Төрт мың жылда өзгермеген жылқы үш ғасырда өзгерген

8019

Қылқұйрықты кімдер алғаш рет қолға үйретті деген мәселе әлем ғалымдары арасында әлі дау тудырып отыр.

Төрт мың жылда өзгермеген жылқы үш ғасырда өзгерген

Халықаралық зерттеушілер тобы Еуразияның екі шетінде аттың екі түрінің жойылып кеткенін анықтады.

Сан ғасырлар бойы жапан даланы дүбірлетіп, шаңын көтерген жылқы жануарының осыдан небары мың жыл бұрын қазіргі тұқымынан айырмашылығы көп болған. Ғалымдар жылқылардың генетикалық тарихын зерттей отырып, осындай мәлімдеме жасады.

Кең ауқымды еңбектің таңсық көрінген тұсы – кейінгі 200-300 жылдың көлемінде жылқы өзінің генетикалық әралуандығын адам сенгісіз деңгейде жоғалтып алған. Оның әуелгі тегінен ажырау процесі заманауи селекциялық немесе будандастыру тәжірибесімен бірге жүріпті. Мұны 121 ғалымнан құралған халықаралық ғылыми топ анықтады. Олардың осы мәселеге қатысты баяндамасы мамырдың 2-де Cell журналында жарияланды.

Жылқы – ит пен ірі қара малдан және шошқадан кейін қолға үйретілген үй жануарларының бірі. Осыдан 5500 жылдай бұрын адамдар атқа мінген, бие сауған және оны қорада ұстаған, жайылымға жіберген.

"Бүгінде Қазақстан деп аталатын жерде өмір сүрген адамдар тарихқа дейінгі ықылым замандарда жылқыны құрықтаумен айналысты. Сондықтан кейбір археологтардың пікірінше, олар осы жануарды қолға бірінші үйреткендер саналады. Кейін бұл екі түр (жылқы мен адам) мыңдаған жылдар бойы бір-бірінен ажыраған жоқ. Адамдар үшін климаты қатал, ұлан-ғайыр далада ат көлік рөлін атқарып қана қоймай, еңбекке жол ашты. Жылқының терісі де, сүті де, еті де кәдеге жарады. Уақыт өте келе ат сауданың құралы, соғыстың қаруына да айналып кетті", – деп жазды бір кездері "Нью-Йорк Таймс" газеті.

Тулуз университетінің археолог-ғалымы және аталған халықтаралық зерттеушілер тобының белді мүшесі Людовик Орландоның ойынша, бұл жануар адамзат тарихына үлкен ықпал етті.

"Жылқының арқасында біз тез жүріп, алысқа шауып, жаңа территорияларды жаулауды үйрендік және онымен жер жыртық, ауылшаруашылығымен айналыстық. Ал Александр Македонскийдің тұлпарының керемет болғаны сонша, біз тіпті оның "Буцефал" деген атын да білеміз", – дейді француз зерттеушісі Орландо.

Бірақ ғалымдар әлі күнге дейін бір негізгі сұраққа жауап таба алмай келеді: бүгінгі жылқы қайдан пайда болды? Осы түйіткілдің шешімін іздеу мақсатында олар соңғы 5000 жылда Еуропа мен Азияда тіршілік етіп келе жатқан 278 түрдің (жылқы түрлері, есек ж.т.б) геномын сараптаған. Орландоның айтуынша, осыған дейін мұнша көп ежелгі жануардың геномы жиналған емес.

Жойылып кеткен екі түр
Ежелгі генетиканы зерттеуде 2010 жылы айтарлықтай технологиялық секіріс жасалды. Соның нәтижесінде Тулуз лабораториясында жұмыс істейтін ғалымдар командасы бұрын қолжетімсіз болған сүйектердің ДНК-сын алып, сараптайтын мүмкіндікке ие болып отыр.

Осы ілгерілеушіліктің арқасында ғажап жаңалықтар ашылған: мысалы, жұмбақ жағдайда мүлде жоғалып кетпес бұрын, яғни, осыдан кемінде 4 мың жыл бұрын Иберияда жылқының ежелгі түрі тіршілік еткен. Оның тұқымы қазір жоқ.

Еуразия континентінің өзге шетінде – Сібірде де ежелгі аттардың тағы бір түрі кезіп жүрген. Олар біздің эрамызға дейінгі үшінші мыңжылдықта толық жойылып кетсе керек.

"Олар неандартальдықтар қазіргі адамдарға кім болып келсе, жылқыға дәл сондай эквивалент болған", – дейді Орландо "Франс-пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Зерттеулерге қарағанда, бүгінде екі түр ғана қалды: үй және Пржевальский жылқысы. Соңғысы кейде моңғолдың жабайы жылқысы деп те аталады.

Жылқының Орталық Азияда пайда болғанына көптеген ғалымдар шәк келтірмейді. Бірақ, тарихшылар мен археологтардың өзге бір тобы бұл тұжырымдаманы гипотеза деп қарастырады. Өйткені, Қамбар ата ұрпағының генетикалық "бабасы" әлі күнге дейін табылмаған.

Ғалымдардың айтуынша, бәрінен бұрын оларды жылқының 4000 жылда өзгермеген генетикалық алуандылығының соңғы 2-3 ғасырда тез күйреуі таңқалдырған.

Тарихшылардың өзге бір мәліметінше, "асыл тұқымды" жылқы деген түсінік 16-17 ғасырларда пайда болды. Сол заманда Шетланд пониі, таза қанды аттар және тағы басқа жылқы түрлері өмірге келген немесе будандастыру тәсілімен жасалған.

Жетінші, сегізінші ғасырларда – араб-мұсылман экспансиясы тұсында да жылқы малы өзгеріске ұшырап, Сасанидтік парсы империясынан шыққан шығыс жылқысы Еуропа жылқысымен араласты деген жорамал бар.

"Бүгінде көз алдымызда жүрген жылқы мен мыңдаған жыл бұрынғы жылқының шын мәнінде бір-бірінен айырмашылығы зор болуы мүмкін. Ендігі мақсатымыз – осы зерттеу жобасына қатысып жатқан 30 университетпен бірігіп, қай мәдениет атты алғаш рет қолға үйретті деген сауалға жауап табу. Жылқының үй жануарына айналуы адамзат тарихы үшін орталық рөл ойнайды. Ал, біз 2019 жылы оның неден басталғанын түсіне алмай келеміз", – дейді Людовик Орландо.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу