Төтенше жағдайдан кейін өміріміз қалай өзгереді?

15442

Президент жоспарын жариялады. 

Төтенше жағдайдан кейін өміріміз қалай өзгереді? Фото: Серікжан Қобыланбаев

Төтенше жағдайдан қалай шығамыз? Дағдарысты қалай еңсереміз? Шектеулердің қайсысы күшінде қалады? Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселелерге қатысты нақты ақпарат берді.

"Бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс"

Елімізде коронавируске байналысты жарияланған  төтенше жағдай режимі аяқталғанымен,  мемлекеттік комиссия жұмысын тоқтатпайды. Енді комиссия мүшелері экономикалық өсімді қалпына келтіруге күш салатын болады. Әуелі Президент осындай мәселеге тоқталды.

"Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады", - деді ол комиссияның қорытынды отырысында. 

Мемлекет басшысы төтенше жағдайы режимінің алынуы қандай шектеулерді жоятынын да атады. 

"Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады. Көптеген шектеулер алынып тасталды. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев жеке ксіпорын жұмысшыларының жұмыс тәртібіне де тоқталды.

"Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды, - деді Президент. 

Ауылға 6 пайыздық несие

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқын дағдарыстан кейінгі кезеңде қолдау шараларын дайындауды тапсырды. 

"Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ олардың өнімін сауда нысандары мен қайта өңдеуші кәсіпорындар ресми түрде сатып алмайды. Мемлекет олардан салық алмайды, ондағы жұмыскерлер әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған. Үкіметке "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп ауылдағы кооперациялық тізбекті дамыту бойынша бірнеше өлкеде "алқаптан сөреге дейін"  ілкі жобасын ұсынуды тапсырамын. Кейін жобаның ауқымын кеңейтіп, 2021 жыдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама етіп дайындауға болады. Аталмыш бағдарламаны іске асыру барысында "ҚазАгро"  мен "Даму" қорының тетіктері арқылы 6%-дық несие беру қолданылады. Сондай-ақ, тұрақты сатып алу және саудалау жүйесін жолға қойып, бағдарламаға қатысушылардың аграрлық білім-білігін жетілдіру, оқыту жүйесін іске қосқан жөн. Бұл 2 миллионға жуық ауылдықтың табысын арттырып, отандық ауылшаруашылық кәсіпорындардың шикізат жүктемесін 53-тен  70%-ға өсіреді және әлеуметтік маңызды өнімдерді импортын азайтады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

"Прогрессивті шкала – әлеуметтік әлдіктің кепілі"

Еңбекақысы төмен азаматтар айлығы жоғары азаматтарға қарағанда салықты аз төлеуі керек. Президент Үкіметке табыс салығының прогерссивті шкаласын енгізуді тапсырды. 

"Әлеуметтік әділет жолында еңбекақы мен өзге де табыс түрлеріне қатысты табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мәселесін пысықтайтын кез жетті. Шкаланың мәні еңбекақысы аз азаматтар аз салық төлеп, айлығы жоғары қызметкерлер төлейтін салықтың көбейетінінде. Біздің басты мақсатымыз – еңбекақының жасырын әрі төмен сегментін жаппай көлеңкеден шығару. Егер олардың мөлшерлемесі азайса, айлықты конвертпен төлеудің де мәні қалмайды. Халықты табысы түскен кезеңде азамттардың борыш жүктемесі ауырлап кетпес үшін тұтынушылық несиелерге мониторинг жүргізуді жалғастырған жөн. Қаржы нарығын реттеу агенттігі проблемалық несиесі бар борышкерлерді оңалту мүмкіндіктерін қарастырсын. Сондай-ақ, борыш сыйақысының мөлшерлемесін қарыз алушының санаты мен өнім сипатына қарай қайта қарау тәсілдерін есептеу керек.  Азаматтардың мүддесін қорғау үшін банктен тыс кредиттік ұйымдарды бақылау күшейтіліп, келесі жылдан бастап шағын несие берушілердің қызметін лицензиялаудың маңызы зор", – деді мемлекет басшысы. 

"Отбасы банк" және "5-10-20"

Зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсау бастамасы бойынша нақты қадам қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді.  "Баспана кезегіндегілердің проблемасын шешу үшін несиелік баспанамен қамтуға бағытталған "5-10-20" атты жаңа бағдарламаны іске қосуды тапсырамын. Бұл мақсатқа дағдарысқа қарсы шаралар қаражатынан 390 млрд теңге бағыттаймыз. Биыл рекордтық мөлшерде 15 млн шаршы метр баспана немесе 150 мың пәтер қолданысқа беріледі. Азаматтарымыздың тұрғын-үй ахуалын жақсартуды жалғастыру маңызды. Негізі бұл Үкімет жұмысының стратегиялық бағыттарының бірі. Ол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту қажет. Үкіметке жыл аяғына дейін "ТҚЖБ"АҚ негізінде "Отбасы банк" толыққанды дамыту және қолдау институтын құрып, баспана үлестіруге орталықтандырылған есеп жүргізу қажет.  Азаматтардың  өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқартуға жұмсауы бұл саладағы қайта құрылымдаудың жалғасы болауға тиіс. Мен бұған дейін осындай тапсырма берген болатынмын, бірақ ТЖ режиміне байланысты оның талқылануы ұзаққа созылып кетті. Енді шешім қабылдайтын кез жетті. Үкімет 1 шілдеге дейін өз нұсқаларын анықтауы керек", – деді Президент. 

42500 теңге алу үшін БЖТ төлеген адамдар мемлекет назарынан тыс қалмауы керек. Әкімдерге бұл санаттағы азамттарды жіті назарға алумтапсырылды. 

"Жаңа әлеуметтік өтемақыны алу үшін БЖТ төлеу шарт болды. Олардың 40%-ы бірінші рет БЖТ төлеген. Бұл шынымен мемлекеттің қолдауына мұқтаж жандар. Оларды барынша экономикаға қатыстыру қажет. Бұл адамдардың қайтадан көлеңкеге кетіп, проблемасымен жеке қалуына жол беруге болмайды. Өйткені ресми жұмыс істеп, салық төлеген азаматтар ғана лайықты зейнетақы мен қиын жағдайда мемлекет қолдауына арқа сүйейтін болады. Сондықтан жұмыссыздармен бірге дәл осы азаматтар Үкімет пен әкімдердің жіті назарына алынуы керек. Нарықтық экономика аясында уақытша жұмыс жоғалту кез келгеннің басынан өтуі мүмкін. Осыған байланысты Үкіметке еңбек биржасында тіркелу шарттарын барынша жеңілдету керек. Процедуралар мен жұмыссыз мәртебесі мен өтемақы алу уақытын қысқарту қажет", – деді мемлекет басшысы. 

"Өкінішке қарай, бүкіл әлемдегідей, бізге де барлық кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтап қалу, әр бизнестің тұрақтылығын сақтау қиын болып тұр. Сондықтан режим кезінде барынша зардап шеккен экономика секторы үшін төтенше жағдай енгізу форс-мажорлық жағдай болғанын нормативті түрде мойындау керек. Жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнес өкілдері сотқа жүгінген жағдайда төтенше жағдай режимін форс-мажорлық жағдай ретінде танылуы қажет. Осынау күрделі кезеңде жұмысын тоқтатпаған кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін қолдап, жеке мүлік пен бәсекелестікті қорғаудың маңызы зор. Жауапсыз кредиторлардың тарапынан қысым күшеймес үшін, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкрот процестерін 1 қазанға дейін тоқтатуды тапсырамын" – деді Президент қасым-Жомарт Тоқаев.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу