"Ұлы дала елі" сыйлығының иегерлері өз өнімдерін ілгерілетуде шатырлы брендін қолдану құқығына ие болады. Жыл сайын өтетін елбасының "Алтын сапа" сыйлығының лауреаттары мен "Қазақстанның ең үздік тауары" республикалық байқау-көрмесінің марапаттау салтанатында "Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев "Ұлы дала елі" сыйлығын табыс етті.
"Ұлы дала елі" сыйлығының жеңімпаздарын қазақстандықтар ашық онлайн-дауыс беру арқылы таңдады. Маңғыстау облысының MKS Logisticts ЖШС, Жамбыл облысының "Қазфосфат" ЖШС, Ақтөбе облысының "Ново-Альджанский мелькомбинат" ЖШС "Ұлы дала елі" сыйлығының лауреаттары атанды.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қазақстандық ең үздік өндірушілерді Қазақстан Республикасы президентінің "Алтын сапа" сыйлығымен марапаттады.
Атырау облысының "РауанНалко" ЖШС - ірі кәсіпкерлік субъектісі, Маңғыстау облысының "Каскор-Машзавод" АҚ-орта кәсіпкерлік субъектісі, Солтүстік Қазақстан облысының "AVAGRO" ЖШС - шағын кәсіпкерлік субъектісі компаниялары "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын" аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.
"Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын" аталымы бойынша Алматы қаласының "Алматинский продукт" ЖШС - ірі кәсіпкерлік субъектісі, Алматы облысының "Жаркент крахмал - сірне зауыты" ЖШС - орта кәсіпкерлік субъектісі, Оңтүстік Қазақстан облысының "Planta" ЖШС - шағын кәсіпкерлік субъектісі аталымында лауреат атанды.
Астана қаласының "Медикер – өндірістік медицина" ЖШС - ірі кәсіпкерлік субъектісі, Қарағанды облысының "Дефектоскопия" ҒӨБ ЖШС - орта кәсіпкерлік субъектісі, Астана қаласының "Скулбас" ЖШС - шағын кәсіпкерлік субъектісі "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын" аталымы бойынша лауреат болды.
Айта кету керек, осы жылы "Алтын сапа" сыйлығына 101 компания үміткер болған.
Байқауды 2015 жылдан бастап "Атамекен" ҚР кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ұйымдастырып келеді.
Биыл кәсіпкерлердің ұлттық палатасы алғаш рет "Кемел іскерлік" – "Деловое совершенство" арнайы халықаралық сыйлығын тағайындады. Бұл сыйлықта салтанатты марапаттау кезінде берілді. Түріктің "ТИКА" компаниясы осы аталымның серіктесі болды.
Еске салайық, президенттің 2006 жылдың 9 қазанындағы №194 жарлығымен ҚР президенті "Алтын сапа" сыйлығы өнім немесе қызмет көрсету сапасы және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай нәтижеге жеткен, сондай-ақ сапаны басқарудың тиімді әдісін енгізген кәсіпорындарға байқау негізінде жыл сайын берiледi.
Еліміздегі ең үздік өндіруші атағына республика аумағында тауар өндіретін, қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар үміттене алады.
Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман