Таныс бар жерде "шанс" бар

Бұлбұл Болат, Алматы Бұлбұл Болат, Алматы
5045

Бас прокурор жастарды осындай ойдан аулақ болуға шақырды.

Таныс бар жерде "шанс" бар

Еліміздің бас прокуроры Жақып Асанов Алматы қаласының кәсіпкерлерімен және студент-жастарымен жүздесті.

Кәсіпкерлермен болған кездесуге бас прокурормен бірге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алматы қаласының  прокуроры Ғабит Миразов сондай-ақ ұлттық компаниялардың, даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің, Алматы кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен аймақтық кеңес мүшелері қатысты.

Жақып Асанов ел экономикасының бестен бір бөлігін және республикалық бюджет түсімінің үштен бірін Алматы қаласы құрап отырғанын тілге тиек етіп, еліміздегі қаржылық нарықтың  90%-ы осы қалада екенін айтты. Сөз арасында ол бас прокуратураның  "Атамекен" КҰП және "Нұр Отан" партиясы жанындағы РҚСЖҚІК-ның бірлескен жобасы "Бизнесті прокурорлық қорғаудың" негізгі бағыттарына тоқталып, елімізде жайлы бизнес-климат құруға қолайлы жағдай жасалғанын әңгімеледі.

Тергеу-тексеру мерзімі қысқарады

Бас прокурордың мәлімдеуінше, СЭС пен ТЖ желісі бойынша тексеріске қатысты 11 мың талап 3 мыңға дейін азаяды.

"Қазір кәсіпкерлерге салынатын әкімшілік айыппұлды 30%-ға төмендетуге қатысты ұсыныс Мәжілісте тұр", – деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда экономикалық қылмысты әшкерелеу тәсілі өзгерген.

"Қылмысты тек тексерістер мен зиян актілері бар болса ғана тіркейміз. Сәйкесінше, қылмыстық іс 10 есеге азаяды", – деді бас прокурор.

Жақып Асанов биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап кәсіпкерлер ұзаққа созылатын сот талқылаулары мен орасан зор шығынсыз фискалдармен болатын дауды шеше алатынына назар аударды.

"Бұл үшін салық және кеден даулары бойынша сотқа дейінгі апелляция институты құрылды", – деді ол.

Бұдан кейін бас прокурор қылмыстық процесті жеңілдету және жеделдету үшін электрондық  форматқа  көшу қажеттігін түсіндірді. "Жедел қызметкерлер, тергеушілер немесе прокурорлар қылмыстық процесте өздерін қожайын сезінбеулері үшін  электрондық қылмыстық істі енгізетін боламыз. Бұл формат барлығы ашық болу үшін, кез келген уақытта не болып жатқанын бақылау және бұзылған құқықтың сұрауын талап ету үшін қажет. Айқын қылмысқа қатысты тергеу-тексеру мерзімі қысқарады. Әлемнің өзге елдерінен көріп отырғанымыздай, іс  біздегідей 3-5 айда емес 1-2 күнде аяқталатын болады", – деді Жақып Асанов.

Бизнесмендерден артық ешкім білмейді

Бас прокурор бизнесті қорғау мәселесі бойынша электрондық сервисті дамытуды ұсынды.

"Жақын уақытта "Бизнес-тірегі" порталының мобильді қосымшасы  іске қосылады. Бас прокуратураның сайтында "Заңды бірге жақсартайық" атты арнайы формуляр бар, онда кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды көрсете алады. Бизнес-қоғамдастықтар құқықтық базаны жақсартуға белсендірек қосылуы тиіс. Себебі бизнестің проблемасын  бизнесмендердің өздерінен артық білетін ешкім жоқ", – деді Жақып Асанов.

Шетелдіктерге жер берілмейді

Басқосу барысында бас прокурор мемлекет басшысының жолдауындағы негізгі бағыт пен бағдарға тоқталып, саяси құжатта кәсіпкерлердің құқы жан-жақты ескерілгенін баяндады.  

Конституциялық реформа жайлы сөз қозғаған кезде Жақып Асанов Конституцияның 26-бабына енгізілетін түзету шетелдіктерге жер беру мәселесін көздемейтінін нақтылады.

"Жер мәселесі Ата заңымыздың 6 бабында бекітілген  және ол өзгертілмейді", – деді бас прокурор.

Заңсыздыққа жол жоқ

Осыдан соң ол прокуратура қызметкерлері Қарағанды облысындағы мемлекеттік органдардың жұмысынан көп кемшілік анықтағанын айтып, басқа аймақтарда мұндайға жол бермеу қажеттігін ескертті. Оның сөзінше, прокурорлар заңсыз тексерулер, негізсіз бас тартулар, кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер, көрсеткіштерді қосып тіркеу сынды заңға томпақ келетін әрекеттерді әшкерелеген.

Инвестордың да құқы мен мүлкі қорғалады

Өз кезегінде Бауыржан Бәйбек Алматы қаласының әкімдігі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше екпін түсіріп отырғанын жеткізді.  

"Алматы  – 2020" бағдарламасындағы  7 басым бағыттың екеуі кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған. Ал Конституциялық реформаға келетін болсақ, Ата заңымыз адал кәсіппен қол жеткізілген мүлікті ғана қорғайды. Бұл ретте Қазақстан экономикасына қаржы құйған шетелдік инвестордың да құқы аяқ асты болмайды. Біз инвестор жұмыс орнын ашса, салық төлесе оның да құқы мен мүлкі қорғалуы тиіс екенін түсінуіміз керек, – деді Бауыржан Байбек.

"Таныссыз, ағасыз, көкесіз жұмысқа тұруға болады" 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесуде бас прокурор таныс-тамырсыз жұмысқа орналасу мүмкін емес деген ойдан арылу қажеттігін түсіндірді.

 "Жастар арасында сауалнама жүргіздік. Студенттердің 95%-ы  танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деп жауап берді. Біз осы көзқарасты өзгерттік. Қазір прокуратураға таныссыз, ағасыз, көкесіз жұмысқа тұруға болады.  Осыған дейін 2 байқау өтті. 2 мың үміткердің ішінен 126 адамды қызметке қабылдадық.  Оның 21-і, яғни әрбір алтыншысы, осы университеттің түлегі. Сондықтан сіздерді құттықтаймын! – деді Жақып Асанов.

Басқосу барысында бас прокурор жастармен тәуелсіздік жетістіктері тұрғысында ой бөлісті. Ол егемендіктің қадірі, шекара мәртебесі және Астананың қарыштап дамуы жастардың қолындағы басты байлық екенін шегелеп айтты. Құрғақ сөз болмас үшін  адамдардың қазіргі өмір сүру деңгейін  90-шы жылдармен салыстырды.

"Өмір сүру 67 жастан 72 жасқа ұзарды, бір жылда 350 мың бала туылса, қазір 400 мың бала дүниеге келеді. Бала өлімі 2 есе, ана өлімі 6 есе төмендеді. Ал  1 млн қандасымыз елімізге оралды", – деді Жақып Асанов.

Кездесу соңында бас прокурор студенттерге көшбасшы болуға талпынуға,  ол үшін жатпай-тұрмай ізденуге кеңес берді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу