Тиімсіз субсидиялардың саны қысқарды

5555

Нәтижесінде мемлекеттен қолдау алатын шаруалардың саны 7,5 есеге артады.

Тиімсіз субсидиялардың саны қысқарды

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінде "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасы талқыланды.

Атап айтқанда субсидиялардың жаңа ережесі, заңнамалық өзгерістер талқыға салынып, жаңа трансферт орталығының жұмысы қаралды.

Аталмыш заң жобасына өзгерістер еліміздегі 11 Кодекс пен 25 ҚР заңдарына өзгерістермен толықтырулар енгізуді көздейді.

"Бұрынғы механизмдердің барлығын барынша жан-жақты талқыладық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары бұрын болған 65 субсидия түрінің 11-ін жойып, 54 түрі қалды. Субсидияның 40 түріне өзгеріс енгізілді. Бұрынғы механизмдер заман ағымына сәйкес келмейді. Олар шаруаға тиімсіз. Әрине, оның тиімділігін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Ол 2001-2003 жылдары қабылданған механизм. Мысалы, бидайды алайық. Оның гектарына 300 теңге субсидия болатын. Ал фермердің жалпы шығыны 1 гектарға 30 мың теңгеге жететін. Сонда біз шығынның 1 пайызын ғана субсидиялап келдік. Сонда бұл бұл субсидиядан қандай тиімділік көруге болады? Былтырға дейін біз осы талаппен келдік, – деген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбеков, – екінші жағынан субсидия берудің механизмдері жемқорлыққа жол беретін. Мәселен, бір ауданда орта есеппен алғанда 200 мың гектар жер бар. Бекітілген механизм бойынша аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары барып, "Бидай шықты ма, шықпады ма?" деп сол жерлерді тексеру керек. Содан кейін акті әзірлейді. Кейін шығарылған актінің аясында субсидия бөлінеді. Аудандағы әкімдіктерде 3-4 адам отыр. Олардың 200 мың гектар жерді толығымен тексеріп шыққанына кім кепіл? Сондықтан осы механизмдер өзгертілді", – деді.

Осыдан 10-15 жыл бұрын жалпы ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар көлемі 4-5 млрд теңге болып келсе, енді бұл субсидияның көлемі 188 млрд теңгеге жетті. Жоба 200 млрд теңгені құрап отыр. Бұрынғы "Агробизнес-2020" бағдарламасында көбінесе ірі кәсіпорындарға, ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге көмек көрсетіліп келсе, қазіргі жаңа мемлекеттік бағдарламаға сәйкес көмек алушылардың саны 7,5 есеге өсетін болды. Бұрын осы уақытқа дейін бұл көмекті 67 мың азамат алса, оның санын 2021 жылға дейін 500 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бордақылау алаңдары да үш есеге көбейеді. Мәселен, әр асыл тұқымды ірі қара мал басын сатып алғанда қайтарымсыз 150 мың теңге беріледі. Ал бұған дейінгі ережеде асыл тұқымға да, шаруа малға да бірдей қаржы төленіп келген. Екінші өзгеріс кооперация мүшелеріне қарастырылған жеңілдіктер. Кооперацияға сатылатын 1 бас ірі қара үшін мемлекет қайтарымсыз 20 мың теңге төлемек. Сондай-ақ, 1 литр сүтке 10 теңге, бір уақ малға 1500 теңге қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек кооперацияға алынатын жемнің әр тоннасына 20 мың теңге төлеу көзделген. Алайда бұл дегеніміз кооперацияға бірікпегендер мемлекеттік қолдаудан қалыс қалады деген сөз емес. 30 бас ірі қарадан артық малы бар шаруашылық иелері әр литр сүт үшін 15 теңгеден, ал 400 бастан жоғары шаруалар әр литрі үшін 25 теңгеден субсидияланады.

Асыл тұқымды ешкі асыраушылар да алғаш рет мемлекеттік қолдауға ие болайын деп отыр. Субсидия бойынша тағы бір тұщымды жаңалық – олардың автоматтандырылуы болып отыр. Яғни, жемқорлықтың алдын-алу мақсатында мал шаруашылығына берілетін субсидиялар автоматтандырылды. Келер жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласындағы барлық қолдау автоматтандырылатын болады.

Ал балық шаруашылығы тұңғыш рет үлкен мүмкіндікке ие болмақ. Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде тауарлы балық өсірушілерге субсидия төленеді. Тіпті, балықтың ұрығы, тамағы, оны қадағалайтын техникаларына дейін инвестсубсидия қарастырылған. Атап өтетін тағы бір жайт, инвестсубсидияның да көкжиегі кеңейген. Яғни биылдан бастап кооператив ұжымға қажетті техника сатып алғанда мемлекет бірден 50 пайызын өтеп бермек. Мұндай жеңілдік аталмыш министрлікте бұрын-соңды болмаған. Аграрлық кеңестің отырысында Вице-премьер осындай ауыз толтырып айтатын жаңалықтарымен бөлісті.

Ведоство басшысының айтуынша, мұндай үлкен қолдау мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, аграрлық секторды экономиканың жаңа драйвері деп атауының арқасы дейді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе де өзекті. Жаңа бағдарламаны енгізу барысында көптеген заңдылықтарға өзгерістер жасалды. Бұған дейін қолбайлау болған нормативтік актілер оңтайландырылды. Оның негізінде 11 кодекс пен 25 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Тілге тиек ететіні ветеринария саласында малдардың құлағына тағылатын сырғалардың өзін алу, оны өңірлерге жеткізу, байқау өткізу жұмыстары созылып қол байлау болатын. Енді жаңа өзгеріс негізінде бұл функцияны жергілікті биліктің құзіретіне беріп, аталған жұмыста жеңілдету көзделуде.

Аграрлық саясат жөніндегі Кеңестің басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешенді құруға ықпал ету. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту деңгейін көтеру болып табылады.

Кеңестің құрамына мемлекеттік органдардың, салалық одақтардың, зерттеу институттарының, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылық кооперативтерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, жоғарыдағы мәселелерді жан-жақты талқылады.

Гүлжан Рахман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу