"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай барлық бағдарға бағаны реттеудің икемді жүйесі Қазақстан ішіндегі әлеуметтік маңызы бар 50 бағдарға енгізіліп отырған көрінеді. Әлбетте, бұл жеңілдік тізіміне, өзге мемлекеттердің (Ресей Федерациясының, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь) жасақталған 21 бағдары, сондай-ақ, жекеменшік тасымалдаушылардың 21 бағдары енгізілмей отыр.
"Бағаны реттеудің икемді жүйесі динамикалық тарифтік басқару бағдарламасы аясында енгізіліп отыр. Жеңілдік мөлшері бос орындар саны мен пойыз жөнелтілетін датаға дейін қалған күндер санына байланысты болмақ. Пойыз аттанатын күн жақындаған сайын билет бағасы өсері анық, бірақ, 25%-дан аспайтын болады" деп хабарлап отыр "Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілдері.
Ертеректе, 2014 жылдың шілде айынан бастап мұндай ыңғайластырылған (дифференциалды) жеңілдіктер тек "Тұлпар-Тальго" вагондарынан жасақталған коммерциялық бағдарлардағы билеттерге жасалып келген болатын. Алдын ала билет сатып алған жолаушы билет бағасынан 45%-ға дейін үнем жасай алатын. Жеңілдік практикасы өзін жақсы қырынан танытып, жолаушылар тарапынан оң бағаға ие болған-ды. Төрт жылдық жеңілдік тәжірибесі негізінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап, ілкі жоба ретінде субсидияланғандар тізіміне кірген, "Тұлпар-Тальго" вагондарынан жасақталған, екі әлеуметтік маңызға ие №85/86 "Астана-Сарығаш" және №3/4 "Астана-Алматы" бағдарларына динамикалық тарифтік басқару бағдарламасын енгізген болатын. Бес ай ішінде жүргізілген талдау, бұған дейін әуетасымалдаушылар тарапынан сәтті пайдаланылып келген аталған жүйенің жолаушылардың жоғары бағасын алғанын және олардың пікірінше, мұндай жүйені барлық бағдарларға енгізу клиенттерге ғана емес, тасымалдаушының өзіне де пайда әкелетінін атап көрсеткен.
Сұлугүл Бакесова