Үкімет темір жол саласында реформа әзірлеп жатыр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6079

Оның шеңберінде вагон-мейрамханаларды кірісті бизнеске айналдыру, билетсіз жолаушы фактісін түбірімен жою, "Еуразия" аталатын ұшқыр темір жол бағытын ашу қарастырылған.

Үкімет темір жол саласында реформа әзірлеп жатыр

Өмірге жолдама алғалы тұрған жаңашылдықтардың бірі билетсіз сапарлайтын жолаушыларға қатысты болмақ: елдің жаңа тарихында алғаш рет бұларға қатысты жазалар заңмен бекітілетін болады.

Жыл сайын көліктік бақылау органдары да, тасымалдаушылардың төл ревизиялық қызметтері де жолаушылар поездарында билетсіз жүру фактілерін әшкерелеп жатады. Мысалы, 2014 жылы көліктік бақылау органдары 803 фактіні, 2015 жылы – 529 фактіні, 2016 жылы 775-тен астам бұзушылық фактісін анықтаған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 830-ды құрады. Ал 2018 жыл басынан бері пойыздарда билетсіз жол жүрген 681 адам қолға түсті.

Бұл ретте "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне сәйкес, жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін тек пойыз бригадаларының қызметкерлері ғана жазаланады. Жолсеріктер 5-7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 12 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді, көп жағдайда жұмыстан қуылады.

Енді автобустардағыдай, пойыздардағы "қояндарды" да жауапкершілікке тарту көзделуде. Бұл жаза ҚР инвестициялар және даму министрлігі әзірлеген, алда парламентке енгізілетін "Теміржол көлігі туралы" және оған ілеспе қос заң жобасында қарастырылып отыр.

Бұл қадамға ел үкіметі лаңкестікке қарсы күресті күшейту мақсатында бармақ көрінеді: өйткені бейбіт тұрғындарды қанға бөккісі келген жендет көзге түспеу үшін темір жол кассасында құжатын ұсынудан немесе интернетте авторизациядан өтіп, онлайн билет сатып алудан қашып, жолсеріктің қолына ақша қыстыра салып, ішке еніп кетуді қалауы мүмкін.

"Себебі, тиісті жол жүру құжатынсыз, яғни билетсіз адамның аты-жөні тасымалдаушы қолындағы "жолаушылар тізімінде" болмайды және бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, бұл адамдардың жеке басы да белгісіз күйі қалып қояды. Террористік қызметтің жолын кесуге бағытталған заңнама аясында осындай қызметтерге қатысы бар адамдардың іс-әрекетін және қозғалысын анықтау маңызды болып табылады. Әйтпесе, осы адамдар жолаушылар пойыздарының жолсеріктерімен ымыраласып, қоғамдық көлік көмегімен еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болады. Тіпті бұл заңбұзушылық фактілері әшкереленгеннің өзінде, олардың жеке тұлғасының кім екендігі анықталмайды. Осыған байланысты жаңа заң жобасында билетсіз жол жүру немесе ресімделмеген багаж үшін жауапкершілік енгізу ұсынылады", – деген түсініктеме берді инвестициялар және даму министрлігі.

Яғни, егер заң жобасын депутаттар мақұлдағаннан кейін билетсіз ұсталған жолаушылар жеке тұлғасын растау, лаңкестікке қатысы бар-жоқтығын анықтау үшін құзырлы құрылымдар қолына тапсырылуы ғажап емес.

Темір жол көлігіндегі тағы бір "бас ауру" "вагон-ресторандарға" қатысты. Ас мәзірі мардымсыз, тамағы татымсыз әрі дәмсіз болып келетін, адамдардың үстел басында дәм тата отырып, рахаттана тынығуына жағдай жасамайтын бұлардың көбін дәмхана түгіл, асхана деп атау күрделі. Бұл Қазақстанның туристік тартымдылығына соққы. Сол себепті, енді мемлекет бұлардың мәселесімен де шындап айналыспақ.  

Көлікке жауапты ҚР инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, пойыздарда жолаушылардың тамақтануын ұйымдастыру темір жол құрамына вагон-мейрамхананы тіркеу жолымен жүзеге асырылады. Бірақ "доңғалақты мейрамханалардың" жетіспеушілігі байқалады: қазіргі кезде олардың саны Қазақстанда небары 100 бірлікті құрайды және көбі "физикалық тұрғыдан тозығы жеткен": тозу көрсеткіші шамамен 70%-ды құрайды.

Мамандардың айтуынша, бүгінде вагон-мейрамханалардың әрқайсысының құны 350 миллион теңге тұрады. Сондықтан бизнесмендер бұл іске қаржы салғысы келмейді: егер осыдан да аз инвестицияға нағыз мейрамхана ашуға болса, үнемі жолда жүретін қоғамдық тамақтану орнына шығын шығарудың қанша қажеті бар. Өйткені ол вагон-мейрамханада аса табысты саналатын тойларды өткізе алмайды. Оның үстіне ұзақ сапарлармен байланысты жұмысқа қызметкерлерді табу да оңай шаруа емес, сәйкесінше, кадр тұрақсыздығы байқалады.

Бұған қоса, көлік ведомствосының дәйектеуінше, пойыздардың құрамында вагон-мейрамханалардың сапарлауын қамтамасыз ету аса қымбатқа түседі екен: олардың пойыз құрамында жол жүруінің орташа шығындары кәсіпкерден жылына шамамен 50 миллион теңге жұмсауын қажет етеді.

Бұл вагондардың сапарлауына қатысты негізгі шығыстар "магистралдық теміржол желісінің қызметтеріне арналған шығыстармен" байланысты: оның тарифі 1 вагон/шақырымға 28,64 теңгені құрайды және сайып келгенде, бүкіл шығыстар үлесінің 80%-ын иеленеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, вагон-мейрамханаларда жолаушыларға тамақтану қызметтерін көрсетуден түскен кірістер бұл шығыстарды жаппайды. Салдарынан, вагон-мейрамханаларды ұстап тұру жалға алушы бизнесмендер үшін тиімсіз.

Сонда пойыздардағы вагон-мейрамханалар қалайша нағыз мейрамхана деңгейіне жеткізілмек? Бұл үшін осы іске қаржы салатын инвесторларға жеңілдіктер ұсыну ұйғарылды. Жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында жаңа заң жобасында "жолаушылар пойыздарының құрамында вагон-мейрамханалардың болуын қамтамасыз еткен жағдайда, магистралдық теміржол желісінің қызметтері үшін нөлдік мөлшерлеме белгілеу", яғни бұл төлем алмау ұсынылады. Нәтижесінде, бұл қызмет түріне арналған мемлекеттік қолдау шаралары заңнамалық деңгейде бекітіледі.

Қазақстанда пойыздардың шабан қозғалысы да шешімін күткен мәселе саналады. Бұл ретте халықаралық жүк қозғалысының жылдамдығын арттыру үшін жеке ұшқыр темір жол бағытын ашылатын болды. Ол халықаралық жоба "Еуразия" аталып отыр.

"Қазіргі кезде халықаралық тасымалдар нарығы тасымалдаушыдан жүктерді жеткізу жылдамдығын арттыруды талап етеді. "ҚХР-Еуропа-ҚХР" бағыты бойынша контейнерлік тасымалдардың жыл сайын екі еселеп артуы көрсеткендей, жеткізу жылдамдығы – теңіз көлігі алдындағы теміржол көлігінің бәсекелестік артықшылығы болып табылады. Бүгінде осы тасымалдардың орташа тәуліктік жылдамдығы 960-980 шақырымды құрайды. Жібек жолын транзиттік көлік ағындарын арттыру үшін қазіргі заманғы жаңа жағдайларда жаңғыртуға бағытталған ҚХР-дың бастамасы теміржол көлігімен тасымалдаудың жылдамдығын арттыруға нормативтік жағдайлар жасауды талап етеді. Сарапшылар жаңа Жібек жолы бойындағы нарықтың әлеуетін жыл сайын 50 млрд доллар мөлшерінде бағалайды", – дейді инвестициялар және даму министрлігі.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қытай, Қазақстан және Ресей үкіметтері "Еуразия" атты жоғары жылдамдықты жүк және жолушылар тасымалы дәлізінің құрылысы жобасын белсенді пысықтауда. Бұл жаңа жоба әлемнің көптеген елдерінде танылған тар табан (1435 мм) негізінде іске асырылуы мүмкін. Себебі, Қазақстан мен Ресейде кезінде сырттан жау әскері тасымалданбауы үшін темір жол рельстері 1520 миллиметрлік аралықтағы кең табанмен тұрғызылғаны мәлім. Егер жаңа дәліздің рельстері тар табанмен төселсе, пойыздарға еш кідірмей, үш ел арқылы зулай өте шығуға мүмкіндік туады.

Бұдан бөлек, жаңа заң жобасында жоғары жылдамдықты пойыздарды өткізудің басымдығын қамтамасыз ету және пойыздар қозғалысының кестесін қалыптастыру үшін "Ұлттық инфрақұрылым операторын" құру көзделген.

Бұл шараларды жүзеге асыру Елбасы бекіткен "транзиттік тасымалдарды 2020 жылға қарай жылына 2 миллион контейнерге дейін арттыруға" және "транзиттік тасымалдардан түсетін кірістерді 4 млрд долларға дейін өсіруге" мүмкіндік береді.

Мұның сыртында өмірге жолдама алғалы отырған жаңалықтар Қытайдан Қазақстан жері арқылы Еуропаға бет алатын контейнерлік пойыздардың жылдамдығын қазіргі 960–980 шақырым/тәуліктен 1500 шақырым/тәулікке дейін арттыратын көрінеді.   

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу