Тимур Құлыбаев: "Бизнес әп-сәтте қоршаған ортаның еуропалық сапа стандартына көше алмайды"

3817

"Атамекен" ҰКП төралқа комитеттерінің есебі барысында экологиялық және тарифтік саясат мәселесі қаралды.

Тимур Құлыбаев: "Бизнес әп-сәтте қоршаған ортаның еуропалық сапа стандартына көше алмайды"

Геологиялық, тау-кен, көмір өндіруші және металлургиялық өнеркәсіп саласы комитетінің төрағасы Николай Радостовец экологиялық кодекстің жаңа жобасы кәсіпорындарға қойылатын талаптарды айтарлықтай қатаңдатуға бағытталғанын және кодекс тұжырымдамасында көрсетілгендей ең жақсы қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізуді ынталандыру мәселесін шешпейтінін сөз етті.

"Бүгін қолымызға алып отырған кодекс тұжырымдамада көрсетілгендей, кәсіпорындар үшін экономикалық ынталандыруды қарастырмайды. Энергетика министрлігі кәсіпорындарға хабарлама бермеу мен тексерістерді тіркеуден қалай сытылып кетуді ойлап отыр. Экологиялық төлемдерге қатысты мәселе де шешілмеген. Экология үшін бюджетке миллиардтаған төлем алатын жергілікті билік сол қаражаттың тек 3%-ын ғана тиісті мақсатқа жұмсайды", – деді Николай Радостовец.

Сондай-ақ кездесу барысында экологиялық заңнаманы реформалауда мемлекеттік органдар табиғатты қорғау шараларының тізімін нақтылап, оны қаржыландыруды арттыру арқылы қоршаған ортаның сапасы үшін жауапкершілікті күшейтуге тиіс екендігі де айтылды.

Энергетика комитетінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев жүргізілетін реформа көп қаражатты қажет ететінін, ал ондай ақшаның энергия өндіруші кәсіпорынның барлығында бірдей бола бермейтінін атап кетті.

"Бүгінгі күні орталық жылумен қамтудағы жылу орталықтарының үлесі 40%, олардың көбісі жылуға кететін шығысты электр энергиясы есебінен жабуға мәжбүр шығынды кәсіпорындар. Бұл ретте заңнама табиғатты қорғау шаралары тарифінде шығыс бөлігін қарастырмайды, ал бұл жылу және электр энергиясына ЕҚТ енгізуде үлкен қиындық тудырады, яғни заңнамаға сәйкес, тарифтерге экотөлемді төлеуге арналған шығыстар қосылған, бірақ та экожобаларды іске асыру бойынша кесте жоқ", – деп түсіндірді Алмасадам Сатқалиев.

Ұлттық палата өкілдерінің ойынша, экономикалық ынтымақтастық ұйымдарының стандарттарына көшу және экологияны дамыту қаржылық және уақытша призма арқылы сарапталуға тиіс, яғни бизнес қоршаған орта сапасының еуропалық стандартына бірден көше алмайды. Ол үшін уақыт, ақша және технология керек. Есептеулер мен Қазақстан үшін мақсатты көрсеткішті анықтау қажет. Энергетика тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ол үшін тарифтік саясатты қайта қарау керек. Табиғатты қорғау шараларын тарифке қосу қажет, өйткені бұл мұндай компаниялар үшін жалғыз кіріс көзі. Тарифті белгілеу әдісі барынша ашық және кез келген қазақстандыққа түсінікті болуға тиіс.

"Адамдар тарифтің қалай қалыптасып, қайда жұмсалатынын білу керек. Энергоресурстарға арналған тарифтер мен бағалардың негізсіз көтерілуіне жол бермеу керек. Әсіресе, бұл жылу беру мерзіміндегі көмірге қатысты , – деді "Атамекен" ҚР ҰКП Төралқа төрағасы. – Экология мәселелері Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасы екенін түсіну қажет. Оны бірте-бірте, сатылап арттырамыз. Бұл ретте "Атамекен" бюджетке түсетін экологиялық төлемдер мақсатты сипатқа ие болып, тек қоршаған ортаны қалыпқа келтіру үшін жұмсалу керек деген ұстанымды ұстайтыны сөзсіз".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу