Тергеушілердің "қазуына" тыйым салынады

2434

Бизнесмендерді экономикалық қылмыстары үшін тұтқындауға тыйым салатын заң жобасы парламенттің төменгі палатасының құптауына ие болды.

Тергеушілердің "қазуына" тыйым салынады

Бүгінгі жалпы отырыстарында мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бірден айта кетелік, бұл – тікелей елбасының бастамасы болып табылады, тиісінше, кәсіпкерлік қоғамдастықты көшбасшының өзі қамқорлығына алып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құжатты депутаттық корпус алдында қорғаған бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, ол арқылы қолданыстағы қылмыстық-процестік кодекске, "Жедел-іздестіру қызметі туралы" және "Прокуратура туралы" заңдарына өзгерістер енгізіледі.

Бас прокурор тәуелсіздік жылдарындағы мемлекет тарапынан жасалған еліміздегі қылмыстық хал-ахуалды жақсарту бойынша шараларға қысқаша тоқталды, атап айтсақ, әр қылмысты есепке алуды күшейту, экономикалық қылмыстар бойынша жазаны ізгілендіру, түрмедегілердің санын азайту, сонымен қатар жекелеген қылмыстардың санаттары бойынша жауаптылықты күшейту шаралары іске асырылды.

"Жалпы алғанда заңдарды жетілдіру – тұрақты, тоқтамайтын процесс. Оны терең ойластырып, таразылап, кезең-кезеңімен жасаған дұрыс. Бұл ретте адам құқығы мен қылмыспен күрес арасындағы теңгерім бұзылмауы тиіс", – деп атап өтті Жақып Асанов.

Оның пікірінше заң жобасын екі блокқа бөлуге болады. Біріншісі адам құқығын қорғауды күшейтсе, ал екіншісі процесті үнемдеуге бағытталған.

Адам құқығын күшейтудегі жаңалықтар – "соттың санкциясынсыз азаматтарды ұстау мерзімін 72-ден 48 сағатқа, ал кәмелетке толмағандарды 24 сағатқа дейін қысқартуды", "экономикалық қылмыстар бойынша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының негіздерін азайтуды", "құзырлы органдарға азаматтарға өздеріне қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабарлауды міндеттеуді", "адвокаттардың өтінішхат ұсыну мен дәлелдемелерді жинау бойынша құзыреттілігін кеңейтуді" қарастырады.

Осы заң арқылы мемлекет бизнеске түсетін қысымды азайтпақ ниетте. Өйткені осы заң күшіне енгеннен бастап, Қазақстанда экономикалық қылмыстары үшін күдік келтірілгендер де, айып тағылғандар да қамауға алынбауы мүмкін. Себебі, бас прокуратураның түсіндіруінше, олар өзге адамдар өміріне қауіп тудырмайды. Бірақ рейдерлікпен айналысқандарға, қолдан ақша жасағандарға, контрабандамен шұғылданғандарға, қаржы пирамидаларын құрғандарға және ұйымдасқан қылмыстық топта болғандарға "қамаққа алмау" таралмайды.

Бұдан бөлек, кодекске жаңа бап қосылып отыр, ол бойынша салық органының не жүргізілген ревизияның актісі болмаса, немесе жасалған мәміленің жалғандығы туралы сот шешімі шықпаса, тергеуді бастауға тыйым салынады.

Сонымен қатар бас прокурор тағы бір өзгерісті атап өтті. Ол – іс қандай фактімен тіркелсе, тергеушілер тергеуді тек соның шеңберінде ғана жүргізуге міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда прокурор немесе сот мұндай істерді қысқартады.

"Бұл өзгерістер осыған дейін қалыптасқан тәжірибені жою үшін жасалуда. Әйтпесе, қазір іс бір фактімен қозғалады, ол бойынша дәлелдемелер табылмаған соң, әйтеуір босатпай, жауаптылыққа тартудың амалын табу үшін басқа айғақтарды іздеп, "қаза" бастайды", – деді Асанов.

Бұл кесір тәжірибеден бизнесмендер де зардап шегіп келген. Егер олардың "майшелпек", аса табысты кәсіпорнына әлдебір билікті, беделдінің көз құрты түссе, ол әлгі тетікті іскер жанның дүние-мүлкін күштеп тартып алудың бір тәсілі ретінде пайдаланатын.

Қылмыстық процесті үнемдеуге бағытталған өзгерістер қатарына бұйрық өндірісі институтын енгізу мен істерді электрондық форматқа ауыстыруды атауға болады.

"Бұйрық өндірісі" бойынша қылмыстық іс айқын, күрделі емес істерде, күдіктінің кінәлілігіне ешқандай күмән болмаған жағдайда, жеткілікті түрде дәлелдемелер табылғанда және жәбірленуші қарсы болмағанда жүргізіледі. Осындай істер тіркелгеннен бастап, соттың айыптау үкімінің шығуына кететін мерзім небәрі орташа есеппен 10 күнді құрайтын көрінеді.

Қылмыстық процесті цифрландыру бюрократиядан құтылуға, осылайша, қажет анықтамалар мен келісімдерді жұмыс орнынан шықпай, электронды түрде алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ материалдарды жоғалту мен бұрмалау фактілерін болдырмайды.

"Ең бастысы – цифрландыру адам құқығын қорғауды күшейтеді. Бүкіл процесс алақандағыдай айқын болады. Прокурорлық бақылау артады. Сыбайлас жемқорлық азаяды. ІТ жүйе тергеушінің, прокурор мен судьяның жұмысын анағұрлым жеңілдетеді", – деді бас прокурор.

Қазіргі кезде пилоттық режимде еліміздің 6 облысында 400-ден аса іс электрондық форматта тергелуде екен, сонымен қатар 200-ге жуық санкция да алынып үлгеріпті.

Бас прокуратура әзірлеген ІТ жүйе бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейтіні айтылды. Қылмыстық істерді толықтай цифрлық форматқа көшіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Депутаттар заң жобасының мазмұнын жоғары бағалады және қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын күшейтуге мүмкіндік беретіндігіне сенімділік білдірді.

Мәжіліс жиынынан шыққан Жақып Асанов "Қазақстан үкіметінің өкілі сатып алды" деп шетелдік және отандық ақпарат құралдары жазып жатқан Париждегі аса қымбат пәтерге қатысты түсініктеме берді. Сөйтсе, бұл ақпаратты бас прокурор да БАҚ-тан білген екен. Бірақ артынан тиісті органдарға сұрау салған.

"Әрине, мен де хабардармын, мен де жаңалықтарды оқимын. Дегенмен, әрбір орган өз ісімен айналысуға тиіс. Әрқайсымыздың функцияларымыз нақты ажыратылған, бекітілген. Маған хабарлағандай, бүгіннен бастап бұл ақпаратты қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті тексеруге кірісті. Тиісінше, бұған қатысты менің ұстанымым сол тексеру материалдарын көрген соң қалыптасады. Ал бұл мәселе бойынша өкілетті орган – мемкірістер комитеті", – деді Жақып Асанов.

Жаңа қабылданған "прокуратура туралы" заңы бойынша бұл құзырлы орган бірқатар функциялардан арылған болатын. Осы орайда Жақып Қажманұлы "бас прокуратураның Париждегі пәтер туралы фактіні тексерумен айналыса алмайтынын" нықтады. 

Mansion Global элиталы жылжымайтын мүлік агенттігі дерегіне  жүгінген шетелдік ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, "Қазақстан үкіметінің өкілі" Франция астанасында, Елисей алқабы маңындағы ауқаттылар ауданында 65 миллион еуроға (шамамен 24 миллиард теңге) салтанатты баспана сатып алыпты. Пәтердің жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын көрінеді және оның ішінде бес жатын бөлме, бес дәретхана, SPA-аймақ, күзет отыратын бөлме, қызмет көрсетуші персоналға арналған жеке орынжайлар, сондай-ақ брондалған жасырын бөлме бар екен. Мәмілені жүзеге асырған бельгиялық риелтор Игнас Мювиссен ол пәтердің суреттерін де жария етті. Оның айтуынша, атын жариялағысы келмеген әлгі қазақстандық өзі мен оққағарлары үшін жол талғамайтын бірнеше қымбат көлік те сатып алыпты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу