Тимур Құлыбаев: "Ойын ережесін өзгерту керек"

2656

Әңгіме бизнес жұмыс істеп жатқан салаларға мемлекеттің араласуын қысқарту жайында болып отыр.

Тимур Құлыбаев: "Ойын ережесін өзгерту керек"

Жеке бизнес ойдағыдай жұмыс істеп жатқан экономиканың түрлі  салаларында мемлекеттің үлесі азаюы керек. Бұл туралы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты бизнесті қорғауға арналған III форумда мәлім етті. Жиынды "Атамекен" ҰКП мен Бас прокуратура ұйымдастырды.

Егер 2000-шы жылдың басында елімізде 23,7 мың мемлекеттік кәсіпорын тіркелген болса, қазір олардың саны 26,6 мыңға жеткен деп ҰКП басшысы статистикаға мән берді. Сонымен қатар Тимур Құлыбаев мемлекеттік органдар кәсіпорындарды өздеріне тиесілі етіп отырғанына тоқталды.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті мемлекеттік кәсіпорындар санын қысқартуға тырысып бағуда, алайда мемлекет өзі үшін қызметтің 384 түрін белгілеп алған, оның ішінде жинау қызметі, сылақ жұмыстары, жарнама,  тіпті көлікке техникалық қызмет көрсету де бар.

Тимур Құлыбаев олардың әрқайсысында қазір бәсекелестік орта бар, оларда шағын бизнес субъектілері жұмыс істейді деп, ойын ережесін өзгертудің қажеттілігін атап көрсетті. Әртүрлі бағалау бойынша, мемлекеттің экономикадағы үлесі елдегі ЖІӨ-нің 50%-ын құрайды.

Форум барысында тағы бір үлкен мәселе – мемлекеттік бақылау жүйесінің сапасына мән берілді.

"Бақылау құқықбұзушыларға қатысты болып, адал бизнес негізсіз тексеруден босайтындай жүйе құру қажет. Алты салада жүргізілген сараптама бірқатар кемшіліктің бар екенін көрсетті. Негізінен, бірде-бір мемлекеттік орган тәуекелді басқару жүйесін толығымен қайта қарап, дұрыс индикаторларды енгізгісі келмейді. Осыған байланысты "Атамекен" мемлекеттік органдардың барлық мәліметтер базасымен біріктірілген бірыңғай бизнес-тізім құруды ұсынып отыр", – деді "Атамекен" ҰКП басшысы.

Мұндай жағдайда бизнес өзінің клиенттері мен жеткізушілерін көріп отырады,  мемлекет – қадағалаудың тиімді жүйесін құрып, тұтынушы қауіпсіз тауарлар мен қызметтерді таңдайды. Сондай-ақ ҰКП басшысы әкімдіктердің тиімділігін бағалауға жеке тоқталды.

"Бұл тақырыпты жер инспекциясы мен МСҚБ-ның (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы) үлгісінен көру керек. Еске салар болсақ, 2014 жылы бұл саладағы бақылау функциялары әкімдікке берілген. Нәтижесінде іске асыру мен бақылау бір қолда", – деп нақтылады спикер.

ҰКП басшысы осыған байланысты жер инспекциясы мен МСҚБ тарапынан қала құрылысы құжаттары, жер телімдері туралы ақпараттарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылауды  іске асырудың тиімділігіне сараптама жасауды ұсынды.

Бас прокурор Қайрат Қожамжаров ҰКП-мен бірлесудің арқасында екі жол картасы жүзеге асып, негізгі бағыттар бойынша шамамен 200-ге жуық шара орындалғанын айтты. Ол әкімшілік қысымның төмендеуі бизнес субъектілерін жүйелі тексерудің 2016 жылғы 242 мыңнан 2018 жылы 188 мыңға азайғанын алға тартты.

Прокуратура мәліметі бойынша, жоспарлы тексерулерден бас тарту кәсіпкерлердің жұмысына деген әртүрлі талаптарды 60%-ға, яғни 31 мыңнан 13 мыңға азайтуға негіз болған. Заңсыз тексерулер бір жарым есе қысқарған.

"Заңсыз араласу жағдайларын ескерту үшін прокуратура органдары тексерудің автоматты ақпараттық  жүйесі - тексеру субъектілері мен объектілердің бірыңғай тізімін іске қосты. Ол іс жүзінде тәуекелдерді бағалау арқылы заңсыз тексерулердің тағайындалуын болдырмайды", – деді  Қайрат Қожамжаров.

Сондай-ақ бас прокурор жазалауды төмендету және кәсіпкерлерді қылмыстық процестерге негізсіз тартпауды болдырмау мақсатында экономикалық қылмыс үшін жазалауды ізгілендірудің екі кезеңін жүргізгенін айтты. Осылайша, 23 бап бойынша қылмыстық жазалаудың саны азайған, олардың орнына басқа жазалау түрі енгізілген.

"Бизнес субъектілерін сотқа дейін қамауға тыйым салынды және олар шығынның орнын толтыратын болса, қылмыстық жауапкершіліктен босату қарастырылған. Бұл экономикалық қылмыс бойынша тергеліп жатқан істерді 5 есе қысқартты", –  деді бас прокурор.

Бұған қоса, Бас прокуратура экономика саласындағы құқық бұзушылықты одан әрі ізгілендіру бойынша түзетулердің жаңа блогын әзірлеген. Негізінен, салықтық қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шегі артып келеді.

Форум барысында квазимемлекеттік сектордың жұмыс түрлерінің негізділігіне тексеріс жүргізу, жер инспекциясы мен МСҚБ тарапынан қала құрылысы құжаттары, жер телімдері туралы ақпараттарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылауды іске асырудың тиімділігіне сараптама жасау ұсынылды. Бұл мәселелерді талқылау үшін ҰКП мен Бас прокуратураның арасында бірлескен ынтымақтастық жол картасына қол қойылды. Құжат алты бағыт бойынша 29 міндетті іске асыруды көздейді.  

Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу