Тимур Құлыбаев: Жемқорлық – бизнеске салынатын үстеме салық

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
16774

Transparency International қозғалысының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі жөнінен әлемде 123-орынды иеленген. Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз жұмысының негізі етіп алды.

Тимур Құлыбаев: Жемқорлық – бизнеске салынатын үстеме салық

"Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы есте, сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде біз үлкен жұмысқа білек сыбана кірісуіміз керек. Бұл жұмысты тек мемлекеттік органдардың күшімен жүргізу жеткіліксіз – азаматтық қоғам институттары да кірісуі тиіс. "Атамекен" өзінің аумақтық бөлімшелерімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жұмысының негізі етіп алды. Себебі, сыбайлас жемқорлық – бизнеске салынатын үстеме салық. Екіншіден, ол бәсекелестік ортаны бүлдіреді, себебі, келісімшарттар мен өзге артықшылықтарды арамқол компаниялар қолға түсіреді, сәйкесінше, біз, Атамекен ретінде барлық мемлекеттік органмен жұмыс істеуге мүдделіміз және бұл жұмысты істеп те жатырмыз", – деді КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі республикалық форумда.

Шенеуніктер қағидаларды өзіне ыңғайлы етіп жазады

2016 жылы "Атамекен" съезінде Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі хартиясы бекітілген болатын, ол халықаралық тәжірибелерге негізделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерінен тұрады.

"Хартияны енгізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегияны жүзеге асыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның күшін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Бүгінде агенттікпен бірге алдымызға қойылған міндеттерді іске асыруда 2017 жылға арналған жол картасын бекітеміз. Біріншіден, салықтық әкімшіліктен бастап ветеринарлық қадағалау мәселелеріне дейін 16 саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіледі. Бұл жұмыс барлық аймақта жүргізіледі. Екіншіден, осы талдау негізінде біз алдағы жылдың соңына қарай заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Үшіншіден, келесі жылдың басында квазимемлекеттік секторда сатып алуда жемқорлыққа қарсы тетіктерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізіледі", – дейді Тимур Құлыбаев.

Корпоративті жемқорлықты реттеу

Құлыбаев мырзаның ойынша, "Самұрық-Қазына" АҚ және өзге мемлекеттік холдингтердің 5 трлн теңгелік сатып алуы көптеген кәсіпкер үшін жіліктің майлы басымен тең.

"Квазимемлекеттік секторда, бірінші кезекте ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлық дегеніміз шешім қабылдау үрдісінің құпиялылығы, ішкі мүдделер қақтығысы, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің болмауымен тең. Мұндай құбылыс Қазақстанда әлі де корпоративті жемқорлық ретінде айқындалмаған, десе де, одан мемлекеттік сектордан кем емес залал келеді. Ұлттық холдингтердің сатып алуы 5 трлн теңге – мемлекеттік сатып алудан 1,5 есе көп. Осы салада қатаң жауапкершілік шараларын заңды түрде енгізу қажет, сондай-ақ, сатып алуға ішкі корпоративтік бақылауды күшейту керек", – дейді ол.

Ал ҰКП 2017 жылдың қаңтар айында нақты ұсыныстар енгізеді.

"Өздеріңіз білетіндей, бізде тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі кеңес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес бар, әрине, бұл кеңестерде біз барлық өтініштерді қарастырамыз. Айтайын дегенім, бізге түскен барлық өтініштердің 13%-ы дәл осы сатып алу мәселелеріне қатысты. Сондықтан, біз қаңтар айында үкімет басшылығы мен Самұрық-Қазынаға жаңа қағидаларды талқылау туралы кешенді ұсыныстар айтамыз", – дейді Құлыбаев мырза.

Бұдан бұрын Ұлттық әл-ауқат қоры "Мемлекеттік сатып алу туралы" бірыңғай заңның қарауында болды. Ал қазіргі кезде мемлекеттік холдингтің сатып алуы бойынша "ешқандай жауапкершілік" жоқ және бұл сатып алуға тек ішкі бақылау жүргізіледі.

Ендігі бір шара ретінде сатып алу кезінде ақпараттық технологияларды пайдалану ұсынылады.

"Ақпараттық технологиялар – адамзат факторын теңестірудің маңызды құралдарының бірі. Мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынаста сандық үлгіге барынша тез ауысу керек", – деп кеңес берді КҰП төралқа басшысы.

Тимур Құлыбаевтың пайымдауынша, нормативті-құқықтық актілердің қоғамдық жемқорлық сараптамасы ерекше көңіл бөлуді талап етеді.

"Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың барлығы дерлік қағидаларды, регламенттерді, өзге актілерді өздері әзірлеп, бекітеді. Бұл құжаттар көп жағдайда өз мүдделеріне ыңғайландырылып жазылады. Бұл ішкі мүдделер қақтығысына әкеп соқтырады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы өткізуге қоғамды кеңінен тарту қажет. Біздің шамалауымызша, екі бағытта жылжу керек: жаңа құжаттарды әзірлеу кезеңінде сараптама жүргізу және қолданыстағы актілерді тексеру. Мемлекеттік қызмет агенттігіне бізбен бірлесіп алдағы жыл бойында бизнес мүдделеріне қатысты нормативтік қорға жемқорлыққа қарсы тексеру жүргізуді ұсынамыз", – деп мәлімдеді ол.

"Атамекеннің" ендігі бір ұсынысы – рұқсат құжаттарын оңтайландыру.

"Біз рұқсаттар мен хабарламалардың барлық жүйесіне талдау жүргіздік және мемлекеттік органдардың бірлескен 1115 рұқсатын 316-ға дейін қысқарттық та, оны рұқсат және хабарлама туралы бір заңда түйістірдік. Енді шенеунік жаңа рұқсат немесе жаңа лицензия ойлап табуы үшін оның бизнеске тигізетін реттеу әсерін талдаудан өткізіп, одан кейін парламенттен жіберілуі керек, яғни, бұл рәсім едәуір күрделенді. 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулерге тыйым салынды және тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді", – дейді ол.

Құлыбаев мырза келтірген статистика мәліметтеріне сүйенсек, тәуекелдерді бақылау жүйесі енгізілгендіктен биылғы жылы тексерулер саны 45%-ға қысқарған. 2016 жылы КҰП мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметтерін талдау жөніндегі жұмысты бастады.

"Бас прокуратурамен және министрліктермен бірлесіп талдау жүргізіп жатырмыз. Бізде бүгін сан түрлі 28 мың рұқсат бар. Мысалы, санитарлық-эпидемиологиялық тексерулер жөнінде 11 мың талап бар. Біз тұтынушылардың құқын қорғау комитетімен, бас прокуратурамен бірлесіп, жалпы зерттеу өткіздік және сол 11 мың талаптың 82%-ын қысқартуға болатынына көзіміз жетті. Бүгінгі күні 2 мыңға жуық талапты қалдыруға болады деп шештік. 11 мың талап шағын бизнес үшін де, тіпті, орта бизнес үшін де – шектен шыққан талап екені түсінікті. Барлық талапты орындау үшін компанияның аппараты қандай болуы керек? Бұл ұсыныстың барлығын әкімшілік кедергілерді төмендету жөніндегі заң жобасының аясында іске асыруды жоспарлап отырмыз", – дейді Тимур Құлыбаев.

Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бизнес 25 тұжырымды ұсыныс енгізді.

"Біз әкімшілік әсердің сипатын жазалаудан алдын-алу шараларына ауыстыруды ұсындық. Қудалау шаралары арқылы бизнеске қысым көрсетіледі. Бұл жұмыстың аясында Қылмыстық кодексті ізгілендіру бойынша, дәлірек айтсақ, жалған кәсіпкерлікке қатысты 20-ға тарта ұсыныс айтылды. Біздің заңдардың кемшін тұстарының кесірінен көптеген кәсіпкер еріксіз жалған кәсіпорындардың құрбанына айналды. Біз бұл бапты қайта қарап, оны Қылмыстық кодекстен шығаруды ұсындық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында мемлекет басшысы амнистия жасауға бастама көтерді, оның қатарында экономикалық қылмыстар да бар", – дейді ол.

Құлыбаев мырза он мыңдаған кәсіпкер жалған кәсіпорындардың әрекетінен жапа шеккенін айтады. Сондықтан, "Атамекен" 2017 жылдың басында қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді талқылайды.

КҰП басшысы көптеген кәсіпкер осы амнистияға ілігуі мүмкін екенін айтты.

"Жалпы айтатыным, қылмыстық заңнаманы, әкімшілік заңнаманы бизнеске қатысты ізгілендіру жөніндегі жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Экономикалық қылмыс жасаған ұсақ кәсіпкерлер амнистияға ілігетінін мен бүгін бекер айтқаным жоқ, іскер адамдар сабақ алды деген сенімдемін және ендігі кезекте олар өз жұмысында қайтадан қылмысқа бармауы керек", – дейді ол.

Құлыбаев мырза келер жылдан бастап кәсіпкерлік негіздері мектептерде оқытылатынын жеткізді.

"Осы бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет жөнінде арнайы курстар енгізу қажет. Жастарды бала кезінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуіміз керек. Бұл біз үшін өте маңызды", – дейді ол.

Шенеуніктер әдеттегідей жауапкершіліктен тыс қалып жатыр

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров жемқорлықпен күрес мәселелері үлкен жұмысты қажет етеді дегенмен келіседі.

"Бизнеске қысым көрсету деректері әлі де бар. Біздің бүгінгі шарамыз – барлық арамқол басқарушыларды ашық күреске шақыру және бизнес өкілдеріне жемқорлыққа жақындамау керектігін түсіндіру, себебі, біз күшімізді біріктіреміз. Әр мемлекеттік қызметкер оның міндеті – қоғамға қызмет ету және бизнестің дамуына жағдай жасау екенін түсінуі керек. Енді агенттіктің аумақтық органдарының басшылары бизнесті шенеуніктердің өктемдігінен қорғауда қолданған шараларымен де бағаланады. Бұл жұмыстың нәтижелері – олардың қызметінің негізгі көрсеткіші. Менің кәсіпкерлерге айтарым: құқық бұзушылықтар туралы бізге хабар беріңіздер, біз жемқорлықты түп негізімен жою мәселелерінде қатаң шара қолданамыз", – дейді ол.

Қожамжаров жемқорлық схемаларын көп жағдайда бизнесмендердің өзі бастап, көлеңкелі экономиканың гүлденіп кең етек жаюына жағдай жасайтынын айтты.

"Миллиардтаған сома заңсыз шекара асып жатыр. Ол кәсіпкерлер де бизнесті адал және ашық жүргізу қағидаларына көшуі тиіс", – дейді ол.

КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов жиналған қауымның назарын бизнесті қыспаққа алған шенеуніктер үнемі жазасыз қалатынына аударды.

"Бір ғана 2016 жылдың өзінде "Атамекенге" 5,5 мыңнан астам шағым түсті. Прокуратура органдары экономика саласында тексеру жүргізіп, 20 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады. Прокурорлық қадағалау актілері жөніндегі 3 мыңнан астам заңсыз шешім жойылды және өзгертілді. Бұл сандар қазіргі таңда қазақстан бизнесінің аспанын торлаған қысымның тек аз ғана бөлігін көрсетеді. Кәсіпкерлер құқын бұзған лауазымды тұлғалар іс жүзінде ешқандай жауапкершілкке тартылмайды", – дейді ол.

Форум қорытындысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік пен КҰП арасында өзара қызметтестігі туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу