстанда жасалған өнімнің құны былтыр 17,6 пайыз қымбаттады. Ал ТМД елдерінен әкелінетін азық-түлік бағасы 15,3 пайыз қымбаттады.

Ал керісінше, қазақстандық өнім ТМД елдеріне экспортталғанда, олардың бағасы 7,4 пайыз қымбаттады.

Бағаның бұлайша көтерілуіне бір себеп өндіріс құнының артуы. Атап айтар болсақ, шикізат құнының қымбаттауы азық-түлік бағасына әсер еткен. 2016 жылы азық-түлік өнеркәсібінің шикізаты 33 пайыз қымбаттаса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 6 пайызды құраған.

Сонымен қатар теңгенің әлсіреуі де әсер етіп, ТМД елдерінен келетін өндірістік-техникалық өнім құны 42,5 пайыз, ал ТМД елдеріне жатпайтын мемлекеттерден келетін өнім 56,4 пайыз қымбаттады.

Ал жергілікті шикізат өндірушілері бағаны ұстап тұруға тырысқанымен, бұл жерде де қымбатшылық деңгейі 21,7 пайызды құрады.

Осылайша, өткен жылы отандық өнім импорттық өнімдерге қарағанда анағұрлым қымбаттады. 2016 жылдың қаңтар-қараша айларында шет елден әкелінген дайын азық-түлік өнімдері 8,5 пайызға өсті.

Ең көп қымбаттаған импорттық өнімдер ТМД елдеріне тиесілі. 11 айда бұл көрсеткіш 9 пайызды құраса, ТМД-дан тыс елдерден келетін өнім 6,7 пайыз қымбаттады.

Министрлік не дейді?

Сонымен қатар, жақында еліміздің ұлттық экономика министрлігінің баспасөз xатшысы Самал Ыбыраева да азық-түлік бағаларының неліктен шарықтап бара жатқанын түсіндірген еді.

"Ұлттық экономика министрлігі азық-түліктік тауарлар бағасының өзгерісі туралы әрдайым xабардар етіп отырады. Негізгі назар, әрине, әлеуметтік маңызы бар тауарларға беріледі. Олардың құны жыл басынан бері небәрі 2%-ға артқан. Ең көп қымбаттаған сиыр мен қой еті. Көкөністерден картоп, пияз бен қырыққабат бағалары жоғарылады", – деген еді баспасөз хатшысы.

Оның сөзінше, бағалардың өсуіне маусымдық сақтауға кететін шығындардың ұлғаюы әсер етеді. Мал еті бағасының жоғарылауына жем-жөп құнының көтерілуі ықпал жасайды, себебі тасымал барысында жанар-жағармай бағалары да осы кезде қымбаттай түседі.

"Қазір ұлттық экономика министрлігі тауарлық қызметке қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістерді дайындады. Олар баға әдейі өсіру оқиғаларына тосқауыл қоюға бағытталған", – деді ол.

Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар тауарларға ең жоғары баға тағайындау құзырын жергілікті билік еншісіне беру көзделген. Министрліктің бұл әрекеті бағаның көтерілуіне жедел назар аударуға септігін тигізбек.

Сонымен бірге азық-түлік тауарларының бағасына қандай себептер әсер етіп жатқандығын анықтау үшін жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер тығыз қарым-қатынаста болады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу