Техника тапшы әрі тозып тұр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2247

Осының салдарынан орман-дала өрті күрделі мәселеге айналды.

Техника тапшы әрі тозып тұр

Кеше отандық БАҚ-та Семей орман резерватының отқа оранғандығы туралы ақпарат тарап, әлеуметтік желілерде бейнесі де жарияланды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың сөзінше, тілсіз жау шамамен 100 гектар жерді шарпыған. Оқиға адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамауынан орын алған.

"Қазір орман және дала өрті күрделі проблемаға айналды. Өкінішке қарай, өрт саны жыл сайын артып келеді", – деді министр үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2016 жылмен салыстырғанда былтыр орман алқаптарындағы өрт оқиғасы да, өртенген аумақ та, материалдық шығын да көп болған. Мәселен, өткен жылы өрт саны екі есеге, өртенген аумақ бес есеге, шығын жеті есеге ұлғайған. Нақтырақ айтсақ, былтыр 563 өрт тіркеліп, 19 690 гектар жер отқа оранды. Соның салдарынан шығын көлемі 215,4 млн теңгені құрады.

Сондай-ақ, дала алқабындағы өрттер де көбейген. Былтыр 2016 жылмен салыстырғанда өрт саны бес есеге, өренген аумақ 21 есеге, материалдық шығын 24 есеге артқан. Яғни, өткен жылы 153 оқиға тіркеліп, өрт шалған аумақ көлемі 850 мың гектарға жеткен. Ал шығын көлемі 94,9 млн теңгені құрапты.

Қалмұханбет Қасымовтың сөзінше, биыл өрт қауіпі жоғары. Оның айтуынша, жыл басынан бері 45 орман өрті және 4 дала өрті тіркеліпті. Отқа оранған жердің жалпы аумағы 10 мың гектардан асқан. Ал материалдық залал 4,4 млн теңгеге тең болыпты.

"Алдағы уақытта республикадағы орташа температура +30 градусқа дейін көтеріледі. Ал еліміздің оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде жер құрғап, жауын-шашын аз түседі деген болжам бар. Жалпы, ауа температурасы жазғы уақытта +41 градсуқа дейін көтерілуі мүмкін. Мұның бәрі орман және дала өрттерінің артуына әсер етеді", – дейді ішкі істер министрі.

Министрдің баяндауынша, жергілікті жерлерде өрт сөндіру техникалары жеткілісіз. Соның салдарынан соңғы бес жылда орман-дала алқаптарында 20 мыңнан астам табиғи өрт орын алған. Материалдық залал 600 млн теңгені құрап, өртенген аумақ 1,8 млн гектардан асқан. Бұдан бөлек, осы уақыт аралығында орман және дала өрттері салдарынан 20 адам қаза тауып, 2 300 бас мал жанып кеткен.

Сонымен қатар, тілсіз жау егіс алқаптарын да шарпыған. Мәселен, былтыр бидай мен арпа егілген 140 гектардан астам жер өртке оранған.  

"Бекітілген талаптар мен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, облыстарды өртке дайын деп айта алмаймыз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы 3 орман және табиғатты қорғау мекемесін мысалға алайық. Олардың аумағында 460 мың гектардан астам орман қоры бар. Талапқа сәйкес, мұнда өрт сөндіруге арналған 14 автоцистерна болуы керек. Ал қазір оның үшеуі ғана пайдалануға дайын. Алматы облысында да дәл осындай жағдай орын алып отыр. Облыс аумағындағы орман алқабының көлемі – 5,3 млн гектар. Оған 22 табиғатты қорғау және ормна мекемесі жауап береді. Қазір облыста тек 30 автоцистерна ғана қолданысқа дайын. Талапқа сәйкес, мұнда 55 автоцистерна болуы қажет. Солтүстік Қазақстан облысындағы 13 орман мекемесі 684 мың гектарды қорғап отыр. Мұндай көлемдегі орман алқабын өрттен қорғауға 34 автоцистерна керек. Бірақ, қолданыста тек 22 автоцистерна ғана бар", – деді Қалмұханбет Қасымов.

Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватында бірде-бір автоцистерна жоқ. Ал Жамбыл облысындағы өрт сөндіретін техникалардың ақауы көп. Министрдің айтуынша, қолда бар әрбір бесінші техниканың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.

"Жергілікті жерлерде өрт қауіпсіздігін алдын алу шаралары тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Мәселен, Қарағанды облысы әкімдігі мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы өрттен қорғау жолақтарын құру және күту шараларын жоспарламаған. Мұндай шаралар автомобиль және темір жолдардың бойындағы елді мекендер аумағында жасалуы керек. Осындай олқылық салдарынан былтыр Қарағанды облысының дала алқабында басталған өрт екі күннің ішінде 11 мың гектарды отқа ораған. Үш шақырым теміржол зақымдалып, бұл жағдай пойыз қозғалысына кедергі келтірген. Жалпы, 2017 жылы өрттен қорғайтын минералды жолақтар жасалмағандықтан, дала алқабында басталған 8 өрт орман алқабына ауысқан. Ал Батыс Қазақстан облысының 5 ауданында орын алған өрт 400-ден астам электр бағанасын жандырып жіберген. Салдарынан 4 елдімекен жарықсыз қалды", – деді ішкі істер министрі.

Министр мәлімдегендей, қазір Қазақстанда 170 өрт сөндіру бекеті бар. Бұл бекеттер 552 елдімекенді қамтып отыр. Ал мұндай бекеттермен қамтылмаған елдімекендер саны 5 мыңға жуық. Демек, тағы да 450 бекет қажет деген сөз.

Қалмұханбет Қасымовтың айутынша, орман алқабындағы өрттердің ошағын дереу табу үшін өртті бақылау мұнараларының санын тиісті нормаға жеткізу керек. Қазіргі уақытта табиғатты қорғау және орман мекемелерінде 200 мұнара бар. Талапқа сай болу үшін тағы да 90 мұнара қажет.

Министрдің сөзінше, негізінен төтенше жағдайлар адамдардың өрт қауіпсіздігін сақтамауынан орын алады екен.

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, еліміздегі орман қорының 23%-ы немесе 6,8 млн гектары ауыл шаруашылғы министрлігіне тиесілі.

"Талапқа сәйкес, бұл аумаққа қызмет көрсететін техника саны 268 болуы керек. Бірақ, қолда бары 244 қана. Оның үстіне техникалардың көбі ескірген. Жалпы, бұл бағытты қаржыландыру мәселесін жолға қою керек. Ол үшін арнайы сараптама жүргізу қажет деп есептеймін", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Еске сала кетейік, еліміздегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі – 29,8 млн гектар. Оның 23%-ы – ауыл шаруашылығы министрлігіне, ал қалғаны облыс әкімдіктеріне тиесілі.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының орман шаруашылығы мекемелері тым нашар жарақтандырылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу