Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ мерзімі бір жыл болған шоттарды енді тек туыстарға ғана емес, сондай-ақ үшінші тұлғаларға сатуға болады деп хабарлады ТҚЖБ баспасөз қызметі. Бұл қызмет түрі жаңа онлайн- табыстау сервисінің арқасында мүмкін болып отыр. Опция "ЖССБ 24" интернет-банкингінде пайда болды.
"Жыл басынан бері 83 000-нан астам қазақстандық Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашты. Бұл азаматтар тұрақты түрде ақша салып отырып, кемі үш жылды құрауы тиіс мерзім мен 16-ға жеткізуді қажет ететін бағалау көрсеткішіне қатысты банк талаптарын орындаған жағдайда, 5% мөлшерлемемен тұрғын үй қарызын ала алады. Банкте тұрғын үй қарызын алуға жетіп қалған, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты келісімшартты бұзып, жинаған ақшасын қайтарып алуды шешкен клиенттер бар. Бұл жағдайда олар біздің жаңа қызметімізді, яғни депозиттерге иелік ету құқығын үшінші тарапқа онлайн жолмен беру әдісін қолдана алады. Себебі жақсы жинақ мерзімі және сомасы бар шотты сатып аламын дейтін жандардың да қатары көп. Олар ұзақ күтпей-ақ, аз уақыттың ішінде төмен пайызбен тұрғын үй қарызын ресімдей алатын болады", - деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Депозитті бір-ақ рет сатуға болады. Қызмет ақылы, сатып алушыдан жиналған соманың 0,5% мөлшерінде комиссия алынады. Бұл әдіспен сатылған шот арқылы депозиттің жаңа иесі үйді тек коммерциялық нарықтан ала алады. Мұндай салымдар мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды.
Қаржы институты депозиттерді сатудың жаңа сервисі барынша айқын, ашық және аноним болады деп отыр. Депозиттің құны сатылатын шоттағы барлық жинақтың жалпы сомасының 20%-нан аспауы тиіс.
"Мысалы, банк клиентінің салымында 1 млн теңге жиналса, ол депозит үшін 1 200 000 теңгеден аспайтын бастапқы бағаны қоя алады. Депозит сатып аламын деген адам саудаға қатысу үшін онлайн-төлемнің көмегімен 20 000 теңге көлеміндегі кепілдік жарнасын төлейді. Бұл оның шын мәнінде шот алуға ниетті екенінің растайды. Осыдан кейін қолайына келетін хабарландыруды таңдап, депозитті сатып аламын деген бағасын көрсетіп, өтініш жібереді. Бағаның өсу қадамы 20 000 теңге. Сатып алушы ұсынатын ең жоғары сома жинақ сомасына тең қаражат көлемінен аспауы тиіс", – деп түсіндірді ТҚЖБ өкілдері.
Өтінім қабылдау мерзімі аяқталған соң, жүйе жеңімпазды, яғни ең жоғары баға ұсынған адамды анықтайды. Ал басқа қатысушыларға кепілдік жарнасы автоматты түрде қайтарылады. Осыдан кейін депозитке иелік ету құқығын ауыстыру рәсімі басталады. Сатушы құжаттарға қол қойып, депозит ақысы аударылуы тиіс шот реквизиттерін көрсетеді. Сатып алушы да тиісті құжаттарға қол қойып, салым ақысын төлейді. Мұның бәрі онлайн-режимде жүреді.
Бұл кезеңде сатып алушы мәміледен бас тартамын деп шешсе, оның кепілдік жарнасы қайтарылмайды, бұл сома сатушыға беріледі. Сатушы бас тартқан жағдайда, 1 ай бойы салымын қайта сатылымға шығара алмайды, ал кепілдік жарнасы депозитті сатып алуға ниет білдірген адамға қайтарылады. Бұл процеске қатысушылардың мәмілеге барынша байыппен қарап, жауапкершілікті сезінулері үшін жасалып отыр.
Қазіргі уақытта онлайн-табыстау сервисі интернет-банкингтің веб-нұсқасында ғана қолжетімді. Қызметтің мобильді нұсқасы әзірленіп жатыр.
2013 жылы салымшылар арасындағы шектен тыс алыпсатарлыққа тосқауыл қою және мемлекеттік бағдарламалар аясында пәтер сатып алу тәртібін бұзбау үшін келісімшартты үшінші тұлғаға сату мүмкіндігіне банк тыйым салған болатын. Бүгінгі күнге дейін депозитке иелік ету құқығын беруді тек жақын туыстар арасында ғана жүргізуге рұқсат етілген.
Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова