Теңге шамалы әлсірейді

4211

Қаржы сарапшылары 2018 жылға арналған болжамдарымен бөлісті.

Теңге шамалы әлсірейді

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында сауалнама жүргізген екен. Ортаға тасталған сауал: келер жылдан не күтесіз? Қандай болжам ұсынасыз? Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары, банк, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері, қазынашылық және сараптамалық құрылымдардың қызметкерлері пікір білдірген. Анықталғандай, биыл қаржы нарығының кейбір индикаторлары сарапшылар қоғамдастығының болжамынан мүлде басқаша өрілген. Сондықтан болар, олар 2018 жылға болжам айтуда сақтық танытқан.

Тарқата айтсақ, сарапшылар 2017 жылғы мұнай бағасы мен Ресей рублінің оң динамикасы көңіл қуантарлық жағдай болды деп есептейді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы осы жылдың маусымынан бастап мұнай бағасы бес-сегіз сауда сессиясы кезінде әдетте екі-төрт доллардан аспайтын түзетулермен біртіндеп көтеріле отырып, жоғары динамика көрсеткенін еске салды. Маусым айында Brent сұрыпты мұнайдың жылдық минимумы барреліне 45 доллар шегіне жуықтаса, қазір мұнай бағасы барреліне 64 доллар деңгейіне дейін өсті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген шілде айындағы сауалнамаға сәйкес, сарапшылар жыл соңына қарай мұнай бағасы барреліне 59,8 доллар деңгейінде болады деп болжам жасаған еді. Осылайша бұл болжам ағымдағы нақты деңгейден төрт долларға кем боп шықты. Енді сарапшылар желтоқсан айының соңында Brent сұрыпты мұнайдың бағасы барреліне 61,4 доллар болады деген болжамды ұсынып отыр. 2018 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 65,1 доллар болады деп күтілуде.

Сауалнамаға қатысушылар валюта болжамы туралы да пікір білдірді. Олардың пікірінше, желтоқсан айының соңында USD/RUB жұбы долларына 59,3 рубль шегіне жетпек. Шілдедегі сауалнамаға сәйкес, 2017 жылдың соңына қарай орташа бағалау долларына 61,5 рубль деңгейінде болған еді. Дәл қазіргі уақытта Мәскеу банкаралық валюта биржасында доллар бағасы шамамен 58,7 рубльге тең. Осылайша Ресей валютасы көпшілік күткендегідей емес, әлдеқайда тұрақтылық танытты. Сарапшылар қоғамдастығының бағалауынша, 2018 жылдың соңына қарай Ресей рублі долларына 59,1 рубль деңгейін еңсермек.

2017 жылдың қорытындысына сәйкес, рубльдің теңгеге шаққандағы бағасы рубліне 5,7 теңге деңгейінде орын алатын секілді. Ал 2018 жылдың соңына қарай Қазақстан қор биржасындағы (KASE) рубль бағасы тағы да 10 тиынға қымбаттап, 5,8 теңгеге жетуі мүмкін.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылар пулы желтоқсан айының соңында USD/KZT жұбы долларына 336,7 теңге деңгейінде болады деген болжам жасап отыр. Ал 2018 жылдың соңына қарай баға долларына 339,9 теңге деңгейін құрауы мүмкін.

Сарапшылар инфляциялық күтулерге қатысты ойларын да ортаға салды. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, тұтыну бағалары индексінің өзгеруімен көрсетілген жылдық инфляция қараша айының қорытындысында 7,3%-ды құрады. Ол белгіленген 6-8% шегіне сәйкес келіп тұр. Жыл басынан бері тұтыну бағасы орташа есеппен 6,3%-ға өскен. Ал қараша айында баға өсімі 0,9%-ға дейін төмендеді. Сарапшылар желтоқсан айында инфляция нөлдік деңгейде болады деп болжам жасап отыр. 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұтыну бағасының индексі 7,2%-ға артады деп күтілуде. Келер жылы ҚР Ұлттық банкі инфляцияны 5-7% деңгейінде шектемек. Бұл ретте, сарапшылар 2018 жылдың қорытындысында инфляция деңгейі 6,2%-ды құрауы мүмкін деген болжамды алға тартуда.

Базалық мөлшерлемеге келгенде сарапшылардың болжамы қақ жарылды. Олардың пікірінше, базалық мөлшерлеме 10% немесе 10,25% аралығында болмақ. Келер жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша нақты шешім 2018 жылдың 15 қаңтарында жарияланады. 2018 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме 9,00%-ға жақындайды.    

Еркебұлан Қыздарбек, Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу